САУЫСҚАНДЫҚ ШАТҚАЛЫНДА: САН ҚЫРЛЫ СУРЕТТЕР
Жақында «Жастар ресурстық орталығы» КММ-сі және «Салауатты өмір салтын насихаттау және жастар шығармашылығын дамыту» әлеуметтік жобасының ұйымдастыруымен аудандағы жұмыссыз, волонтер, белсенді және өзін-өзі жұмыспен қамтыған, жас мемлекеттік қызметкер жастардың қатысуымен Қаратау етегіндегі тарихи орын, біздің заманымызға дейінгі ІІ мың жылдық тарихы бар Сауысқандық шатқалындағы жартастардағы бейнелер, петроглифтерге танымдық экскурсия жасалды.
Экскурсия барысында Нартай Бекежановтың мемориалдық өнер музейінің қор сақтаушысы Нұрдәулет Досболұлы жастарға Қаратау жартастарындағы сызбалар сан түрлі тәсілдермен қашалған бейнелер турасында баяндады. Тас ғасырдан кейінгі кезеңде сана иелері өздерінің тыныс-тіршілігі жайында тасқа қашап бейнелеуді дұрыс көрген. Онда шаруашылық, тұрмыс-салт пен жол-жоралғы, дүниетаным тасқа басылған. Ең негізгі көріністер тіршілік иелерінің аңшылық пен балықшылық секілді кәсіптерге қатысты екені көзге көрінді. «Қарт Қаратау, сұлу сыр, Қойнауы толған ән мен жыр» деген Манап Көкеновтің жыршумақтарында талай шындық жатқаны мәлім. Яғни, бұл Қаратаудың қойнауында әлі де қаузалмаған құпиялар көп-ақ. Солардың бірі – таңбалы тастардың тарихы. Әсілінде Қаратауда 10 мыңға жуық петероглифтер бар делінеді. Айта кетейік, петроглифтер ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұрасының алдын ала тізіміне енгізілген. Алайда аталған тарихи нысанға мамандар әлі де болса кешенді зерттеу жұмыстарын жүргізу керек дейді. Тарихи-танымдық экскурсияға келген жастардың қуанышында шек жоқ. Олар үшін туған жердің қатпарлы тарихын қазбалау, әр сәтін дәріптеу азаматтық парызы. – Осындай тағылымы мол шараға қатысып, тарихи жерге келгеніме дән ризамын. Көптеген мағлұматтар алдым. Білмейтініміз көп екен. Қаратау етегіндегі Сауысқандық шатқалы Шиелі ауданы, Еңбекші ауылынан 50 шақырым қашықтықта орналасқан. Аумағы 500 гектарды құрайды. Тас және қола дәуірінің мәдениетінен көрініс беретін суреттерді ғалымдар Сыр өңіріндегі бейнелеу өнерінің бастауы деп бағамдайды. Қола дәуіріндегі тайпалардың дүние танымы табиғатқа түгелдей тәуелді болған деседі. Жартастағы бейнелерді көріп терең ойға кенелесіз. Жалпы Сауысқандық шатқалындағы бейнелер антропоморфтық фигуралар болып табылады. Бұл жерден маралды, түйені, арқарды, арбаға мініп аң аулаған адамдарды және де бұғыларды байқауға болады. Ғалымдар бұл бейнелерді әйгілі таңбалы тастардағы бейнелерден кем түспейді деген пікір айтады, – деді жас волонтер Арай Жақыпқызы. Сонымен қатар жартастағы суреттер Сауысқандық, Бала Сауысқандық тауларының солтүстік, солтүстік-шығыс, солтүстік-батыс беткейлерінде, Күркіреуіктің оң жағалауындағы қыратта және Сауысқандық өзенінің оң жағалауында орналасқан. Үлкен Сауысқандық және бала Сауысқандық тауларының аралығында орналасқан петроглифтерді шартты түрде 5 топқа бөліп қарастыруға болады. Экскурсияда Қаратау петроглифтерінің мерзімдік ерекшеліктері ежелгі қола дәуірінен бастап ортағасырлық қазіргі этнографиялық кезеңдерге дейін созылып жатқандығы таныстырылып, ақпарат ретінде айтылды. Сондай-ақ көнеден қалған ескерткіштің құндылығына қарап, «Қаратау – адамзаттың тас бесігі» деп тұжырым жасауға толықтай негіз бар. Байырғы бабалар «Тозған ел тарихын жаспен жазады, озған ел тарихын таспен жазады» деп те бағамдаған. Ендігіде осындай қалыбы бұзылмаған құндылықтарды жоғалтпай оны насихаттау, аманаттау бүгінгі сіз бен біздің асыл парызымыз. Міне, ұйымдастырылған тарихи-танымдық экскурсияда соның дәлелі.
Айнұр ИБРАШ