ХАЛЫҚТЫҢ БАСЫМ БӨЛІГІ АЭС ҚҰРЫЛЫСЫН ҚОЛДАДЫ
Қазақстанда АЭС салу мәселесі бойынша өткен республикалық референдумның exit-poll нәтижесі жарияланды. Ресми мәліметке сәйкес, референдумға қатысуға құқығы бар Қазақстан Республикасы азаматтарының жалпы саны 12 миллион 284 мың 487 адам. Дауыс беруге қатысқандар саны 7 миллион 820 мың 204 адамды немесе референдумға қатысуға құқығы бар азаматтар санының 63,66% құрады. Референдумға шығарылған мәселені оң шешуге дауыс берген азаматтардың саны 5 миллион 561 мың 937 адамды немесе 71,12% болды. Қазақстанның шет елдердегі мекемелері жанынан 59 мемлекетте 74 учаскелік референдум комиссиясы құрылған еді. Шетелде дауыс беретін сайлаушылардың жалпы саны – 12 307. Олардың 7 мыңнан астамы референдумға қатысқан. Референдумда Қызылорда облысының халқы ерекше белсенділік танытқаны белгілі болды. Облыста дауыс берушілердің 82 пайызы таңдау жасады. Шиеліліктер де маңызды шешім қабылдауда қалыс қалмады. Учаскелер ашылған сәттен бастап ұжымдастарымен, отбасымен келіп, өз таңдауларын жасады. Дауыс беруге келген азаматтарға сыйлықтардан бөлек, учаске аумағына қойылған шатырлар мен киіз үйлерде ұлттық дәмдер ұсынылды. Сондай-ақ референдум учаскелерінде ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылып, дауыс берушілер арасында қол күрес, гір тасын көтеру секілді спорттық сайыстардан бақ сынады. Ұлттық спорт ойындары азаматтардың белсенділігін арттырып, референдумды мерекелік көңіл-күймен өткізуге ықпал еткен. Референдумға алғашқылардың бірі болып, 100 жастағы тыл ардагері Әділхан Османов немересімен бірге келді. Ғасыр жасаған қария дауыс беру арқылы елдің тағдырына бейжай қарамайтынын көрсетті. Әрі еліміздің әрдайым еңсесі биік, босағасы берік болуын тілеп отыратынын айтты. Сонымен қатар бір шаңырақ астында тұратын Ержановтар әулетінің жеті келіні енелерімен бірге ұлттық нақышта киініп келіп, өз дауыстарын берді. Отанасы тәттіден шашу шашты. Осылайша ынтымағы жарасқан әулет көпшілікке үлгі көрсетті. Аудан көкпаршылары да алаңдағы жаттығудан соң референдумға қарай асықты. Атқа қонған азаматтар ел үшін маңызды сәттен қалыс қалған жоқ. Жалпы ауданда 40 референдум учаскесінде 49 мың 185 сайлаушы өз таңдауын жасауға құқықылы. АЭС салу бойынша жалпыхалықтық референдум барысында дауыс берген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандық БАҚ өкілдері үшін арнайы брифинг өткізді. Брифинг барысында «Egemen Qazaqstan» газетінің Саясат және құқық бөлімінің меңгерушісі Орынбек Пазылов Президентке «Халықаралық пәндік олимпиадада жеңімпаз атанған дарынды оқушыларға қолдау көрсеткен едіңіз. Жас шахматшылардың әрбір қадамын да назарда ұстап, қолдап келе жатқаныңызды білеміз. Мұндай қадамның астарында қандай мән бар?» деген сауал қойды. «Мәні терең. Себебі мен жастарды қолдаймын. Мұны үнемі айтып келемін. Мемлекетіміздің келешегі – жастардың қолында. Ол жәй ұран емес. Бұл – біздің басты саясатымыз. Сондықтан келешекте де біз жастарды қолдаймыз. Оларға жәрдем береміз. Әсіресе, дарынды жастарды қолдауымыз керек. Кеше ғана мұғалімдерге, ұстаздарға марапат табыстадым. Өз сөзімде мұғалімдер бұл қоғамымыздың озық тұлғалары екенін айттым. Олар дарынды жастарға білім беріп жатыр. Сондықтан жастарды да, оларды оқытып жатқан мұғалімдерді де мемлекет қолдайды. Сонымен қатар мен кеше ғана ұстаздар қоғамымыздың басты кейіпкері болуы керек екенін айттым. Сондықтан оларға жәрдем беріп, ұстаздардың беделін, қоғамдағы мәртебесін көтереміз», деді Президент.
АЭС салуды қолдау жөніндегі халықтық штаб отырысында Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов: – Референдум қорытындысы – қоғамдағы көңілкүйдің нақты көрінісі. Халықтық штаб барлық өңірге барып, мыңдаған кездесу өткізді. Соның барысында жалпы қоғам ел болашағы үшін АЭС салудың маңызын түсініп отырғанына көз жеткізді. Кәсіпкерлер, шаруалар, кеншілер, жұмысшылар, жастар, мұғалімдер, дәрігерлер және басқалар да экономикасы дамыған елде өмір сүргісі келеді. Олардың барлығы мұның кілті энергетикалық тәуелсіздік екенін және бұл үшін АЭС салу қажет екенін жақсы түсінеді. Бейбіт атом – инновациялық тұрғыда сенімді, қауіпсіз, экологиялық таза энергия көзі. Бұл – ғылымда, техникада, өндірісте, ауыл шаруашылығында және өзге де көптеген салада көкжиегімізді кеңейтетін әлемдік тренд. Осылайша, халық өз таңдауын жасады. Барша қазақстандықты еліміздің жаңа тарихында ерекше болатын осы айтулы оқиғамен шын жүректен құттықтаймын. Халықтық штабтың барлық мүшелеріне – саяси партиялардың, қоғамдық бірлестіктердің, кәсіподақтар мен қауымдастықтардың өкілдеріне алғыс айтқым келеді. Сіздер азаматтарымыздың игілігі үшін аса маңызды істер атқардыңыздар! – деді. АЭС құрылысы бір жылдық белес емес. Ол – циклдік кезең-кезеңмен жүзеге асырылатын ұзақмерзімді жоба. Бұл – Тәуелсіз Қазақстанның бүкіл тарихындағы ең ірі құрылыстың бірі. Ал оның пайдасын қазіргі жастар мен болашақ ұрпақ көрмек.Гүлхан СӘБИТҚЫЗЫ