Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖАҚАЕВ САЯБАҒЫН ХАЛЫҚ ИГІЛІГІНЕ БЕРЕТІН КЕЗ КЕЛДІ

ЖАҚАЕВ САЯБАҒЫН ХАЛЫҚ ИГІЛІГІНЕ БЕРЕТІН КЕЗ КЕЛДІ

Бұл саябақты бірді-екілі ауданның шаралары өткен кезінде көргенім болмаса, тыныс-тіршілігін білмеуші едім. Биыл бұрынғы аудан әкімі Нұржан Ахатов 24 наурыз күні Жақаев саябағына басшылық жасауды маған тапсырды.
3 мамыр күні тендерден осы саябақтың жұмыстарын жеңіп алған Нұржан деген азамат келгенше саябаққа мен басшылық жасадым. Осы уақыт аралығында байқағаным саябақ тіптен тозып кеткен екен.
Жалпы аумағы – 10 гектар, салынған жылы – 2010 жыл.
Егілген ағаштар көптен су ішпегендіктен 30 пайызы қурап, арасын шеңгел, қамыс басып, су келетін арықтар көміліп қалған. Адамдар жүретін тротуарлар қираған, жарық беретін шамдар сынған ішінара бағаналары құлаған, субұрқақтарының аты ғана қалған. Бір сөзбен айтқанда, тозығы жеткен көріністі көрдім. Аудан әкімі аманаттаған соң саябақты екі-үш күн аралап зерттедім. Соның нәтижесінде төмендегі жұмыстар істеленуі керек деп шештім:
1. Егілген ағаштардың арасын шеңгелден, арамшөптерден тазалап, ескі су келетін арықтарды қалыпқа келтіру.
2. Қураған ағаштарды қырқып алып, шығарып тастау.
3. Саябақтың сыртына су келіп тұрған каналдан жаңадан арықтар салу.
4. Жаңадан көшеттер егу.
Бірінші мәселе бойынша бүкіл Шиелі ауданының мекемелері, ауыл-ауылдың халқы кезек-кезек саябаққа келіп, асарлатып 40 күн бойы тазалап шықты.
Екінші мәселе бойынша орман шаруашылығы қызметкерлері қураған ағаштарды қырқып шығарып тастады.
Үшінші мәселе бойынша саябақта жанына су келіп тұрған каналдан тендерден жеңіп алған азаматтың техникасын пайдаланып, үш арық салдырып алдым.
Төртінші мәселе бойынша көпшіліктің көмегімен 100 түп клен, 100 түп жылауық тал, 100 түп шие егілді.
Салынғанына бірнеше жыл болса да саябақта бір штаттың болмауы мені қатты таңғалдырды. Жылда көктемде тендерден бір азамат жеңіп алып, 4-5 ай білгенін істеп күз айында Аллаға тапсырып кетеді екен. Келесі жылдың көктеміне ешкім ат ізін салмайтын сияқты көрінді маған. Неге олай екені түсініксіз. Атағы әлемге әйгілі Жақаев атамыздың саябағының мүшкіл халі адамның намысына тиеді екен.
Шиелі кенті аумағында тұрғындар демалатын бір саябақ жоқ. Неге осы саябақты бірді-екілі ауданның шаралары кезінде ғана есігін ашпай, көрікті орынға айналдырмасқа?
Қасымыздағы төскейде жолымыз, төсекте басымыз қосылып жатқан көршіміз Жаңақорған ауданының бір азаматы өзінің жеке қаражатына саябақты жөндеп, халық игілігіне табыстады. Бізде де осындай жомарт азаматтар жоқ емес.
Жеке бір азаматтың қолынан келмесе атынан ат үркетін №6 кен басқармасы, геологиялық барлау партиясы (ГРП -23), Сұңқар логистик мекемелері, сонымен қатар Ақмая, Төңкеріс, Алтын дән Шиелі т.б. шаруашылықтары бар емес пе? Менің ойым жоғары да аты аталған мекемелер, шаруашылықтар қаражат шығарып, саябақты күрделі жөндеуден өткізіп берсе, нұр үстіне нұр болар еді.
Адамдар қызығып келуі үшін балалар ойнайтын алаңқайлар, неше түрлі карусельдер, субұрқақтар іске қосылып, т.б. саябаққа қажетті құрылыстар салынуы тиіс.
Осы жұмыстар аяқталғанға дейін кент әкімдігі саябаққа қажетті штат бірлігін шешулері қажет.
Қазақ халқында «Саусақ бірікпей, ине ілікпейді» деген нақыл сөз бар.
Құрметті жерлестер!
Бірлігімізді көрсетіп, Жақаев атамыздың саябағын атына затын сай қылып, күрделі жөндеуден өткізіп, есігін айқара ашып аудан халқы емін-еркін демалатын жан тәніне ем алатын көрікті, сүйікті, жасыл желекті орынға айналдырайық. Бұл сауап жұмыс біздің азаматтардың қолынан келетініне мен кәміл сенемін.

Әлияр СЕЙІТОВ,
су саласының үздігі,
еңбек ардагері,
«Шиелісушар» өндірістік учаскесі ардагерлер кеңесінің төрағасы
26 қыркүйек 2024 ж. 195 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930