Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ САНАҒЫ НЕ ҮШІН КЕРЕК?

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ САНАҒЫ НЕ ҮШІН КЕРЕК?

Ұлттық санақ дегенде көз алдымызға халық санағы келеді. Бірақ елімізде ауыл шаруашылығына да ұлттық санақ жүргізіледі. Елімізде мұндай тәжірибе соңғы рет 15 жыл бұрын болған. Тәуелсіздік алғалы бір рет қана, 2006-2007 жылдары жүргізіліпті. Ауыл шаруашылығы санағы мындаған жыл бойы мал шаруашылығымен айналысқан халқымыз үшін қажет дүние. Ендеше, үздіксіз дамып, көкжиегін кеңге жайып келе жатқан аграрлық саланың есеп-қисабын тағы бір түгендеп қоятын кез жетті.
Осыны ескерген Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Қазақстанда ауыл шаруашылығы санағын өткізу қажеттігін айтып, оған дайындықты биыл бастауды тапсырған еді. Көп ұзамай ұлттық статистика бюросы 2025 жылы Қазақстанда ұлттық ауыл шаруашылығы санағы өтетінін хабарлады. Санақты өткізу туралы Үкімет қаулысының жобасы мен шараның жоспары Ашық НҚА порталында жарияланды.
Әдістемені тексеру мақсатында биыл елімізде тамыз айында пилоттық жоба іске қосылады. Жоба аясында малы мен құсы бар заңды тұлғалар, шаруа қожалықтары, қалалық жерлердегі саяжай тұрғындары арасында санақ өткізіледі. Сауалнама барысында тұрғындар мал басының, ауыл шаруашылығына байланысты әртүрлі құрылыстар, техникалар сонымен қатар егіс алқабындағы дақылдар жайлы мәлімет беруі тиіс. Айта кетейік оны құжат түрінде растау қажет емес. Жалпы ауыл шаруашылығы санағының мақсаты қандай? Нақты не нәрселер есепке алынады? Халыққа түсінікті болу үшін осы сауалдарды аудандық статистика бөлімінің басшысы Алтынкүл Қожамжароваға қойған едік.
– Пилоттық ауыл шаруашылығы санағы биыл 20 тамыздан басталып 30 қыркүйекке дейін жүргізіледі. Ал негізгі кезең 2025 жылы 1-31 тамыз аралығында интернет желісі арқылы онлайн режимде яғни веб портал, «sanaq.gov.kz» сайтында қолжетімді, халық ерікті түрде тапсыра алады, 20 қыркүйек пен 20 қазан аралығында планшетті пайдаланып елді мекендерді аралау арқылы жүреді. Бірақ оған дейін әр өңірде пилоттық негізде тізімделеді. Айта кетейік, жұмыс жалпы үш кезеңнен тұрады. Басты мақсат – аграрлық сектордың дамуына болжам жасау және ауыл шаруашылығы саласының қазіргі шынайы жағдайы туралы толыққанды ақпарат алуды көздейді. Бір жағынан пилоттық жоба арқылы санақ әдісін, ақпараттық жүйелерді сынақтан өткізіп, интернет пен әкімшілік деректердің сапасын бағалауға да кең мүмкіндік туғалы отыр, – дейді бөлім басшысы.
Осы санақтың нәтижесінде ауыл шаруашылығы саласының жай-күйінің егжей-тегжейлі және обьективті бейнесі алынады. Елдің азық-түлік ресурстарын қалыптастыратын тауар өндірушілердің мәліметтері тіркеледі. Әрбір санатының рөлі туралы толық деректер белгіленеді.
– Санақ объектілеріне жер және егістік алқабы, жануарлар мен құстардың саны, ауыл шаруашылығы машиналары мен жабдықтары, сондай-ақ мал шаруашылығы кешендері, құс фабрикалары, өндірістік ғимараттар, жануарлар мен құстарды ұстауға арналған үй-жай кіреді. Кез келген адам «sanaq.gov.kz» сайтында арнайы құжатты толтырып, қатыса алады. Биыл тек пилоттық жоба болғандықтан, дайындық барысы ғана тексеріледі.
Ал келесі жылы ауқымды деңгейде мал саны түгенделеді. Бұл ауыл шаруашылығы саласын оңтайландыруға және бюджет қаражатын жоспарлауға септігін тигізбек. Санақты жүргізген кезде орталық және жергілікті атқарушы органдардың қызметін үйлестіру арнайы құрылған комиссияға жүктеледі, – деді А.Қожамжарова.
Жалпы, қазақтың тарихында 4 рет ауыл шаруашылық санағы жүргізілген. Алғашқысы – 1916 жылы өтті. Одан кейінгісі – 1917 жылы, ал үшіншісі – 1920 жылы жүргізілген. Бұл санақтар туралы мәлімет өте аз. Себебі, өте қарабайыр әдіс қолданылған, әрі жиналған мәлімет өңделмеген. Сондықтан ғылыми айналымға ене қоймаған. Тәуелсіздік алғаннан бері елімізде бір рет ауыл шаруашылығы санағы бір рет қана өтті. Оның өзі 15 жыл алдын 2006-2007 жылдары. Санақта ауыл шаруашылық тауар өндірушілер мен өңірлер бойынша ауыл шаруашылық техника саны туралы мәлімет келтірілген. Сондай-ақ, мал және егін шаруашылығы бойынша статистикалық мәлімет толық берілген. Әсіресе, мал санынан бөлек олар қалай бөлінгені туралы, яғни ол кімнің қолында екені көрсетіледі.

Гүлхан ЯХИЯ
17 қыркүйек 2024 ж. 81 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930