БАСТЫ МАҚСАТ – САЙЛАУДЫ АШЫҚ ӘРІ ӘДІЛ ӨТКІЗУ
15 қыркүйек – аудан халқы үшін маңызды да тарихи күн. Себебі бұл күні Шиелі ауданы әкімінің сайлауы өтпек. Осы тұста сайлауға дайындық жұмыстары, саяси науқанның ерекшелігі мен маңызы туралы аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Молдабай Оразбекұлымен сұхбат ұйымдастырған едік.
– Молдабай Оразбекұлы, санаулы күннен соң аудан әкімінің сайлауы өтеді. Дәл қазір сайлау учаскелерінде қандай жұмыстар жасалып жатыр?
– Иә, Президент реформалардың бірі ретінде бұрын ауыл әкімдері тікелей сайланып келсе, енді аудан әкімдері де халықтың қалауымен сайланатын болды. Оны жақында Мемлекет басшысы жаңа Жолдауында да айрықша атап өтті.
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 14-бабының 8-1) тармақшасына, 113-1-бабының 1-тармағы 3 тармашасы, 113-3-бабының 5-тармағына және 113-5-бабының 14-тармағына сәйкес Шиелі аудандық сайлау комиссиясы 1 тамыз 2024 жылы №АСК-24/61 санды қаулысымен 15 қыркүйекте аудан әкімінің сайлауын тағайындаған болатын. Сайлау күнтізбелік жоспар аясында ұйымдастырылады. Қазір кандидаттар үгіт кезеңдерін жүргізуде. Учаскелер сайлаушылар тізімімен жұмыс жүргізіп, тұрғындарды ақпараттандыруда.
Сайлау учаскелерінің жұмысы 26 тамыздан басталды. Бүгінгі күнге барлық сайлау учаскелері жергілікті әкімдік тарапынан толық жабдықталды.
– Учаскелердің талапқа сай жабдықталу мәселесі өзекті екенін жақсы білеміз. Бұл тұрғыда қандай да бір мәселе бар ма?
– Әрине, учаскелердің дайындығы жоғары болуы керек. Себебі әрбір сайлаушының дауысы маңызды. Жоғарыда айтып өткенімдей, барлық сайлау учаскесі сайлауды өз дәрежесінде өткізуге дайын. Барлық сайлау учаскесінің 88 пайыз мүшесі бұрыннан сайлау өткізіп келе жатқан тәжірибелі мамандар. Олардың барлығы да Қызылорда облысының аумақтық сайлау комиссиясы мүшелерінің арнайы оқытуынан өткен. Практикалық кейстерді талдап, ситуациялық жағдайларда сайлау заңдылығын сақтауға қажетті білімдері бар.
– Сайлауға қанша кандидат құжат тапсырып үлгерді? Олардың білім деңгейі, мамандығына қатысты талдау жүргізіледі ме?
– Сайлауға 3 кандидат құжат өткізді. Оның 2-і өзін-өзі ұсынған, 1-і саяси партия атынан түсті. Барлығы да ер азаматтар. Кандидаттардың орташа жасы – 46 жасты құрайды.
Барлық үміткер кандидатқа қойылатын біліктілік талапқа сәйкес, білімдері жоғары. Олардың аты-жөні біздің әкімдіктің сайтындағы «Сайлау» бөлімінде орналасқан. Сонымен қатар олардың халықпен кездесу кестелері мен сайлауалды бағдарламалары барлығы да БАҚ-қа жарияланды.
– Халық арасында сайлауды өткізіп не керек, бәрі бір «Amanat» ұсынған үміткер сайланады деген пікір бар. Бұған не дейсіз?..
– Сайлау – бұл таңдау еркі. Қанша адам бар болса, сонша пікір болатыны заңдылық. Бұл жерде партия немесе өзін-өзі ұсынған азаматтың бәсі жоғары деп, кесіп айтуға болмайды. Халық өзі шешеді. Дегенмен соңғы жылдары өзін-өзі ұсынған азаматтардың қатары артып келеді.
Әрине, бұл жерде мәселе партияда емес, азаматтың өзінде. Халық өзі қалаған кандидатқа дауыс береді. Басым дауыс алған азаматқа біз сайлау қорытындысына сәйкес әкім куәлігін табыстаймыз.
– Соңғы рет өткен жылы ғана аудан әкімінің сайлауы өткенін білеміз. Тәжірибе бар. Десе де комиссия мүшелері арнайы біліктілік курстарынан өте ме?
– Әрине, жоғарыда атап өттім. Қызылорда облысының аумақтық сайлау комиссиясының мүшелері жақында келіп оқыту өткізді. Төраға, төраға орынбасарлары, хатшылар арнайы оқып, білімдерін жетілдірді. Әрі қарай олар каскад әдісімен қалған комиссия мүшелерін оқытуда. Сондықтан оқыту үзіліссіз жүргізілуде. Білім деңгейі бойынша арнайы тест те алып тұрамыз.
– Бұл саяси науқанда жұмыс күші қалай болады? Қанша адам қызмет көрсетеді?
– Аумақтық сайлау комиссиясы және 40 сайлау учаскесі толық жұмыс істейді. Учаскеде 270-тен аса комиссия мүшесі қызмет атқарады. Сонымен бірге біз сарапшылардың да қызметін пайдаланамыз. Бұл ретте жергілікті әкімдіктер, құқық қорғау органдарының өкілдерімен де бірлескен жұмыстарымыз бар.
– Сайлаушылардың шамамен қаншасы белсенді қатысуы мүмкін? Болжам бар ма? Жалпы бұл науқанға халықтың қызығушылығы қалай болып жатыр?
– Аудан бойынша 50 701 сайлаушы тіркелген. Олардың әрқайсысына шақыру қағаздары қағаз және электронды форматта таратылды. Сайлауға қатысу – әркімнің өз еркі және таңдауы. Бұл ретте қанша адам келеді деген ақпаратқа жауап айту қисынға келмейді.
Әрине, сайлау жүйесіндегі 30 жылдық тәжірибеме сүйенсем, аудан халқының маңызды науқанда ауызбіршілігі жоғары және сайлауға ерекше белсенділікпен келеді.
Қазір сайлаушылар үшін saylau.orda.gov.kz яғни «Өзіңді сайлаушылар тізімінен тексер» атты платформа жұмыс істеп тұр. Мұнда әрбір сайлаушы өзінің ЖСН теру арқылы өз учаскесін және оған баратын жолды көре алады. Бұл қолжетімді платформа азаматтардың учаскелерін оңай табу үшін жасалуда.
Біз үшін әрбір азаматтың үні, яғни дауысы маңызды. Аудан халқы үшін ерекше маңызға ие сайлау науқанына дайынбыз. Осы аптаның жексенбісі шиелілік азаматтарымыз аудан әкімі болуға үмітті азаматты таңдап, ел игілігі үшін үшін үлес қосады.
Сұхбаттасқан
Гүлхан ЯХИЯ