Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ТӘРБИЕ ТҮЗЕЛМЕЙ, ҚЫЛМЫС АЗАЙМАЙДЫ

ТӘРБИЕ ТҮЗЕЛМЕЙ, ҚЫЛМЫС АЗАЙМАЙДЫ

Өкінішке қарай, елімізде жасөспірімдер қылмысы азаймай отыр. Дерекке сүйенсек, жыл сайын орта есеппен 145 мыңнан астам заңбұзушылық тіркеледі екен. Бозбала мен бойжеткендер арасындағы теріс қылықтың көбі ұрып-соғу, ұрлық және өз-өзіне қол салу сияқты фактілерден тұрады.
Мектеп оқушылары арасындағы жат қылықты болдырмау мақсатында кеше ақпараттық түсіндірме тобы №45 «Ақ Орда» мектеп-гимназиясында болды.
– Кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың өсуіне ата-аналардың баланы қараусыз қалдыруы, компьютерлік ойындарға әуестенуі, құқықтық сауаттың төмендігі және жасөспірімдер үшін бос уақытты ұйымдастырудың болмауы себеп болып тұр, – дейді аудандық полиция бөлімінің криминалды полиция бөлімшесінің экстремизмге қарсы іс-қимыл тобының жедел уәкілі Жасұлан Құттыбай.
Қоғамдық пікір бұзық балалар туралы сөз болғанда олардың көбіне «біреуден есесін қайтару мақсатында» немесе «заңнан бейхабар» болуы себепті мұндай әрекеттерге барып жатады дегенге саяды. Ал психологтардың айтуынша, жас жеткіншектердің қылмыс жасауының басты себептерінің бірі отбасылық қарымқатынастың әлсіреуі екен. Яғни баланың немен айналысып, қайда барып жүргеніне ата-ананың назар аудармауы. Сондай-ақ кімдермен жолдас болып жүргені мен баланың әлеуметтік желілерге оңай қол жеткізуі де әсерін тигізіп тұр. Өйткені олар қылмысқа балалықпен, аңғалдықпен ұрынатын көрінеді. Бұл пікірмен облыстық «Қоғамдық келісім» КММ Шиелі аудандық этносаралық сарапшысы Біржан Өтебай да келіседі.
– Қазіргі жасөспірімдердің қылмысқа баруына бірнеше фактор әсер етеді. Бірінші, ата-ананың қарауынан тыс қалған кезде. Екінші, оның ортасы. Не себепті? Өйткені бесіктен белі енді шыққан, оңы мен солын әлі де танып үлгермеген балаларға ненің ақ, ненің қара екенін нұсқайтын ата-ана керек. Сондай-ақ отбасында тәрбиелік бағытта әңгімелер, кездесулер, сөйлесулер жүргізілмегенінің салдары да бар, – деді Б.Өтебай.
Бұған қоса бала жақсы әдетті де, жаман әдетті де, ең алдымен, отбасында көретінін ескерсек, оның тәрбиесіне талбесіктен мән берген жөн.

Г.СӘБИТҚЫЗЫ
09 қыркүйек 2024 ж. 63 0