ЖАҢА ДА ЖАЙЛЫ МЕКТЕП
Конституция күні қарсаңында Иіркөл ауылдық округінде 100 орындық жаңа мектеп ел игілігіне берілді. Заманауи үлгіде салынған №133 білім ордасы аядай ғана ауылдың ажарын ашып тұр.
Аудан ардагерлері мен сала басшылары да осында. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жаңа нысанның ашылу рәсіміне қатысып, тұрғындардың қуанышымен ортақтасты.
– Айтулы мерекелер қарсаңында Сыр өңірінде білім мен тәрбиенің алтын ордасына айналар жаңа мектептің ашылуы жерлестерімізді қуанышқа бөлеп, мерейін асқақтатуда. Білім саласы әрдайым Мемлекет басшысының басты назарында. Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Сапалы білім беру – бәсекеге қабілетті, өркениетті ел болудың кепілі» деп ерекше атап өтті. Шын мәнінде сапалы білім алуға қолайлы жағдай жасау елімізді өрісті өркениетке жетелейді. Президенттің, Үкіметтің ерекше қолдауының арқасында Сыр өңірінде соңғы жылдары байырқалы бастамалар қолға алынып, ауқымды жобалар жүзеге асуда. Осыдан 2 жыл бұрын облысымыздың бюджеті 364 млрд теңге болатын. Қазіргі таңда 733 млрд теңгеден асты. Бұл – ауқымды қаражат. Аймағымыздағы ең өзекті деген мәселелерді шешуге, тұрғындарымыздың өмір сүру сапасын арттыруға, ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға бағытталды. Биыл білім саласына бөлінген қаржы 262 млрд 100 млн теңгеден асты.
Президентіміздің бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында өңірімізде 21 жаңа мектептің құрылысы жүргізілуде. Оның 10-ы осы жылы ел игілігіне пайдалануға берілетін болады. Қалған 11-нің құрылысы келесі жылы толық аяқталып, халық игілігіне ұсынылмақ. Оның біреуі Шиелі ауданында бой көтереді.
Бүгін міне, Шиелі ауданында 988 млн теңгеге 100 орындық мектептің құрылысы аяқталып, ел игілігіне пайдалануға берілгелі тұр. Құрметті ауыл тұрғындары, өткен жылдың сәуір айында Үкімет басшысының орынбасары Алтай Көлгінов Жансейіт ауылына арнайы келіп, халықпен жүздесіп, тұрғындардың көкейінде жүрген мәселені тыңдаған болатын. Ауылдағы апатты жағдайдағы мектептің жай-күйімен танысқан болатын. Ауыл балалары білім алатын білім ордасының мәселесін Үкімет деңгейінде көтерді. Осылайша, апатты жағдайда тұрған мектептің орнына жаңа білім ошағы бой көтеріп, қасиеті мен киесі қатар қонған Сыр өңірі тағы да бір жаңа ғимаратпен толықты. Сіздерді жаңа мектеп ғимаратының ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Алаш қайраткері Міржақып Дулатовтың: «Ұрпағы білімді халықтың – болашағы бұлыңғыр болмайды» деген қанатты сөзі бар. Терең білім мен ерен еңбекті ұштастыратын ұрпақтарымыз көбейе бергей. Жаңа білім ошағынан алдыңғы буынның ізін жалғайтын білімді, талантты шәкірттеріміз көптеп шығады деп сенеміз. Білім ордасынан санасы сергек, ойы ұшқыр, бәсекеге қабілетті оқушыларымыз түлеп ұшсын, – деді облыс әкімі.
Онан соң жаңа мектепті сапалы әрі мерзімінде пайдалануға беруге атсалысқан құрылысшылар мен білім ардагерлері облыс әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды. Мерейлі сәтте дәстүрлі түрде лента қиылып, беттерін әжім көмген ақ жаулықты аналар шашу шашты.
Іргетасы 1979 жылдары қаланған ауылдағы ескі мектеп шын мәнінде апатты жағдайда болатын. Пайдалануға берілгеніне 45 жыл болған білім ошағында 6 сынып бөлмесі, мұғалімдер бөлмесі мен медициналық кабинет бар. Ал асхана мен спорт, акт залдары атымен жоқ. Сонымен, талай жылғы ел тілегі қабыл болып, Жансейітте 100 оқушыға шақталған екі қабатты мектептің құрылысы аяқталды. Нысан құрылысын «СМП Қызылорда» мекемесі жүргізіп, халық игілігіне ұсынды. Құрылысқа республикалық бюджеттен 988 миллион теңге қаржы жұмсалған. Екі қабатты ғимаратта оқушыларға қажеттінің бәрі бар. Ауласы қоршалып, абаттандыру жұмыстары да жасалған. Жаңаның аты жаңа емес пе? Қазіргі заман талабына сай жабдықталған пәндік кабинеттер, спорт, акт залдары, кең де жайлы асхана бәрі де сәулет-сымбатымен көз тартып, еріксіз назарыңды аударады. Осылардың барлығын облыс әкімі мектеп басшысы және басқа да шақырылған меймандармен бірге көріп, аралап шықты.
Жансейіт – қанатын кеңге жайған, ырысы шалқып, берекесі тасыған елді мекендердің бірі. Аудан іргесінде жанбауырласып жатқан ауылдың ауқымы кеңейіп, бүгінде тұрғыны молая түскен. Қазір Жансейіттің өзінде 74 түтін бар. 422 адам тұрады. Бүгінде бойын тіктеп, жаңа ғимараттар салынып жатқанын ескерсек, тұрғындар санының әлі де арта берері күмәнсіз.
С.МАДИЯРОВА