ТІЛ ТАҒДЫРЫНА ҚАМҚОРЛЫҚ – ӘР АДАМНЫҢ МІНДЕТІ
«Ана тілі – халық боп жасағаннан бері жан дүниеміздің айнасы, өсіпөніп түрлене беретін, мәңгі құламайтын бәйтерегі» дейді Жүсіпбек Аймауытов. Иә, қау кезде де күн тәртібінен түспейтін мәселе – ана тілдің бүгіні мен ертеңі. Өйткені ол – ана тіліміз, ұлттық тіл, тәуелсіз Қазақстанның мәртебелі мемлекеттік тілі. Оның бүгінін тұғырлы, ертеңін мығым ету – біздің жауапкершілігіміз.
Қазақ тілі – қоғамда заңмен бекітілген мемлекеттік тіл. Әйтсе де, барлық салада кеңінен қолданылады десек, онда кемшіліктерге көз жұмғанымыз. Егер қоғам азаматтары тілдің мәнін, рөлін түсінсе, онда мемлекеттік тілді жиындарда пайдалану, құжат толтырудан бастап, қызмет көрсету терминалдарын қазақ тілінде сөйлету кезінде кемшіліктер орын алмас еді. Бұл – араздық тудыратын арзан айқай емес, тіл тарихы мен тіл мәртебесіне құрметті талап ету. Тілдің болашағы жайлы ойымызды жинақтасақ, «Егер мемлекеттік тіл кеңінен қолданыс таппай қағажу көрсе, оның ертеңі не болмақ?», «Өз ана тілінің қадірін сезінбеген жан ұлт тілінің сол ұлттың төлқұжаты екенін қалай түсінбек?» деген сауалдар көкейіміззде жатыр. Менің пайымдауымша, қоғамдағы жауапкершілік әр адамның сындарлы ойымен, сауатты пікір тұжырымдауымен, яғни, саналылығымен өлшенеді. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады. Өз ұлтына басқа жұртты қосамын дегендер әуелі сол жұрттың тілін аздыруға тырысады» деп айтқан. Бұған дәлел ретінде бір мысал келтіріп көрелік. XXI ғасыр басында 29 адам қажетсінбеген, тек бір адам ана тілім деп қолданып келген лив тілі. Жалғыздың жүрек соғысы тоқтағанда бұл тіл де ресми түрде өлді. Бұл – қасірет... Осыған жол бермейікші. Тілді сақтау – әр ұлт перзентінің борышы емес пе?! Енді мақаламыздың маңызды тұсына ойыссақ. Қазір көшелердегі зәулім-зәулім дәмхана, тойханалар, дүкендердің атауы басқа тілде жазылған. Сонда өз тіліміз қайда? Барар жерді көлік жүргізушіге амал жоқ «вокзалдың жаны, аурухананың сол жақ беті» деп түсіндіреміз. Себебі дәмхананың атауын білмейміз. Дәмхананың атауы былай тұрсын, жарнаманың өзге тілде сайрап тұр. Сауда орталығындағы дүңгіршектердің маңдайшасына анықтап қарасаңыз менмұңдалаған «Модная женская одежда», «Снимки и сьемки свадебные» т.б. жарнамалар ағылып тұр. Қарап өтесің. Көңілің құлазиды. Жарнама да қоғамдағы тыныс-тіршілік пен қаланың бетбейнесін қалыптастыратын маңызды құрал. Сондықтан мұндағы тіл тазалығын сақтау – біздің міндетіміз. Бұған әрбір азамат бейжай қарамаса екен. Бүгінде аудан орталығында көз сүрінетін аудармалар мен қазақ тілінде жазылған жарнамаларға жиі кездесеміз. Сауда орталықтарын айтпағанда, кейбір мейрамханалар мен дүкендердің қазақ тіліндегі атауы немесе баламасы мүлдем жоқ. Орыс немесе ағылшын, болмаса тіпті өзге тілде де жазылып тұрады. Сондай-ақ көше атауларында да қателіктер кетіп жатады. Осынау жайларды көріп қатты қынжылатынымыз рас. Бұдан ана тілімізге деген қамқорлық, сыйластық қайдан қалыптасады? Ауданның алып тұлғалары – Қ.Әбдешов, Ж.Зермұхамедов ағаларымыз бақилық болғалы тіліміз жетімсіреп қалғандай. Мен Теміржол тораптық райздрав жанынан ашылған «Қазақ тілі» қоғамы төрайымдылығы қызметінде 10 жылдан аса уақыт жұмыс істедім. Сол кездері ел ағалары арнайы тапсырма беріп, кездесулер жиі өткізіліп тұратын. Кездесулердің нәтижесінде аудандағы теміржол, аурухана мен мекемелер түгел қазақ тіліне көшкен еді. Екі ағамыз үздіксіз қызметінің арқасында ана тіліміздің мәртебесін көтеріп кетті. «Ұлттың тілі – ұлттың діні» деп халық даналары айтқандай, ұлтымызды сақтайық. Қасиетті қазақ тілінің мәртебесін көтерейік. Төл тілімізден қашпай, керісінше төрге сүйрейік. Сонда ғана қазақ түндігі берік ел болмақ. Олай болса, іске көшіп маңдайшалар мен жарнамалардағы тілдік нормаға жауапсыз қарамайық.
Маржан СӘДУАҚАСОВА,
«Өскен өңір» газетінің штаттан тыс тілшісі,
«Тұлға тағылымы» журналының меншікті тілшісі,
теміржол тораптық әйелдер кеңесі төрайымы