БІЗ ТАУДАН ДА БИІКПІЗ!
Тілшілік тіршілік үнемі тың ізденісті талап етеді. Себебі ақпараттық технология дамыған сайын журналиске артылар жүк те ауыр. Ақпарат жылдамдығына ілесу үшін жан-жақты болу қоса бар. Қала берді тіл байлығың мен ой-жүйеңді кеңейтпек ниетте түрлі кітапқа көз жүгіртесің. Міне, түнеукүні біздің қолымызға «Біз таудан да биікпіз!» атты су жаңа кітап тиген болатын.
Әкелеріне арналған тартудың алғы сөзінде қызы былай депті: «...Әкеміздің өмірі тұнып тұрған сыр секілді. Әлі есімде, бала кезімде әкемнің құлағында сырға тағатын тесігі барын байқап, қызық көріп неге деп сұрай бергенім... Өзіміз тек Шәкен деп білетін әкеміздің құжаттарының бірінде Шахмардан деген есімін көріп, тағы да балалық таңданысымды жасыра алмағаным... Жауапсыз қалған көп сауалдарымның бірі болып ұмытылған құлағындағы сол тесіктіңсалмақты сыры барын кім білген? Шәкен аталып кетуіне не себеп? Арада қырық жылдан астам уақыт өткен соң, құпиялардың сыр сандығы ашылар деп кім ойлаған?! ...Жылдар жылжып өткен сайын өзі бұл өмірде жоқ әкемізді жаңа қырынан тану үстіндеміз. Таныған сайын, құрметіміз еселене түспек».
Кітапты бір деммен оқып шығып, бір ақиқатқа көз жетті. Шәкен Әбдіманапұлы өмірге қарапайым болып келді де, сол күйі, сол қалпында мәңгілік мекеніне аттаныпты. Атақ пен даңққа, байлық пен мансапқа қызықпады. Еңбегін емді. Алла өлшеп берген ғұмырында механизатор да, есепші де, жүргізуші де, дүкенші де болыпты. Қалтасы жұқа жорналшы болғанын да осы кітаптан білдік. Сонау 70-жылдары аудандық баспасөз беттеріне белсенді түрде мақалаларын, өлеңдерін жариялап тұрыпты. Республикалық «Ара» журналына да түрлі сықақ өлеңдері жарық көрген екен. Ол сонау Ресейдің Кострома қаласында Отан алдындағы азаматтық боры- шын өтеп жүрген шақта анасына «Анама» деген өлең жазып жіберген екен.
Бұл құнды жинақта кейіпкердің ет жақындарының әдемі, жарқын естеліктері топтастырылған. Сонымен қатар оқырманға ой салатын дүниелері де жоқ емес. Ұл-қыздарының әкелерінің көзін көрген жандар- мен кездесіп, тілдесуі оларға шабыт сыйлап, қана бітірген.
Кітапқа «Біз таудан да биікпіз!» деп айдар тағылуының да өзіндік себебі бар. Бірде Шахмардан Әбдіұлы тұңғышы Рахымжан мен қызы Райханды көлігіне отырғызып, ауыл сыртына қарай бағыт алады. Қаратаудың етегі аяқталар тұсындағы Шәулімше шоқысына келіп, екеуін әлгі шоқының басына шығарады. Айналаға бір ауық көз тастап, Табиғат-Ананың кереметіне сүйсінеді. Сол сәтте әкесі балаларына «Қараңдаршы, сендер таудан да биіксіңдер!» деп айтады. Міне, әкенің бір ауыз сөзі мен арманы артында қалған ұрпағына өмірлік жігер сыйлайтын ұран һәм құндылық болып қалды.
Ардақты да асыл әке Шахмардан Әбдіұлы өмірден өткенімен артында із қалды. Рухани із! Қай кезеңде де ұрпақтан ұрпаққа керегі – осынау рухани уыз ғой!
С.БАХТИЯР