ҚОЛӨНЕРГЕ ДЕ ҚОЛДАУ КЕРЕК
Иә, дәл осылай айтуымыздың себебі бар. Кез келген ұлт пен ұлысты бір-бірінен даралайтыны тілі мен ұлттық болмысы, өнері мен мәдениеті, оның ішінде – қолөнері. Қазақ халқы қолөнерімен ерекшеленіп тұрады. Десек те, кейінгі кезде бұл өнер кенжелеп келе жатқанына іштей қынжыласың. Ұлттық құндылықтарымызды ұмытып бара жатқандаймыз. Ертеректе ата-бабамыз тұрмыстық заттардың бәрін қолдан жасады емес пе? Жасап ғана қойған жоқ, онда еліміздің салт-дәстүрін, мәдениетінен хабар беретін айшықты бейнелерді қосты. Осылайша құнды жәдігерге айналды. Қара базарда қолөнер бұйымдары самсап тұрды. Оны қызыға алатындар көп еді.
Тарих парақтарына жүгінер болсақ, XIX ғасырда және XX ғасырдың бас кезінде қазақ халқының қолөнері ішінде киіз үйдің сүйегі мен ағаш өрнектеу, кесте тігу, өрнек тоқу, киіз басу кең өріс алды. Бұл кезде жастарға арнап сәукеле, шашбау, білезік, сырға жасап, оларды түрлі-түстермен әшекейлеу қолөнері де өрістей түсті. Сондай-ақ көшпелі және жартылай көшпелі тұрмыс жағдайында мал шаруашылығы өнімдерін өңдеу маңызды рөл атқарды. Мәселен, әйелдер қой жүнінен жіп иіріп, ал жіптен өрмек тоқып, шекпен-шалбар сияқты сырт киімдер, қоржын және киіз үйдің бауларын дайындаған. Қой жүнінен үйге жабатын түрлі-түрлі киіз басылды. Теріден саба, торсық секілді ыдыстар, аяқ киім, белбеу істелінді. Сүйектен де әртүрлі нәрселер жасалды. Сүйек сәндікке, түрлі бұйымдарды нақыштауға пайдаланылды.
Қазақ халқы өзінің күнкөріс тіршілігіне қажетті үй-жай салуды, киім-кешек тігуді, азық-түлік өндіруді өзінің тұрмыстық кәсібі етіп, оларды күнбе-күнгі тіршілік барысында орынды пайдаланса, әсем бұйымдар жасап, өмірде сән-салтанат та құра білді. Халықтың қолөнеріне әдет-ғұрып жабдықтарымен қатар, аң аулауға, мал өсіруге және егіншілікке қажетті құрал-жабдықтар да кіреді. Киіз үйдің сүйегі, ағаш керует, кебеже, сандық жасап, кілем, сырмақ, алаша, ши, түрлі бау-басқұрлар тоқып, арқан, жіп есіп, көннен және илеулі теріден қайыс, таспа тіліп, өрім өріп, қолдан әр алуан ыдыс-аяқ, адалбақан, асадал, бесік және т. б. көптеген заттарды халық шеберлері, өнерпаздар өз қолдарымен жасады. Десек те, ықылым заманнан бері қазақпен бірге жасасып келе жатқан дәстүрлердің ішінде заман ағымына ілесіп, қолданыстан шығып қалғандары да жоқ емес. Тіпті жоғарыда аталған кейбір қолөнер бұйымдарын қазір кездестіре бермейміз.
Біздің ойымызша, қайта халық қолөнерінің бай мұраларын жинап, сұрыптап, заманға сай лайықты сапа, жаңа әдіспен дамыту керек. Мәселен, жеңіл күпі, саптама етік, түлкі тымақ сияқты ұлттық киімдер малшылар үшін қазір де қажет. Киіз үйдің сүйегі үзік – туырлық, қымыз саба мен ер-тоқым тұрмандары керексіз деп ешкім айта қоймайды. Ал киіз басу ше? Мұның жөні бөлек. Киіз басу дегенде көз алдымызға ақ жаулық таққан әжелер мен қайнаған күйбең тіршілік елестейді. Бұл іспен тек ғана қыз-келіншектер ғана емес, ер кісілер де көмектесіп, ауыл іші азан-қазан болатын. Осылай ұйымдасқан істің арқасында бір ауылдың қандай ауызбіршілік пен татулықта екенін байқайсыз. Қазір текемет төселген үйді де көру қиындау. Себебі жүнді тазалап, түтіп, ұршықпен жіп иіріп, киім тоқитын адамдар бірен саран. Кезінде ата-бабаларымыз төр алдындағы текеметті де, ат тұрманындағы туырлықты да, бас киімнен бастап, аяғындағы шәркейіне дейін, қыз жасауын, ер баланың сауыт ішінен киетін кебенегін де киізден басып тіккен емес пе еді?! Өкінішке қарай, қазіргі таңда Қытайдың аяқ киімін, қырғыз бен түріктің жейде, көйлегін киіп жүрміз. Жалпы, мәдени мұрамыздан айырылу – тарихи тәжірибені, қазақы құндылықтарымызды, ұлттық гено- фондымызды жоғалтумен пара-пар. Осы ретте ұлттық мәдениетімізге көңіл бөліп, оның шығу тегіне, тарихымызбен бүгінгі ұрпақтың сусындауына барынша мән беруге тиіспіз. Ұмыт бола бастаған қолөнерге жаңаша леп беріп, заман ағымына сай етіп түрлі киім мен бұйымдарды неге әзірлемеске? Біле білген адамға қарапайым мал жүнінің өзі пайдалы. Ал сан мәрте өңдеуден өтіп, оның үстіне тек табиғи жолмен дайындалатын киіздің пайдасын айтпасақ та түсінікті.
Бүгінде Жапония, Ұлыбритания, Оңтүстік Корея, Қытай сынды елдер экономикасын дамытуда өзінің мәдени мұрасын тұрақты насихаттауға мән беріп отыр. Осы тұста Жапония мемлекетіне тоқтала кетейікші. Жапония – Шығыс Азиядағы Хоккайдо, Хансю, Синоку және Кюсю секілді шағын ғана аралдарда орналасқан жоғары дамыған мемлекет. Халық саны 126 млн-ды құрайтын өзінің экономикалық мүмкіндігі жағынан әлемдегі алдыңғы қатарлы елдердің құрамында. Бұл мемлекет автокөлік, кеме, темір өңдеу жабдықтарын, тұрмыстық- электрондық техника, робаттар шығарудан әлем бойынша бірінші орында. Ал жапондардың тұрмыс-тіршілігіне келсек, өздерінің басқа бір мәдениетке ұқсамайтын өзіндік салты бар. Атап айтсақ, Жапон үйлерінде жиһаз аз болады, еденіне күріш сабанынан тоқылған төсеніш – татами төселеді. Жапонияда егіншілікпен айналысатындардың барлығын фермер деп атайды. Олардың басқа елдегі фермерлерден айырмашылығы сол, біреулер өз қажеттіліктері үшін көкөніс пен жеміс өсірсе, басқалары сол өнімді сатумен айналысады. Елдің ауыл шаруашылығы саласы өте жақсы субсидияланады және қорғалады. Ауыл шаруашылығымен айналысуға 20 пайыз ғана жер көлемі жарамды болғанымен, заманауи технологиялардың арқасында жергілікті тұрғындар жылына екі- үш ретке дейін өнім алуды үйренген. Соның арқасында бүгінде Жапония әлемге ең өнімді ел ретінде танылған.
Деректерге сүйенсек, елде климаттық ерекшеліктерге байланысты негізінен егіншілік дамыған. Бір шаруа қожалығының егістік көлемі орта есеппен 1,8 гектарды құрайды. Жер ресурстарының шектеулі болуына байланысты Жапонияда қарқынды ауыл шаруашылығы дамыған. Сонымен қатар бұл жақта егіншіліктің негізін дәстүрлі күріш өсіру кәсібі құрайды. Ауыл шаруашылығы өнімдерін шығарушылардың шектеулі саны ғана бидай, соя, бақша дақылдарын егумен айналысады. Фермерлердің 80%-ы күрішті органикалық егіншілік әдісімен өсіреді. Ауыл шаруашылығы жерлері көлемінің басым бөлігін cу басқан күріш алқаптары құрайды. Күріш демекші, жапон халқы күріштен әртүрлі заттар жасап, оны тауарға айналдырып, сатуда. Қарапайым ғана қыз-келіншектер қолданатын бетке жағатын кремдерді күріштен жасайды. Бір қызығы, жапон еліндегі Ұлттық тамақтану институтының мамандары күріштен гель жасап шығарған. Жаңа өнімнің дәмі де, иісі де жоқ екен. Бұл гельді асқа қосу арқылы тамақ пісіруді тездетуге болады екен. Тіпті жапон халқы күріштің сабанымен шатырын жауып, бас киім тоқиды. Тарих құндылығынан айнымаған халық әлем елдері алдында бәсекеге қабілетті. Жаһандану үрдісінен де қалыс қалған емес. Бұл елдің шығарып жатқан табиғи өнімдерін тізбектей берсеңіз жетіп-артылады. Біздің айтпағымыз, біз де түп-тамырымыз төрт түлікпен тікелей байланысты болғандықтан малдың сүйегін, жүнін, терісін кәдеге жаратып, жаңа технологияны пайдалана отырып ұлттық өнерге дем берсек. Сарапшылардың айтуына сүйенсек, қазақ қолөнері үлгілерінің 70 пайызға жуығы жойылып кеткен. Ал бүгінге дейін бірді-екілі үлгілері сақталып келген түкті және түксіз кілем тоқу, ши, алаша, сырмақ және текемет дайындау сынды тоқыманың, түскиіздерді, киімдерді, аяқ киімдер мен баскиімдерді кестелеудің көптеген әдісінің, киіз үйдің ішкі жабдықтарының жоғалып кету қаупі бар. Енді не істемек керек? Мұны қалай зерделейміз? Елімізде қолөнермен айналысушылар жетерлік. Әсіресе Шиелі ауданында осы саланың нағыз шеберлері бар. Олардың арасында құрақ құрап, текемет басатын, ұршық иіретін, ат әбзелдерін жасайтын, кілем тоқитын қолөнершілер бар. Бәлкім, қолөнершілердің басын біріктіретін орталық керек па? Осы сауалдарға біз мамандардан жауап іздеген едік.
«Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінің Қызылорда облыстық филиалының төрайымы Алтынай Мырқықызы: Қолөнер – халқымыздың қасиеті мен ұрпақтан ұрпаққа ауысып, тамырын тереңге жайып келе жатқан мұрасы. Әр халықтың өзіндік ұлттық өнері болады. Қазақ елі тәуелсіздігін алғалы халқымыздың қолөнері қандай жетістіктерге жетіп отырғаны белгілі. Қазіргі таңда қолөнерге қолдау қажет. Себебі біз – қазақпыз. Қазақпыз дегеннен кейін ұлттық өнерімізді қатар алып жүруіміз керек. Бұл – біздің кешегі әжелеріміз бен аналарымыздан қалған аманат. Қай уақытта да қазақ малымның, жанымның басы құралсын деп құрақ құраған, ал құрақтың өзінде талай сыр жатыр. Сол себептен ұрпақтан ұрпаққа жеткен ұлттық қолөнерді қадірлеу, дамыту, оны келешек ұрпаққа табыстау – біздің басты парызымыз.
Шиелі аудандық кәсіпкерлер палатасының директоры Бекзатхан Бауыржанұлы:
Қазіргі технологияның дамып тұрған уақытында, ұлттық құндылықтарымызды сақтап қалудың маңызы ерекше. Болашақ жастардың қолында десек, салт-дәстүрді жастарға на сихаттап қана қоймай, дәстүрімізді паш ететін – қолөнер ісіне баулуға мән бергеніміз жөн. Қазақы дәстүрімізді заман ағымынан қалмай, әлемдік білім-ғылыммен ұштастыра білуге тәрбиелеу қажет. Ол үшін ауданға қолөнершілердің басын біріктіретін, шеберлік іске баулитын қолөнер орталығының болғаны жақсы.
ТІЛШІ ТҮЙІНІ: Шынтуайтына келгенде, қазақтың көне, қасиетті, теңдесі жоқ қолөнеріне бойлай берсеңіз, тұңғиығына жету мүмкін емес. Өйткені өнердің бұл түрі санамызда өшуге тиісті емес. Мақаламызда «құндылық» деген сөзді жиі қайталаппыз. Неге дейсіз ғой? «Құн» деген сөздің де бірнеше мағынасы бар, бұл жердегі құн – біздің ұлттың құндылығы, біздің асыл қазынамыз, мұрамыз ретінде есептелуі тиіс. Қазіргі уақытта қолөнер саласындағы үлкен мәселе – баға жетпес ұлттық мәдениетіміздің жойылуы. Немесе ұлттық бағыттағы құндылықты дәріптеу қолдан келмей жатыр ма? Рас, жаныңа батады. Сол үшін осы бастан бұл саланы күштеп қолға алып, дамытудың барлық жолын қарастырып көрелік.

Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ
Сурет: atameken.kz