Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ағаш киіз үйді темір алмастырды

Ағаш киіз үйді темір алмастырды

Сәні мен салтанаты жарасқан қазақтың киіз үйлерінің өзі салт-дәстүрімізді сөйлетіп тұрғандай. Алайда, соңғы жылдары сүйегі мықты ағаштан жасалған киіз үйлердің орнын темірден құрастырып, сыртына мата жапқан жасанды құрастырмалар басты. Тіпті, соңғы екі-үш жылдықта сол ағаш үй формасындағы жасанды құрастырмалар трендке айналды.
Жалпы, ағаш – өнеркәсіптің барлық түрінде, қоғамдық үйлер мен құрылыс салуда кеңінен қолданылған. Кейін заманның қиындығына қарай өзімізге тән ұлттық бұйымдар біраз уақыт қолданыстан шығып қалды. Алайда, тәуелсіздік алып, еңсемізді тіктедік. Мемлекет тарапынан ұлт руханиятын дамытуға байланысты бірнеше бағдарламалар қабылданып, рухани серпіліс алдық. Соның арқасында тағылымға толы тарихымыз түгенделіп, өшкеніміз қайта жаңғырды. Бүгінде мәдени жәдігерлер қатары толығып, ұлттық бұйымдарды қолдану үрдісі қайта қолға алынды. Соның ішінде астау, күбі, ожау сияқты тұрмысқа қажетті бұйымдар жасалуда. Мамандар ағаштан жасалған бұйымдардың адам денсаулығына пайдасы зор екендігін айтып, тұрмыста тұтынғанды жөн санайды.
Біздің айтпағымыз бұл ғана емес, жаһандану дәуірінде жұтылудың алдында тұрған киіз үй туралы болмақ. Көшпенді қазақ тұрмысына ыңғайлап жасалған киіз үйдің артықшылығы көп. Тез құрылады, тез жиналады. Бір түйенің қомына сыйып кететін ықшам әрі жеңіл. Салтанаты да асып тұрады. Қазақтың күллі қолөнері соның ішінде. Үзігі, басқұры, өрнекті, оюлы сықырлауығы бірінен-бірі асып, көз тартады. «Ши ораулы болмаса, үйдің сәні келер ме?» дейтіні тағы бар. Өңшең бір жарасымы үйлескені анық, қанық бояулар ертегі әлеміне сүйрейді. Қыста жылы, жазда салқын, жайлы баспана. Қазақы қойдың күзем жүнінен басқан киіз қыста суық өткізбейді. Ал, аптапты ыстықта іргені түріп жібергенде, салқын самал есіп қоя береді.
Көшпенді заманда қазақ халқы қысы-жазы осы киіз үйде салтанат құрып, ұрпағын өрбіткен. Ұлттық нақыштағы киіз үйдің құрылымы мен сәулетінің ғарыштық кеңістікпен үйлесімді жасалғанын әлемнің зерттеуші ғалымдары да мойындаған.
Жалпы айта берсек, ұлтымыздың құндылығы – бренді саналатын киіз үйдің асыл қасиеттері жетерлік. Ең бастысы көшпенді дала тіршілігіне өте қолайлы болса, оған бір тал шеге қағылмай, ешбір темір қосылмай жасалған әлемдегі жалғыз баспана болатын. Ал, қазірше? Көзбен көріп жүргеніміздей көп жерде темірден жасалған қазақ үйді тігіп қойдық. Бұрынғы ата-бабаларымыз қазақтың қара шаңырағы саналған ақ шаңқа киіз үйді киелі санап, оларды көздің қарашығындай сақтаған емес пе? Ал, ақ жаулықты әжелеріміз киіз үйдің барлық жабдықтарын қолдан жасап, оның ішін ерекше етіп сәнге айналдыратын. Тіпті, киіз үйдің табалдырығынан бастап төріне, керегесінен шаңырағына дейін мән-мағынаға толы.
Алдыңғы буын киіз үйдің құрылымын, оның мәдени-әлеуметтік танымдық қасиеттерін жақсы біледі. Қалай құрып, қалай жығуына дейін әрине. Тіпті, киіз үйге қатысты ырым жоралғылар, салт-дәстүрлер де олардың жадында. Ал, қазіргі жастар ше? Қазіргі кезде, аудан, қала тұрмақ, қаймағы бұзылмаған қарапайым ауылдың өзінен киіз үйді де көрмейтін болдық. Тас қорапты көп қабатты үйге таңылып, ата-баба ғұмыры байланған үйден алыстап бара жатыр. Ертең осылайша нағыз құндылығымыздың жойылып кетпесіне кім кепіл.
Шиелілік диқандар ерте көктемнен дала төсінде егін егіп, алқап басында қос тігіп жатады. Осы кезде бірең-сараң диқандарымыз киіз үйлер тігіп отырады. Әрине, олардың өзі де ескі, киіздері іріп керексіз қалыпқа айналған. Әйтпесе, арысы Арал бергісі Жаңақорған ауданында нақ осы киіз үй жасауды кәсіпке айналдырып отырған адам жоқ бүгінде. Яғни, киіз үй жасау өнері құрдымға кетіп барады. Осы кезде ой туындайды. Неге алдағы уақытта ата-бабадан қалған киіз үйді ағаш бұйымдарын жасайтын арнайы шеберлер қайта қолданысқа енгізбейді. Мысалы, көрші Қытай, Өзбек, Қарақалпақ елінен шаңырағы, керегесі мен уығы темірден жасалған киіз үйлерді отандастарымыз өте қымбат бағаға әкеліп жатыр. Және бұл үйлердің бәсі де жоғары. Мысалы, қарақалпақстандық киіз үйдің ең арзаны 3 мың доллар тұрады екен. Міне, басқалар баспанамызды саудалап, байлыққа белшеден батып жатқанда бізге де киіз үй өндірісін жолға қойған жөн болар еді

Шапағат Тілеубаев
18 қыркүйек 2021 ж. 902 0