Жастар жайы елеусіз қалмайды
Бүгінде жастарды жұмыспен қамту, олардың мәселелерін шешіп, бір жолға қою, сондай-ақ, талапты жандарға жігер беріп, белсенділігін арттыру жастар ресурстық орталығы КММ мамандарының алға қойған мақсаттарының бірі. Осы орайда «Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры Айдана Мамановамен әңгіме өрбіткен едік...
– Ел болашағы жастар деп жатамыз. Сондықтан, сөзіміздің кіріспесін «Жастар ресурстық орталығы» КММ жұмысымен танысудан бастасақ...
– Жыл басынан бері «Жастар ресурстық орталығы» КММ мамандарымен түрлі мәселе бойынша 185 жас қоғамдық қабылдауда болды. Кеңес берудің басым бөлігі кәсіпкерлікті дамыту, жұмысқа орналастыру, мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту», «Серпін-2050», «Дипломмен ауылға», «Жасыл ел», «Жас құрылысшылар» еңбек жасақтарына жұмысқа орналасу т.б. бағыттар бойынша кеңестер берілді. Сонымен қатар, орталық жанынан «Оқушылар парламенті» 38 мүшесі бар, «Жастар парламенті» 32 мүшесі бар, «Еріктілер жасағы» 150 мүшесі бар, «Жастар театры» 12 ерікті әртісі бар, «Жас көшбасшылар клубы» 24 мүшесі бар, «Жастар комитеттері» 85 мүшесі бар, 21 мүшесі бар «Жас кәсіпкерлер клубы» құрылып, ережелері бекітіліп, барлығы 362 жас ерікті түрде жұмыс жасауда. Сонымен қатар, орталық жанынан «Жас кәсіпкерлер», «Спорт біздің серігіміз», «Жас Отау», «Полицейдің жас көмекшілері», «Тұлға тану», «Жас кеңесші», «Еріктілер жасағы» жобалары жұмыс жасауда.
Аудан көлемінде жалғызбасты және әлеуметтік жағдайы төмен 26 қартқа көктемгі ағаш жапырақтарын, аула бақша ішін тазарту, үйдің ішкі жұмыстарына көмектесу жұмыстары, сонымен қатар, аудандық «Оқшы ата» атындағы орталық мешітінің ауласын тазартып, бау-бақшаларына күтім жасалып тазалық жұмыстары жүргізілді.
– Құрылысы қарқынды, күннен-күнге жаңарып жатқан аудан келбетін айшықтай түсетін ғасыр адамдары мен Еңбек Ерлері, қоғам қайраткерлеріне арналған ескерткіштер жетерлік. Бұл да бір киелі өлкенің кереметтері десек жаңылыспаймыз. Алайда, сол ескерткіштер маңын ластап, қоқыс тастау, аллеяны бүлдіру, сындыру сынды жастар арасындағы келеңсіздіктерді газетіміздің алдыңғы сандарында жазған болатынбыз. Жастар арасында қоғамдық орындар мен ескерткіштерді қадірлеуге, тазалық жұмыстарын жүргізуге деген құлшыныс бар ма?
– Жоғарыда айтып өткендей, орталық жанынан құрылған еріктілер жасағы бар. Ол жастар аптасына 3 рет орталықта бас қосады. Әрбір жиында әртүрлі ұсыныс-пікірлермен, ауданымыздан шыққан тұлғалардың ескерткіштерін күтіп ұстау мақсатында пікір алмасады. Алаш ардақтысы М.Шоқай, өткір сөзді ақын, термеші Б.Қабылұлы т.б тұлғалардың тарихи ескерткіштерін күтіп ұстау тазарту жұмыстары әрқашанда жастардың назарынан тыс қалған емес. Аптасына екі рет «Достар әлемі» еріктілер жасағынан құрылған бір топ жастар тазалық жұмыстарын жүргізеді. Осы ретте кешкі 19.00-ден 22.00-ге дейін жастар ресурстық орталығының қызметкерлерімен кесте бекітіліп, тұрақты түрде келген жас жұбайларға, кешкі мезгілде демалушы аудан тұрғындарына қоқыс тастамау, ластамау мақсатында түсіндірме жұмыстар жүргізіп отау құрғалы жатқан жастарды құттықтап, өз тілектерін де білдіріп жатады. Және де айта кетерлік жайт арнайы ескерткішті таза ұстау мақсатында ескертпе тақтайшасы орнатылды.
– Бүгінгі таңда қос-қостап диплом алған жастардың жұмыссыз жүруі жиі айтылады. Оның басты себебі, керек мамандықты таңдай алмауында ма, әлде жұмыс көзінің болмауында ма? Жастар арасында кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы жұмыстар жайында не дейсіз?
– Жігері бойында жалынды жастарға әркез де жұмыс табылады. Білімді, білікті жастарға мемлекет тарапынан түрлі қолдаулар да көрсетіліп жатыр. Тіптен, игерген мамандығын ұнатпаса жеке кәсіп ашып, өз ісін дөңгелетудің де тиімді жолдары жетерлік. Сондықтан, жұмыс жоқ деу жәй сылтау деп білемін. Ал, жастар арасындағы кәсіпкерлікті, жастармен жұмысты күшейту мақсатында «Атамекен» Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасының Шиелі аудандық филиалы мамандарымен бірлесіп, жалпы аудан тұрғындары және жастарға арналған кеңес беру, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша бірқатар жұмыстар атқарылуда. Сонымен қатар, маусымдық «Жасыл ел» және «Жастар құрылыс» еңбек жасақтарының жұмысын кеңінен түсіндіру, «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасын насихаттау мақсатында орталық автовокзалда, «Береке» сауда орталығында, халыққа қызмет көрсету орны, емханада 28 рет кеңес беру жиыны өтті.
Жастарға кәсіби бағдар беру аясында Ару-ана шұбат цехы, «Асылхан» шаруа қожалығына, бал ара өсірудің шебері Бақтияр Кемеловтың шаруасымен, Шиелі труба зауытының тыныс- тіршілігімен танысты. Биылғы жылы жастар корпусын дамыту жобасы қолға алынуда. Яғни, ҚР Білім және ғылым министрлігімен халықаралық қайта құру және даму банкі арасындағы келісім аясында жүзеге асырылуда. Негізгі мақсат – осал топтағы жастардың бастамаларына қаржылай қолдау көрсету, осы арқылы шағын және орта бизнесті дамыту болып табылады. Бұл жобаға 16-29 жас аралығындағы жұмыссыз, мүмкіндігі шектеулі кәсібін ашсам деген жасқа 1 миллион теңгеге дейін қайтарымсыз гранттар беріледі. Қызылорда облысы бойынша ешқандай шектеу қойылмаған, жоба тиімді болса арнайы комиссияда қарап бөлетін болады. Сонымен қатар, 6 ай бойы жалақы төленетін болады. Осы мүмкіндікті қазіргі таңда кеңінен жастарға насихаттаудамыз. Ауылдың жұмыссыз жастары сүт өнімдері арқылы (қаймақ, сүт, құрт, ірімшік) т.б, колледж жастары тігін цехын дамытуға, өзге ұлт өкілдері барлығы мүмкіндігі шектеулі жастармен жұмыс жасауды қолға алуды көздеуде т.б көптеген жобаларды ұсынуда. Бұл жобаның жүзеге асырылу уақыты 20 мамыр мен 20 шілде аралығы деп күтілуде.
– Жас шамасына қарай әр топ өкілдерінің өзіндік ой ауаны, түрлі іске бейімі мен қарым-қабілеті, ортасы, жоспары болады. Ал, аудан жастарына тән форматта қандай жиындар өтуде немесе өткізу ойда бар?
Өте орынды сұрақ. Бұл мәселе менің де көптен бері ойымда жүр. Бұл ретте, біз 2017 жылы барлық ауылдық елді мекендерде жаздың күндері кешкі уақытта алау (кастер) маңындағы кездесулерді көптеп ұйымдастырып, оған арнайы ауданымыздың теолог маманын жастарға уағыз айту үшін шақыртқан болатынбыз. Осы бағыттағы жұмыстар негізі тікелей жастар ресурстық орталығының бастамасымен болып жатқан дүниелер.
Ал, биылғы жылы салауатты өмір салтын ұстай отырып, ауыл жастарына жеке кәсіптің тиімді тұстарын түсіндіру жұмыстарын жүргізудеміз. Көбіне ауыл жастары кешкі уақытта спорттық алаңдарда доп теуіп футбол ойынын ойнайды. Сол жерге барлық ауыл жастары жиылатын болғандықтан, кәсіпкерлік бағытында тегін бизнес жоспарлар, қайтарымсыз гранттар беріліп жатқаны жайында ақпараттандыра жүріп, бірге доп теуіп, спорттық ойындар (гір тасын көтеру, арқан тартыс) т.б өткізілді. Осы ретте кәсіпке ниетті жастарды қолдау мақсатында жастар ресурстық орталық мамандары egov электронды қызметі арқылы халыққа қызмет көрсету орталығына барып кезек күттірмей ЭЦП (электронды қол қою) кілті арқылы керек құжаттарын жинақтап беруде.
– Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы өшкенімізді жаңғыртып, өткенімізді ұмытпауға шақырған құнды құжаттардың бірі болды. Жас ұрпақты туған жеріне ту тігіп, онда қызмет еткен аға буынды ұмытпауға шақырды. Жастар арасында рухани жаңғыру және еңбекке тарту бағытында қандай шаралар атқарылуда?
– Мемлекет басшысы туған жердің әрбір тау мен тасын, сайы мен қырқасын сүюге, оны құрметтеуге шақырып келеді. Сондықтан, айналасы жасыл желекке айналған көркем өңір бізге де керек. Жалпы, жыл басында рухани жаңғыру бағытында атқарылатын жұмыстарға арнайы жылдық жоспар құрған болатынбыз. Жоспарға сәйкес, аудандардан бірінші болып, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы Тәуелсіздік дәуірінде еліміздің көркеюіне үлес қосқан ұлтымыздың алтын қорына енуге лайықты жерлесіміз, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» атанған Қызылорда облысының атынан қатысып 10679
дауыс жинап, аудармашы, «Әлеуметтік педагогикалық қызмет» бөлімінің бөлім меңгерушісі, педагог-психолог Абдрахманова Сымбат Нұртазақызымен аудан жастарының кездесуі өткізілді. Сонымен қатар, жастарға рухани жаңғыру бағытында жыл басынан бері 16 шара өткізілді. Алдағы уақытта аудан жастарын сауысқандық шатқалына апарып, таңбалы тастармен таныстыру жоспарда бар.
Ал, «Жасыл ел» жасағын құру тек көркейту емес, жастардың еңбекті түсініп, өздері отырғызған әр ағашқа күтім жасауын көздейді. Жасыл ел жасағы бойынша былтырғы жылы 105, биылғы жылға жазғы маусымда 110 жұмыссыз жасты жұмыспен қамту көзделуде. Қазіргі таңда жұмыс жасауға жастар ресурстық орталығына келіп, тіркеліп құжаттары жинақталуда. Айлық жалақы көлемі елу мың теңгемен және арнайы жұмыс киімдерімен қамтамасыз етіледі. Барша 16-29 жас аралығындағы жастарды жасыл ел жасағында жұмыс жасауға шақырамын.
Біз аудандағы әрбір жастың тағдырына алаңдаймыз. Жастардың түрлі санаттары бар. Олармен жеке қабылдаулар, топтық жұмыстар, заманауи сұраныстарына сәйкес және рухани бағыттағы шаралар т.б жұмыстар жүргізіліп жатыр. Дегенмен, барлық қоғам болып болашақ жас ұрпақтарымызды тәрбиелеуге жан-жақты үлес қосатын болсақ жақсы қозғалыс болары сөзсіз. Барша жастың ой-пікірін білу, олармен жұмыс жасау, ұл-қыздарымыздың тәрбиесі барлығы назардан тыс қалған емес, қалмайды да. Жастарымызды жігерлі, рухы биік, мерейі үстем, еліміздің Патриоты болуға шақырамын.
– Бүкпесіз өрбіген әңгімеңіз үшін рақмет.
Сұқбаттасқан
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ.