АПТАП ЫСТЫҚТАН ҚАЛАЙ ҚОРҒАНАМЫЗ?
Соңғы уақытта күн қатты ысып, ауа температурасы жоғарылай бастады. Тіпті күн ыстықта далада көп жүрген адамның жүйкесіне салмақ түседі. Содан тез шаршап, әлсіреп, басы айналады. Мұндай күннен қорғанудың да өзіндік тәртібі бар. Осы ретте біз Шиелі көпбейінді орталық аудандық ауруханасының бас терапевті Мұрат Нұрболатұлымен тілдескен едік. Ендеше дәрігер кеңесіне кезек берейік...
Біле жүріңіз
Ыстықтан қорғану мүмкіндігі болмағанда жүрек қысымы күшейіп, адам терлеп, денесі қызады, ағзадағы сұйықтықтар мен электролит біршама азаяды. Ыстық ауа райында жүрекқан тамырлар жүйесі зардап шегеді. Қапырық күн ауаның құрғауына, нәтижесінде оттегінің жетіспеушілігіне алып келеді. Жастар үшін мұндай өзгеріс аса қатты қиындық тудырмайды: олардың денесіндегі термореттегіш механизмі тиімді жұмыс істейді. Ал жас ұлғайған сайын ыстық күн қиындық тудырады. Бұл жүйе термореттеу механизмі кезінде белсенді қызмет атқарады. Ауа райы құрғақ әрі ыстық болған кезінде қан ұйып, тромбтардың түзілуіне алып келеді. Қанның ұюы – инсульттің басты себебі. Бұдан бөлек, аптап ыстық кезінде атмосфералық қысым әлсірейді. Сау адамдардың өздері де күн температурасы артуымен бірге, жүрек соғысы артып, тамырлары кеңейе бастайтындықтан жүрек айну, көздің қарауытуы, әлсіздікті сезінуі әбден мүмкін. Осындай жағымсыз әсерлердің алдын алу үшін ыстыққа денені үйрететін жаттығуларды жасау керек және 5-6 күн бойы өте көп мөлшерде су ішу керек. Сонымен бірге бұл ыстықта жеңіл әрі кең киім киген дұрыс. Синтетика материалынан мүлдем бас тартыңыз. Егер есінен танған жағдайда лимфоуз аймағына, қол мен құлақтың артқы жағына мұз тақаған жөн.
Алыс жолға шықпаңыз
Жалпы ауа температурасы 35 градустан асқанда кімнің де болса алыс жолға шықпағаны дұрыс. Ал көшеге шыға қалса мейлінше көлеңкелі, саялы жерлермен жүруге тырысу қажет. Күн ыстықта жалаңбас жүру қауіпті. Аптап кезінде бас киімді аракідік сулап алып киген пайдалы. Тіпті денеге күш түсіретін, күн астында болуға тура келетін жұмыстармен айналысуға болмайды. Ыстықта кімнің болса мазасы кете бастайды. Мұндайда жасы келген, қан қысымы жоғары және жүрек ауыратындар мен аяғы ауыр келіншектер және жас балалардың денсаулығын күтіп, ыстықтан қорғанғаны жөн. Мейлінше олар сағат 11.00 мен 17.00 аралығында күн көзіне шықпай, демалулары керек.
Жүрек ауырса...
Ауа райындағы өзгеріс жүрегі ауыратын адамдарға жайсыз әсер етеді. Дәрігердің айтуынша, жүрек солқылдап ауырса жедел жәрдем шақырып, қабылдау бөліміне келіп ем алу қажет. Егер жүрек ауруымен есепте тұрса дәрі -дәрмегін уақытылы ішіп тұру міндетті. Сонымен қатар физикалық жүктемені азайту қажет, кеш батқанда салқын түскеннен кейін жай қадаммен жүріп қайтуға болады. Күнделікті тамақ рационынан тұзды шектеген абзал. Ал шөлдегенде көк шай, салқын су ішкен дұрыс, бірақ суды бейберекет көп іше беру де зиянды. Кофе ішуге мүлде болмайды. Демалатын бөлмені де салқындатқан дұрыс.
Суды қандай мөлшерде ішу қажет?
Кез келген адам жаз айларында суды көбірек қажет етеді. Су ішудің де өзіндік тәртібі бар. Дәлірек айтқанда, 1 келіге 30 мл су ішу қажет, яғни 1,5 литрден бастап, 2-3 литрге дейін ішкен пайдалы. Суды кешкі уақытта аз қолдану керек. Ыстық ауа райында қантты және газдалған сусындардан бас тартасыз. Кофе мөлшерін де тым асырмаған жөн. Сондай-ақ майлы ет тағамдардан гөрі, күн ыстықта жеңіл сорпа, салаттар мен сүт өнімдерін пайдаланайық.
Жылы суға түсіңіз
Жаздың ыстық күндері суға қайта-қайта шомыла беретініміз рас. Қандай суға түскен пайдалы: салқын әлде жылы? Су бойды жағымсыз энергиядан арылтады, термен бірге шыққан май мен тұздан тазартады. Денедегі жылуды қалыпты ұстауға да ықпал етеді. Жылы суға түсу керек. Неге десеңіз?! Мұның сыры капилляр тамырлары мен теріде жатыр. Жылы су қан тамырларын кеңейтеді, ал жылы судан тітіркенбеген дене жылу бөледі. Мұндай сұйықтық буға біртіндеп айналады. Ал салқын су керісінше, әуелі салқындық сыйлайды, қан тамырларын тарылтады, сосын барып ағза қайтадан жылына бастайды.
Салқындатқышты қалай пайдаланған дұрыс?
Аптап ыстық кезінде адамдар салқындаудың амалын кондиционерден іздейді. Сол себептен жаз маусымы басталасымен сауда орындарда кондиционерге сұраныс артады. Десек те көп адамдар оның денсаулыққа қаншалықты қауіпті екенін біле тұра ыстыққа төзе алмауды сылтау етіп, түрлі аурудың өршітіп алғанын да білмей қалады. Бұл техниканы кеңседе де, дүкенде де, тіпті шаштараз креслосында да ыстықтан қорғайды. Алайда «бір бөшке балдан да пәле табылады» емес пе?
Біріншіден, кондиционер қосылған бөлмеде шамадан тыс көп отырсаңыз, денсаулығыңызға кері әсерін тигізіп алуыңыз ықтимал. Нақтырақ айтсақ, мұрныңыз бен тамағыңыздың құрғап қалатынын сезесіз. Салқын құрғақ ауа тыныс алу органдарының ауруына немесе ангинаның асқынуына әкеп соқтыруы мүмкін.
Екіншіден, шаң-тозаң таратады. Бұл жабдықтың сүзгісін ауыстырмаған жағдайда болады. Сүзгі ауа тазартуға арналғандықтан, дер кезінде алмастырмаған жағдайда ол өзі жинаған бұрынғы шаң-тозаңды бөлме ішіне таратады. Аллергиясы бар адамдар кондиционер сыйлаған салқыннан көзі жасаурап, тамағы қышып, мұрны бітеді.
Үшіншіден, бұл жабдықты мүлдем қолданбаңыз демейміз. Пайдалансаңыз да денсаулығыңызға зияны тиіп кетпесін. Ол үшін ауа температурасының ауытқуына бірден жол бермеу керек. Мәселен, далада 40 градус ыстық болса, үйден шығарда кондиционерді жарты сағат бұрын өшіріңіз. Сол кезде үйдегі ауа жылып, бойыңыз үйренеді. Ғимарат ішіндегі ауа мен сырттағы ауа температурасындағы айырмашылық 4-6 градустан аспауы тиіс. Ыстықты қанша жақсы көрмесеңіз де, үйдегі температураны 22-24 градустан төмендетпеңіз. Бұл адам үшін ең қолайлы режим. Бастысы, кондиционердің астында көп отырып қалмаңыз.
Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ