Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » БӘРІ БАЛАЛАР ҮШІН

БӘРІ БАЛАЛАР ҮШІН

Бәріңізге мәлім, аудан әкімдігінің қолдауымен, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен өңірде халық үшін жасаланып жатқан игі жұмыстар көп. Соның бірі – ауданның 95 жылдығы аясында өткен 95 іс-шараны атап өткеніміз жөн болар. Ал биыл маусым, шілде, тамыз айларында өтетін шаралардың орны бөлек.
Нақтырақ айтсақ, үш айлық тың жоба өз жұмысын бастап кетті. Маусымда «Бала – Like» атты балалар айы аталып өтсе, шілдеде «Жас – Star – Fest» атты жастардың шығармашылығын шыңдайтын уақыт, ал тамызда «Ардагер – Art» атты ардагерлер айы басталатын болады. Мәселен, маусым айында бүгінге дейін 16 шара өтті. Жоспарға сәйкес бұл айда 19 іс-шара қарастырылған. Атап айтсақ, «Қазақстан – достық мекен» атты аудандық суретшілер байқауы, «Таланттар топ жарады» балалар шығармашылығының өнер фестивалі, «Бар мейірім балаларға» қайырымдылық акциясы, «Алтын сақа» ұлттық ойындар сайысы және «Ақпыз, сары, қарамыз – ағайынбыз бәріміз» атты аудандық мүшәйра өтті. Сондай-ақ «Өлкенің гүл жайнаған балғындары» концерті, «Ол кім? Бұл не?» танымдық сағат, «Балалық шақ ғаламшары» асфальтқа сурет салудан аудандық байқау, «Әрқашан күн сөнбесін» балалар шығармашылығының өнер фестивалі, «Толағай» атты отбасылық эстафеталық сайыс, «Менің бақытты балалық шағымның бір күні» балалар арасында аудандық бейнеролик түсіру сайысы ұйымдастырылып, басқа да танымдық шаралар жүргізілуде.
Мәселен, жақында аудандық мәдениет үйінде өткен бейнеролик түсіру байқауын атап айтуға болады. Аталған сайыс төртінші аймақ Жансейіт, Жақаев, Тәжібаев, Алмалы, Бестам, Арман мәдениет үйлері мен клубтарының ұйымдастыруымен өтті. Мақсаты – балалардың бос уақытын тиімді өткізіп, жаңашылдықққа үйрету. Байқауда 7 қатысушы бақ сынасты. Сайыс нәтижесі бойынша жүлделі ІІІ орынды Жансейіт ауылынан Нұрмұхамед Әбдіғапбар, жүлделі ІІ орынды Ә.Тәжібаев ауылынан ¬Ерболсын Дүйсенбай, жүлделі І орынды Еңбекші ауылынан Қасиет Ерболатұлы, бас жүлдені Ы.Жақаев ауылынан Нұриман Асанбай қанжығалады. Байқауға қатысқан қатысушыларға алғыс хат пен сыйлықтар табысталды.
Ал келесі жұма күні М.Шоқай атындағы орталық алаңда өткен «Менің отбасым – шығармашыл отбасы» атты мерекелік концерт те орталықтың сәнін кіргізді. Ән мен биден шашу шашқан әр ауылдан белсене қатысқан отбасылар марапат төрінен көрініп, керемет көңіл-күймен тарқасты. Әлі алда балаларды тамаша байқаулар мен тосынсыйлар күтіп тұр. Жаз айын тамаша әрі ұтымды пайдалану арқылы баланың ой-өрісі шыңдалады. Алаңсыз бөлмеге қамалып, телефонға шұқшия қарап отырғаннан осындай шаралардың болып тұрғаны жақсы емес пе?!
Жоғарыда айтып өткеніміздей, келесі шілде – жастар айы болса, тамыз – ардагерлер айы деп жоспарланып отыр. Жастар айында флешмобтар, тағылымдық шаралар мен «Алтыбақан» құрылып жастардың сауық кеші өтеді. Сондай-ақ жазба ақындар поэтикалық кеші, жастар акциясы, интеллектуалды сайыс та осы айда көрініс табады. Бұдан бөлек, тамызда ардагерлерге үлкен құрмет көрсетіледі. «Біздер де жас болғанбыз...» атты фото көрмесі, «Әжем салған ән қандай?», «Атамның да өнерге бар таласы» атты концерттік бағдарлама өткізіледі.
Мұның барлығы аудан игілігі үшін жасалып жатқан игі жұмыс. Бұл жоба үшін мәдениет қызметкерлерінің қалай еңбектеніп жүргенін көріп-ақ жүрміз. Бастысы, бар жақсылық – балаларға.

Айнұр ИБРАШ
25 маусым 2024 ж. 142 0