СЕГІЗ АУЫЛ ӘКІМІ ҚАЙДА ТҰРАДЫ?

Хош. 95 жылдық тарихты қойнауына бүккен Шиелінің өндірісі мен кәсібі өрге домалап тұр. Бүгінде шежірелі өлкеге қарасты 22 ауылдық округ бар. Осы әрбір ауылда қарапайым ғана қоңыр тіршілік кешіп, сүттей аппақ көңілімен, айрандай ұйыған отбасылар тұрады. «Ауыл тарихы – ел тарихы» демекші, талайға жайлы қоныс болған әр елді мекеннің өзіне ғана тән ғасырға бергісіз тарихы бар. Бір сөзбен айтқанда, әр ауылдық округ тарихтың тереңінен елес беретін тұнық мекен.
Сонымен Шиелі ауданына қарасты 22 ауылдық округ бар екенін тілге тиек еттік. Соның ішінде сегіз елді мекенде ел тізгінін ұстап отырған әкім-қаралар ауылда тұрмайды екен. Мұны біз әлгі жиында білдік. Дәл қазір олардың атын атап, түсін түстеп отырғанымыз журналистік қызметімізге сын болар?! Не дегенмен, ауыл тұрғындарының ауыз біршілігі мен тыныштығы, қалыпты ғұмыр кешуіне ауыл әкімдері мен жергілікті полиция инспекторларының еңбегімен етене байланысты.
Жоғарыда айтқанымыздай, екі жыл бұрынғы аймақ басшысының талабы әлі де күн тәртібінен түскен жоқ. Сол талап түрлі әлеуметтік желілерде кеңінен тарап, қоғамда қызу талқыға түскен де болатын.
– 7 ауданда, қалада да ауыл әкімдері мен учаскелік инспекторлардың көбісі ауылдық округтерден қатынап жұмыс істейді. Оны ауылдың адамдары кейде таппайды деген сөз. Ауылда түрлі жағдай болып жатады, мал ұрланса, сол сәтте полиция инспекторларын таппай қалады. Кетіп қалғаннан кейін телефонын да алмайды. Сондықтан ауыл әкімі, полиция инспекторы, мектеп директоры сол ауылда тұруы керек. Көшіп бармаса, жұмысты қойсын. Басқа ауылдан көшіп барса да, өзі қызмет ететін ауылда тұрсын, – деген еді облыс әкімі.
Нұрлыбек Нәлібаевтың бұл сөзін желі қолданушыларының басым бөлігі қолдаған. Себебі жұмысында сылбырлық танытқан кейбір полиция инспекторлары мен ауыл әкімдері үшін бұл талап орынды дейді. Кейбірі «жұмыс енді жүреді, ұйықтап отырғандар оянатын болады» деген пікірлер жазғандары да бар.
Жөн-ақ. Себебі қылмыстың дені кеш қарайып, түн ауған шақта орын алады. Мал ұрлығы, беймезгіл уақытта жасөспірімдердің көшеде жүруі де осы мезеттерде көрініс береді. Одан бөлек жақында ғана Шиелідегі Шеген Қодаманов ауылында белгілі бір деңгейде шу болды. Жас жеткіншектің өмірі ерте қиылды. Мүмкін, сол ауылдың әкімі, мектеп директоры мен учаскелік полициясы сол тұрғылықты елді мекенде тұрса, бұл жағдай болмас па еді?! Ата-ана бала жауапкершілікпен қараса бір тағдыр қыршынан қиылмас па еді? Кім білсін?
Сол үшін ел іргесі сөгілмей, мал өрістен жерінбей, ауылдағы әр ағайын ащы еңбектің тәтті жемісін көрсе екен. Лайым солай болғай!
Анар АЯП