АРАЛ АПАТЫНА АРАША БАР МА?
Арал теңізінің тағдыры – бүгінде әлем жұртшылығын толғандырып отырған үлкен мәселе. Себебі оның тартылуы Орта Азия мен Қазақстанның ғана емес, одан бөлек көптеген Шығыс елдерінің тыныс-тіршілігіне өзгерістер әкелуі мүмкін. Ал әлемдік климаттың өзгеруі, атмосферадағы ауытқушылықтар табиғаттың түрлі тұрақсыздығын тудырады.
Қазіргі таңда бұл тақырып төңірегінде әлемдік ғалымдар арасында пікірталастар туып, конференциялар ұйымдастырылып жатыр. 1993 жылы аталған мәселе бойынша алғашқы халықаралық жиын құрылып, нәтижесінде Аралды құтқару халықаралық қоры туралы ережеге қол қойылған болатын. Бағдарлама арқылы Арал теңізі алабындағы қоршаған ортаның жағдайын тұрақтандыру, Арал маңының бүлінген экологиясын, алқаптың су және жер ресурстарын қалпына келтіру және басқа да мақсаттар көзделді. Өлкедегі дағдарыстың әлеуметтік және экологиялық проблемаларын шешуге бағытталған жобалар жүйелі жұмыстарын атқарып та үлгерді.
Шыны керек, теңіздің болашағы дүние халықтарын алаңдатуда. Бұрынмен салыстырғанда, бүгінде Үлкен Арал теңізінің экологиялық ахуалы нашарлап, тіпті ондағы көптеген балық түрлері жойылып кеткен. Бұл теңізге жақын орналасқан елді мекендердегі жұмыссыздар санының көбеюіне алып келді. Кеме жасау зауыттары жұмысын тіпті тоқтатты. Ал теңіздің тартылып кеткен жерлерінен ұшқан тұздар бірнеше қашықтыққа таралып, аурудың көбеюіне, өсімдіктер мен жануарлардың күрт азаюына себеп болып отыр. Бұл мәселе ешкімді бей-жай қалдырмауға тиіс. Себебі қазір Арал десе, ең алдымен, ондағы қиын экологиялық жағдайды ойлайтын күнге жеттік.
Таяуда аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Дэниел Розенблюммен және USAID Халықаралық даму агенттігі өңірлік миссия директорының орынбасары Моник Мосольфпен кездескен болатын. Басқосу барысында күллі әлемге ортақ экологиялық мәселеге айналған Арал теңізінің жай-күйі сөз болып, оның бүгінгі жағдайы, қиындықтардың алдын алуға бағыттала атқарылған жұмыстар талқыланды.
Айта кетейік, 2021-2023 жылдары USAID Халықаралық даму агенттігінің «Оазис» жобасы шеңберінде Арал теңізінің құрғаған ұлтанындағы экожүйені қалпына келтіру мақсатында 150 гектар жерге сексеуіл тұқымы себіліп, көшеттер отырғызылды, 500 метр тереңдікте су ұңғымасы қазылып, пайдалануға берілді. Сондай-ақ Мемлекет басшысы 2021-2025 жылдар аралығында Арал теңізінің құрғаған ұлтанындағы 1,1 млн гектарға сексеуіл екпелерін егуді тапсырған болатын. Биыл 276,2 мың гектар аумақта осы бағыттағы жұмыстар жоспарланса, қазір 65 мың гектар ұлтанға 19,4 млн сексеуіл көшеті отырғызылған. Бұл көрсеткіш алдағы жылы 280 мың гектар алқапқа жеткізілмек.
Жұмыс сапары барысында АҚШ елшісі облыстың су шаруашылығы нысандарымен, USAID Oasis жобасының жүзеге асырылу барысымен танысып, Америка мен Қазақстанның өзара тиімді әріптестігін әрі қарай дамытуға мүдделі екенін жеткізді. Бұдан бөлек Еуроодаққа мүше 19 мемлекеттің елшілері Арал ауданына арнайы іссапармен барып, өңірдің тыныс-тіршілігімен танысты.
Расында, Арал апаты аймақтық сипаттағы дағдарыс емес, бұл – әлем жұртшылығы мойындап отырған дағдарыс. Себебі оның салдары басқа аймақтарға да тиіп отыр. Сондықтан үлкен мәселелердің алдын алып, одан келетін зардаптарды жоюға әрекет ету – барлық азаматтың борышы.
Таслима ӘЛІШЕР