Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚАТЫГЕЗ АНАЛАР ҚАСІРЕТІ

ҚАТЫГЕЗ АНАЛАР ҚАСІРЕТІ

Тағы да жантүршігерлік жаңалық есті ел ішін. Қос бірдей қызғалдағының өмірін өз қолымен үзген әзірейіл ананың ісі қаралуда. Әлеуметтік желіні ашсаң, жүрегіңді сыздатып жіберер осындай хабарлардың қатары күн санап артып барады. Перзентханадан жөргекке емес, кебінге оранып шығатын, бесікке емес, қоқыс жәшігіне «бөленетін» бөпелер неге көбейді? Әлди түгілі жоқтау естімей, өмірден өтетін сәбилер саны неге артып кетті? Өз баласын өзі тұншықтырып өлтірердей, мұндай патологиялық қатыгездік қазақ қоғамына қайдан келді?.. Әйел неге өз қағынан өзі жеріді?
Бұл сауалдардың жауабын әлі күнге таппай келеміз. Тек білеріміз қатыгез ананың психологиялық ауытқуы барын тек қылмыстық жағдай орын алғанда ғана анықтайтынымыз. Одан әрі қазбаласақ ішімдікке құмар ана немесе әкенің әсері, оң босағада отырып құрсақ көтерген бойжеткеннің білместікпен бір өмірді қиып жібергендігі.
Жаңа туған баласын өлтірген аналар туралы ақпараттарды оқып отырсаңыз, мұндай қадамға барғандардың ішінде оң жақта отырып аяғы ауырлаған арулардың көптігін байқайсыз. Болары болып, бояуы сіңгеннен кейін, бойына «жоспарсыз» біткен жазықсыз сәбиді «адамның сөзінен», «ұяттан», «анасынан қорыққаннан» ана дүниеге аттандырып жібереді. Сонда әйелдің күнәні күнәмен жууынан басқа жол жоқ па?..
Қоғамда орын алып жатқан қатыгездіктің, ысырапшылдық пен ынсаптың кемуінен табиғи апаттар жиілеп кетті деп жүр жамағат. Кейде, бұл да Алланың адамзатқа жіберген ескертуі болар дейсің. Өйткені өткен жылы орманды өрт шалса, биыл жан-жағымыз қарғын судың құрсауында қалды. Жер сілкінсе де, жүрексінбейтін қатыгез жандарға қандай амал қолдану керек…
Өрт демекші, орта ғасырлардағы Еуропада некесіз туған балаларды «шайтаннан» деп, отқа өртеген. Ресейде он тоғызыншы ғасырда өз баласын өлтірген әйелдерге олардың отбасылық құқықтық статусына байланысты жаза тағайындаған екен. Әйелдің отбасы бар болса, оны ауыр жазаға, отбасы жоқ, оң жақта отырып босанған адам болса, жеңіл жазаға тартқан. Яғни күйеуге тимей сәби сүйген әйелдердің өз баласын өлтіруі отбасы бар әйелдердің осындай қылмысына қарағанда жеңілдеу болған екен…
Бірақ қазақ ешқашан қандай бала болса да, оны өлтіруге жол бермеген. Тәуке ханның заманында мұндай безбүйрек аналарды… өлім жазасына кескен. Жеті жарғыда: «… Некесіз туған баласын ұяттан (қасақана) өлтірген әйел өлім жазасына кесіледі» делінген. Қазақтың аналары «О, құдайым, бала бер, бала берсең, сана бер, сана бермесең, ала бер» деп кері кеткен баласын адамның емес, Алланың үкіміне тапсырған. Әрине, бұл – некесіз туған балалар көбейсін деген емес, керісінше, қыз баланың «болары болғанға» дейінгі тәрбиесіне мән беру қажет деген сөз. Ал бойға бала бітті екен, оны өлтіру арқылы арыңды тыныштандыра алмайсың. Бұл енді басқа әңгіменің өзегі.
Ал Қарағандыдағы қайғылы жағдай ше? Қарны ашқан қос бүлдіршін анасынан ас сұрағаны үшін аспанға ұшып кете барды. Себеп, анасының психологиялық ауытқуына келіп тіреледі. Осы сынды өзекті өртеген оқиға аудан тұрғынының басынан да өткен еді. Сонда психикасында ақауы бар адам есепте тұрмай ма?
– Рас, біздің қоғамда психологқа баруды ұят санайтын, оның қабылдауына жіберсең, кеміту, қорлау деп ұғатындар да баршылық. Алайда тәніміз ауырғанда қаншалықты дәрігердің көмегіне жүгінсек, жанымыз ауырғанда да соншалықты маманның көмегіне зәруміз. Шын мәнінде ит жанды, сірі болғанымен де, адамның психикалық жағдайы өте әлсіз келеді, ол өте ауыр жағдайларды көтере алмай қалуы мүмкін. Сондықтан тәнді ғана емес, жанды да сауықтыру қажеттігін ұмытпау керек, – дейді психолог Ж.Нұрбай.
Психологтың пікірінше, анасының өсіп қалған баласына қол салуы әлеуметтік жағдайларға байланысты болуы мүмкін. Жалпы психологияда ананың баласын жек көруінің төрт себебі қарастырылады. Біріншісі — әйелдің күйеуін жек көруі. Бұл жағдайда әйел өшін баласынан алады. Екінші себеп — ішімдікке жақын болу. Ішкен әйелдің жайы белгілі, ал егер күйеуі ішімдікке жақын болса, бала байғұс тағы да соған кінәлі болып шыға келеді. Әйелдің күйеуіне деген ашу-ызасы, өкпе-реніші күннен-күнге ұлғайып, әбден көңілі қалып, оның ішіп келетініне ғана емес, тұрмыстың ауырлығына, жағдайдың жоқтығына, тіпті көршілердің нашарлығына, шкафтың есігінің сықырлап, жүйкеге тигеніне дейін бейшара балалар кінәлі болып, ақыры оны шешесі ұрып-соғып, қансыратып, аяқ-қолын сындырып, күндердің күнінде өлтіруге дейін баруы мүмкін. Психологтың айтуынша, баланы жек көретіндердің қатарында әлі жастық буы басылмаған, желігі тарқамаған тым жас аналардың, сонымен қатар өзін қатты жақсы көретін, жер дүние өзіне ғана қызмет етуге тиіс деп ойлайтын өзімшіл әйелдердің болуы мүмкін.
Әлеуметтік жағдайдың төмендігі, үнемі жолыңды байлайтын жоқшылық, баланың болашағына деген сенімсіздік, қиналғанда жанында ешкімнің жоқтығы да аналарды тығырыққа тірейтіні рас. Қазіргі қоғамда жалғызбасты аналарға үкімет тарапынан қаржылай көмек көрсетілгенімен, оның жанына демеу болатын кім бар? Бауыры? Ата-анасы? Аяғын шалыс басып, тұрмысқа шықпай бала сүйіп қалған қыздар былай тұрсын, ерінен айырылған, не ажырасқан аналардың арасында да ешкімнің көмегіне ие бола алмай, балаларын қалай бағарын, қай жаққа жарыларын білмей дал болып жүргендер бар. Қазіргі қоғамда тіпті туған немерелерін ақылы бағатын әжелер де бар екен, қалай қайран қалмайсыз?
Аналардың осынша агрессияға бой алдыруына тек аталған нәрселер себеп болып отыр деуге де болмайды. Әйел бойындағы аналық сезімнің әлсіреуіне себеп болған нәрселерді міне мынау деп түстеп айтып беру де оңай емес. Қазір бір-екі баланың еркелігін көтере алмайтын аналар мен бұрын он шақты баланы баққан аналардың төзімі неге екі түрлі?
Анасының баласын өлтіргені жөніндегі қылмыстық оқиғаларды саралап қарасаңыз, «психикасының ауытқушылығы салдарынан…», «ішімдік ішіп отырғанда…», «некесіз бала туғандығынан…», «күйеуінен ажырасқан соң…», «жүктілік жоспарына кірмеген…» деген секілді себептерді ғана көруге болады. Ал оның не үшін ішімдікке салынғаны, не үшін ажырасқаны… секілді түпкі мәселеге мән бермейміз. Ағаштың бұтағын сындырып, жапырағын кескеннен тамыры қиылмайтынын ұмытпауымыз керек. Мүмкін сонда бір нәтиже көрерміз.

Г.ӘБДІХАНИ
09 сәуір 2024 ж. 149 0