Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖӨТЕЛГЕ ЖЕҢІЛ ҚАРАМА

ЖӨТЕЛГЕ ЖЕҢІЛ ҚАРАМА

Күн райы сан құбылатын көктемнің алғашқы айын өткердік. Алайда сол құбылмалы ауа райы адамның иммунитетін әлсіретіп, түрлі аурудың тарауына алып келеді. Мәселен, тұмау, аллергия, көкжөтел. Бұлардың барлығы – ауа арқылы таралатын жедел вирус. Бұл пневмония, бронхит, жүрек, бүйрек және созылмалы аурумен ауыратын адамдарға қатты зиянын тигізеді. Ал аудандағы ахуал қандай? Осы сұрақтың төңірегінде аудандық көпбейінді орталық ауруханасының жұқпалы аурулар бөлімінің меңгерушісі Айгерім Айтжанқызына хабарласқан едік.
– Көктемде жедел респираторлы-вирусты инфекциялық аурулар өршиді. Оның ішінде тұмау, фарингит, ларингит, бронхит секілді аурулар асқынады. Суық тигенде, вирус түскенде, осы түтік қабынады. Құлақ ауырып, қызу көтеріледі, есту қабілеті нашарлайды. Дер кезінде емдемесе, соңы аурудың күрделі сатысына ауысу мүмкін. Бүгінде ауданда жедел респираторлы-вирусты инфекциямен 1-14 жас аралығындағы 281 бала емделген. Ал ересектер бойынша 91 науқас тіркелген, – деді маман.
Тұмаудың алғашқы белгілері ағзаға түскен вирус бөлшектерінің санына, оның түріне, адамның иммундық жүйесіне байланысты бірнеше сағаттан 2-4 күнге дейін созылатын инкубациялық кезеңнен басталады. Егер адамның дене қызуы 3-5 күн бойы түспесе, ауырсынуды басатын дәрілерді қабылдағаннан кейін де басылмайтын қатты бас ауруы, сондай-ақ ентігу, сананың бұзылуы, геморрагиялық бөртпелер шықса, жедел медициналық көмекке жүгінгені жөн.
ТҰМАУДАН ҚАЛАЙ АРЫЛАМЫЗ?
Алдымен тұмауға қарсы маусымдық профилактикалық екпе алған дұрыс. Одан кейін құнарлы тамақтанып, салауатты өмір салтын ұстанған абзал. Сондай-ақ маусымдық өршу кезінде жиі ауыратын балаларды көпшілік ортаға алып баруды тоқтату керек. Ойын орталықтарына, адам көп жиналатын орталарға апармаған жөн. Тұмаудың белгілері пайда болғанда, яғни жөтелу, дене қызуының 38,6 градусқа көтерілуі, мұрыннан шырышты бөлініс ағуы, жалпы әлсіздік, мазасыздық, тәбеттің төмендеуі, ұйқының бұзылуы, көздің жасаурауы мен бастың ауруында дереу медициналық қызметке және инфекционист маманға жүгінген тиімдірек.
Айналамызға қарасақ, көкжөтелдің де өршіп тұрғаны байқалады. Бұл жөнінде де ақ желеңділерден сұрап көрдік. Әсіресе, бұл індеттен балалар жапа шегуде. Сондықтан ата-аналар балаларын жұқпалы індеттен қорғауы керек.
Мамандардың айтуынша, көкжөтел – тыныс алу жолдарының жұқпалы ауруы. Дерттің қоздырғыштары – «Bordetella pertussis» деп аталатын спецификалық бактериялар. Ол адам ағзасына ауа тамшылары арқылы беріледі. Бұл індет циклды ағыммен өтіп, кеңірдек, көмей, бронхылардың шырышты қабығын зақымдайды. Аурудың алғаш жұғу сәтін катаральды кезең деп атайды. Оның ұзақтығы 3-14 күнге дейін созылады. Басты белгісі – тоқтаусыз, қатты жөтелдің пайда болуы. Бұндай кезде кейбір науқастарда дене қызуы мүлде көтерілмейді, ал кейбіреулерде субфебрильді температура (37-37.5 С) сақталып тұрады. Бұдан кейін, яғни екіншісі – ұстамалы жөтел кезеңі басталады. Ол 3-8 аптаға дейін, кейбір жағдайда одан да көпке созылып кетуі мүмкін. Ұстамалы жөтелдің ерекшелігі – катаральді кезеңдегі жөтел өзгеріп, күшейіп, тыныс алу қиындап, булығу пайда болады. Қатты жөтел кезінде баланың беті қызарып, тілін сыртқа шығарады. Жөтелден соң құсу, тұтқыр қақырықтың бөлінуі, бет-ауыздың ісінуі сынды белгілер байқалады. Тіпті көзге де кері әсерін тигізіп, конъюнктива астына қан құйылулар болуы мүмкін. Ал көкжөтел көпке созылып, асқынып кетсе, қайғылы жағдай орын алуы ықтимал. Әсіресе, 1 жасқа дейінгі балалар үшін қауіпті.
Осы тақырып бойынша кент тұрғыны Г.Асанова былайша пікір білдіреді:
– Бала өзінен-өзі ауырмайды. Бірақ олар ауырса, тыпыршып, күндіз-түні ем-домын беріп, қарайлаймыз. Меніңше, көп жағдайда көкжөтел ересектерден жұғады. Егер үлкендер ұзақ уақыт жөтелсе, демек ол көкжөтелмен ауырды деген сөз. Алайда бұл сырқат оларда жеңіл өтетіндіктен, көбі созылмалы жөтел екенін елемейді. Салдарынан бала зардап шегеді. Сондықтан біз өзіміз аурудың алдын алып, балаларға жұқтырып алмауды ойлауымыз қажет.
КӨКЖӨТЕЛДІ ЕМДЕУДІҢ ЖОЛЫ ҚАНДАЙ?
Аурудың алдын алудың ең тиімді жолы – көкжөтелге қарсы екпе қабылдау. Екпе салдырған балалар арасында көкжөтелмен сырқаттану көрсеткіші өте төмен екенін айта кеткен жөн. Яғни егілген балалар аталған індетпен сирек ауы¬рады әрі жұқтырған күннің өзінде жеңіл түрде өткереді. Керісінше, егілмеген балалар арасында көкжөтел ауруын жұқтыру көрсеткіші жоғары. Олардың ауруы да созылып, ұзақ уақыт емдеуді қажет етеді. Бұндай жағдайларға жол бермес үшін уақытында екпе алу керек. Мәселен, биыл осы дертті жұқтырғандардың дені егілмеген балалар екені анықталды. Айта кетейік, көптен бері жөтеліп жүрген адамдардан сақтану қажет. Оларды оқшаулап, көкжөтел таяқшасының бар-жоғын анықтап, ауруын асқындырмай емдеген жөн.
ТҮЙІН: Қысқасы, тұмау тиіп, салқындасаңыз, бірден қаралыңыз. Егер ол өршіп кетсе, оның бетін қайтару қиынға соғады. Сондықтан инфекциялардың таралуына тоқтау салу үшін медицина мамандарының кеңесіне құлақ түріп, міндеттелген екпеден бас тартпайық, денсаулыққа мән берейік.

Айнұр ИБРАШЕВА
02 сәуір 2024 ж. 157 0