Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » МҰНДАЙ ДАУЫС АДАМЗАТТА БОЛМАҒАН

МҰНДАЙ ДАУЫС АДАМЗАТТА БОЛМАҒАН

Жақында екі шетелдік музыканттың ютуб каналынан әнші Димаш Құдайберген туралы бейне жазбасы берілді. Тележүргізуші музыкант орыс тілінде сөйлеп, қасындағы музыкант ағылшынша жауап беріп отырды. Бейне жазба шамасы халықаралық «Новая волна» («Жаңа толқын») хабарынан берілсе керек.
Хабарда жүргізуші музыкант қасындағы Джониға қазір дүние жүзіне танымал әнші Димаш Құдайбергеннің орындауында «Ұмытылмас күн» атты әнді тыңдайтындарын жеткізді. Сөйтіп, әннің шумағын орысшаға аударып айтып берді. Әннің махаббат туралы екендігін жеткізді. Музыка үні шалқып, көрермендер қол соғып, шулап кетті. Сахнада Димаштың қазақша әні қалықтап қоя берді.
Жүргізуші музыкант Димаштың дауысына таңқалыс білдіріп, жанындағы музыканттан: «Бұл не болды? Микрофонның шуы ма? Әлде ол ма?» деп сұрады. Анау да таңданып: «Иә, сол, соның дауысы» деді. Әннің бірінші шумағы маған ұнады деген жүргізуші музыкант, кенет әннің мына жері Элтон Джонның әніне ұқсап кетті деуі мұң екен, Джони ол әннің бір шумағын орындады. Бірақ ол да: «Тамаша, Димаш өзінің жүрегімен таза махаббат жырын айтып тұр. Жанының тереңдігін білдірді» деп, музыкадан хабары зор екендігін аңғартып отырды.
Димаш әннің қайырмасын шырқағанда музыкант «керемет енді басталды» деп шарықтаған жоғары ноталарға басын шайқады.
Жалпы музыкада нота – белгі, дыбыс деп аталады. Музыкада 7 дыбыс бар. До, ре, ми, фа, соль, ля, си. Дыбыстар төменнен жоғары, жоғарыдан төменге түсіп, көтеріліп жатады. Нотаны жоғары дыбысқа салу тонға – дауыс ырғағына байланысты. Мелодиясы жақсы екен дегендері – әннің сазы сарыны, күйі келісті деп жатқандары. Музыка тілінде гамма дыбыстардың бірыңғай я көтеріңкі, я төмендеп келетін қатар тәртібі. Ал октава – гамманың сегізінші дәрежесі, аттас дыбыстардың түрлі жоғарылық интервалы, ара қашықтығы.
Мысалы, алғашқы «до» нотасы мен екінші «до» нотасының аралығы. Яғни до-дан, до-ға дейін дегендей.
Сондай-ақ (низкий бас) октава, (жуан дауысты) октава деген секілді. Ана жерде «қандай тональность» деп таңданып жатыр. Тональность – үндестік. Өзі құралған гамманың үніне байланысты музыкалық шығарманың үйлесімдік негізі. Мәселен, әнді төменгі, орта, жоғары тональносте жазылған екен деп жатады. Ана екі шетелдік музыканттардың таңдануы заңды. Өйткені пианино аспабында 6 октава болады. Димаш пианинода жоқ 7-ші октаваның ре (8) нотасын алып тұр. Ғажап, ғажап емес пе?! «Ол – жетінші октаваны алды» деген жүргізуші музыкант қазақ баласының ерекше дауысына қайран қалып: «Бұл дыбысты алған адамды көрмеппіз. Адамның шексіз дауысын салды. Бұл – шындық» деп, таңқалыстарын да, қызығушылықтарын да, жоғары баға беріп, қазақтың тума талант, дарынды жас әншісі Димаш Құдайбергенге көрсетіп отырған айрықша құрметін де жасырмады. Біз де қуанысып қалдық. Біздің осындай талантты ұл-қыздарымызды шетелдік сарапшылар аңғарып, бағасын беріп жатады.
Қазақстанның даңқын шығарған, дүние жүзіне белгілі әнші, композитор, ұлттық домбырамыздың құлағында ойнайтын, шексіз дауысы бар Димашқа ҚР Халық әртісі атағын беруі әбден жарасып тұр.Әлемде сегіз миллиард халық болса, соның екі-үш миллиарды жанкүйер болып жүрген мұндай әншіні Алланың қазақ халқына берген сыйы, ғаламат, дарынды баласы деуіміз керек. Қайталанбас ең жоғарғы октавадағы дауысымен Қытай халқын бас идірген, Америка, Австрия, Германия, Армения, Ресей тағы басқа елдердің жұртын сүйсіндірген қазақтың ұлтжанды батыр ұлы Димаш жанға зор денсаулық, шалқар шабыт, асқаралы абырой, Құдайдан көз тимесін тілейміз.

Өркен ИСМАИЛ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі,
ҚР-ның мәдениет қайраткері
18 қаңтар 2024 ж. 90 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№78 (9242)

01 қазан 2024 ж.

№77 (9241)

28 қыркүйек 2024 ж.

№76 (9240)

24 қыркүйек 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031