Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » БІР, ЕКІДЕН АСПАЙ ТҰРМЫЗ, НЕГЕ БІЗ?

БІР, ЕКІДЕН АСПАЙ ТҰРМЫЗ, НЕГЕ БІЗ?

Ауылдағы ағайынның басты табыс көзі – төрт түлік пен егін шаруашылығы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елді мекендердің еңсесін көтерудегі бұл бастамасы ауылдағы ағайынға әл беретіні ақиқат. Президент тапсырмасынан кейін көп істің көші түзеліп, шалғайдағы ағайынның шаруасы оңалады деген ойдамыз. Өйткені қысы-жазы төрт түлігінің қоңын қамдап, басын көбейтуді мақсат тұтқан шаруа қожалықтарына, егін егетін шаруаларға «Ауыл аманаты» жобасы жақсы мүмкіндік беруде. Бірақ аудан көлемінде бұл жоба саны бір, екіден аспай тұр. Неге?
2023 жылы 25 желтоқсанда ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенованың төрағалығымен Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Түркістан облыстарында «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асыру қорытындылары және келер жылға арналған жоспарлар талқыланыпты. Мұны біз үкімет сайтынан көрдік. Ол жерде Тамара Дүйсенова:
– Қаражатты бөлу кезінде әр ауданның ерекшелігін ескерген жөн. Біздің басты мақсатымыз – азаматтарға өз кәсібін ашуға мүмкіндік беру немесе жаңа жұмыс орындарын құру арқылы ауыл тұрғындарының табысын арттыру. Сондықтан әкімдіктер осыған баса мән беруі керек, – деген.
Осы жоба бойынша ауданның дерегін ұсынбай тұрып, өзге аймақтарға шолу жасап шығайықшы. Мәселен, Ақтөбе облысында мал шаруашылығы бойынша 2,5 мыңнан аса, өсімдік шаруашылығы бойынша 264, құс шаруашылығы бойынша 285 жоба ұсынылып отыр. Ал Батыс Қазақстан облысы өз тұрғындарын азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етуге ниетті. Өңір басшысының орынбасары Қалияр Айтмұхамбетовтың сөзінше, қазірде өңір өзін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының сегіз түрімен толық қамтып отыр екен. Енді «Ауыл аманаты» бағдарламасының көмегімен азық-түліктің тағы жеті түрі бойынша көрсеткіштерді жақсартуды мақсат тұтқан. Жоба аясында бастапқыда қаржы көбіне шикізат базасын құруға бағытталмақ болған, енді аймақ қайта өңдеуге басымдық бермек. Келер жылға облыс сомасы 8 млрд теңге болатын 1 345 жоба жоспарлап отыр. Оның басым бөлігін мал мен құс шаруашылығына бағыттау көзделіп отыр.
Екі дүние есігі болған Түркістан облысының жоспары сәл өзгеше. Өткен жылы «Ауыл аманаты» жобасына 64 ауылдық округ қатысқан. Аралық нәтижелерге сәйкес 3,5 мыңнан аса жұмыс орны құрылып, атаулы әлеуметтік көмек алушылар санатынан 340 адам шықты. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін 19 жаңа нысан ашылып, 328 жылыжай құрылысы қаржыландырылды. Азаматтардың өз кәсібін ашуына 120-дан аса жоба мақұлданды. Енді осы тұста облысқа ойыссақ. Дәл осы жобаны жүзеге асыру үшін облысқа 3 млрд теңге бөлінген. Өздеріңіз көріп отқандай, өзге облыстар миллиардтап игеріп жатыр.
Тиісінше Шиелідегі көрсеткіш көңіл қуантпайды. Ауданда өткен жылы 22 ауылдық округ пен кенттен 75 жоба мақұлданған. Кенттен 34 жоба мақұлданса, Бидайкөл мен Қоғалы, Тұраннан 3, ал Ы.Жақаев ауылынан 5, Бәйгеқұмнан 4 жоба ғана өткен. Қалған елді мекендерден тек 1-2 жоба өтіпті. Сонда мемлекеттен беріліп отырған жеңілдетілген несиені біздің аймақтың алуға және оны игеруге қауқары жетпей ме?
Кімнің ағаттығы екендігі де беймәлім. Әрине, таяқтың екі ұшы барын білеміз. Алайда қаржы тартудың тиімді тетіктерін таба алмаған ауыл әкімдерінің осалдығы ма дерсің? Ауылға әл беретін жобаға салғырттық танытып жүрген жауапты сала мамандарының немқұрайлылығынан ба деген ой да келеді. Бір айта кетерлігі, ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасына сәйкес 2025 жылы спутникті ауылдарды қаржыландыру тоқтауы бек мүмкін.
Осы тұста ақын Төлеген Айбергеновтың «Ақын болу оңай деймісің, қарағым, Аузында болу бұл өзі сыздаған барлық жараның...» деген жыр-шумақтарының алғашқы тармағын сәл бұрып, мақалаға тұздық етіп алдық. Мұны әбестік санай көрмеңіз. Жасыратын несі бар, ауылда шешімін таппай, бітеу жара сияқты сыздап жатқан мәселенің, көптен бітпей тұрған көп шаруаның бір ұшы әкімге келіп тиері сөзсіз. Ауылды түлетуге, көркейтуге құлшынысы артып тұрған тұрғынға ауыл әкімі өз тарапынан қолдау беріп, демеп, заң талаптарына сәйкес әр есікті кәсіпкермен қатар жүріп ашып, қажетті құжаттарын әзірлеуге септігін тигізу керек-ақ.

Сұлушаш МАДИЯРОВА


18 қаңтар 2024 ж. 78 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№78 (9242)

01 қазан 2024 ж.

№77 (9241)

28 қыркүйек 2024 ж.

№76 (9240)

24 қыркүйек 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031