Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ДӘРІНІ ҚЫМБАТТАТУдың сыры неде?

ДӘРІНІ ҚЫМБАТТАТУдың сыры неде?

Өткен жылдары «Дәрі неге қымбат?», «Дертке дауа, қалтаға салмақ» деген тақырыпта біраз дүние жарық көріп еді. Сол бағаның шарықтауы өз қарқынынан танбай келеді. Бір сөзбен айтқанда, бағаның өсуі бұқараны шатқаяқтатумен келеді.

Денсаулық сақтау саласында қиындықтарға әлі де тап боламыз. Жаның қиналып, дертіңе ем-дом іздеп барғанда тегін делінетін медициналық мекемелердегі қызметкерлердің ақиқат сөзіне иланбасқа шараң қалмайды. Кейбір мәселе бойынша пікір білдіре қалсаң, ақ желеңді жандар төрт құбыласы түгел ақылы орталықтарға баруды ұсынады. Ондағы баға екінің бірінің қалтасын көтере қоймайтындығы тағы бар. Сондайда салы суға кетіп, арзан дәрі мен халық емшілеріне жүгінетіндер жоқ емес. Қымбатшылықты желеу еткендердің айтатыны – баяғы нарық талабы. Сатуға қойған заттарын қымбат бағамен алатынын алға тартады.

Дәрінің қымбаттығы тәні ауырған жанның жүйкесін жұқартып жібереді. «Бұл қалай?» деп те айта алмайсың. Мәселен, дәрігер тізіп берген дәріні алу үшін дәріханаға 1000-2000 теңгемен бару арман. Кейде 20-30 мың теңгенің өзі жетпей жатады. Дәріхананың ішінде тиындарын санап тұрған қарт адамдар мен аз қамтылған отбасыларын жиі кездестіресің. 2015 жылмен салыстырғанда фармацевтикалық өнімдердің бағасы едеуір өскен. Сәйкесінше, зейнетақы мен айлыққа қосылған үстемені осылар әп-сәтте қағып түсері анық.

Тақырыпқа тұздық болсын, осы мәселеге қатысты тұрғындар пікірін білмек ниетте «Дәрі-дәрмектің бағасын қалтаңыз көтере ме?» деп сауалнама жүргізіп көрдік. Нәтижесінде «Күнделікті алып жүрген препараттарымыз жоқ дегенде 200-300 теңгеге қымбаттады», «Бала-шағамызға «киініп жүріңдер, салқын су ішпеңдер, ауырып қаласыңдар, қазір дәрі қымбат» деп айтатын болдық», «Бұл бағаның қайда өсіп бара жатқандығы миға қонымсыз» деген жауаптарды көрдік. Дәрі-дәрмектің бағасы басы ауырып, балтыры сыздаған әр адамды ойлантатыны анық. Бірақ ниет бар да, мүмкіндік бір басқа. Шындығы сол, шипа іздесеңіз, алдымен қалтаңыз қалың болуы шарт. Бұл – тұрғындардың айтар ойы.

Мақаламыз мардымды болу үшін біз де дәрі бағасына көз жеткізуге тырысып бақтық. Айтайтынындай-ақ бар. Дәрі бағасының әр алуандығы санаға салмақ салады. Біле білсеңіз, еліміз әр жыл сайын дәрі сатып алуға 300 млрд қаржы бөледі екен.
Шымбайға батса да, шындық осы. Ауданда қаізргі таңда филиалдарымен қосқанда жалпы 20-дан аса дәріхана бар. Қыс та түрлі сырқаттың бас көтеретінін қосыңыз. Демек, дәрі-дәрмек іздеушілер қатары да арта түседі. Соған байланысты тұрғындарда емге дауа болған дәрілердің бағасы қайта шарықтай ма деген үрей жоқ емес. Бірі білсе, бірі білмес, қазір «Dari.kz» деген мобильдік қосымша бар. Осы қосымша арқылы кез келген тұрғын еліміздегі дәрі-дәрмектің шекті бағасын көруге болады.
Жаңа жылда зейнетақы, жәрдемақының өскендігін білеміз. Енді дәрі-дәрмектің ғана емес, азық-түлік бағасы шарықтап кетпей ме деген үрей бар. Апшыны қуырар баға болса, олар оған тамақ ала ма, әлде жанын жеген сырқатқа дәрі алу үшін жұмсай ма? Дәулетті елдің адамы қымбатшылықтың қыспағында қашанға дейін қалмақ?

Сұлушаш БАХТИЯРҚЫЗЫ
10 қаңтар 2024 ж. 201 0