Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Сабын жасап кәсіп ашқан

Сабын жасап кәсіп ашқан

«Жас келсе, іске» демекші, ерік-жігердің барында ел дамуына еңбек ету қажет. Дәл солай ауданның өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосып, жаңа көзқарасты қалыптастырып жүрген кәсіпкерді ерекше айтып кетейік.
Тұрсынбай датқа ауылының тұрғыны – Феруза Күншығарова тамыз айынан бастап әр түрлі пішіннен құралған иіс сабын шығаруды қолға алды. Айтуынша, қызығушылықпен басталған кәсібі бүгінде нәсібіне айналып отыр. Кейіпкеріміз тек ғана иіс сабын ғана емес, кір сабынды да жасайды. Алғашқыда өнімнің жасалу жолын жолдасы – Абзал Бегманов үйреткен көрінеді. Кәсіп бастағанда кезде жақындарыңның қолдауы зор екенін жеткізді.
Сонымен қатар ол иіс сабын шығару үшін жан-жақтан ақпараттар алып, ізденеді. Қосындыларын тауып, жаңа құрам ойлап табуға тырысады. Сабынның ерекшелігі – түрлі пішінінде. Онда хош иістендіргіштер мен бояғыш заттар қосылған. Бұлар кішкентай балаларға әсер етпейді және зияны жоқ. Аллергия да ­тудырмайды.
–Табиғи өнім болған соң, өте жақсы көпіреді. Әрқайсысы әр түрлі грамына қарай бағасы өзгереді. Иіс сабынды енді ғана үйреніп жүргеннен кейін, айтарлықтай табыс таба алмадым. Әйтсе де, құрбы-құрдастарыма, достарыма сыйлық ретінде апарып беремін. Бастапқыда ешкі сүті қосылған сабын негіздерін қосатынмын. Бұл мен үшін қымбаттау болды. Әрмен қарай, пальма, какос майымен бар табиғи өнім қоспаларымен жасап көрдім. Өте ерекше шықты. Қазіргі таңда осы қосындылармен жұмыс істеп жүрмін, – дейді кәсіпкер.
Жалпы айтқанда сабын шығару қиын емес. Тек әдіс-тәсілдерін білсең болғаны. Теориядан бұрын, тәжірибені көп қажет етеді. Иіс сабындарды жасау үшін әрбір қоспаны дұрыс ерітіп қосу қажет. Сонда ғана өнім сәтті әрі әдемі болып шығады.
Ферузаның сабын шығаратын бөлек цехы жоқ. Әзірге кәсібін үйінің ауласында-ақ дөңгелетуде. Ерекше кәсіпті қолға алған 33 жасар келіншектің бұл ісі «Бірдеңе істеу керек еді...» деп жүре беретін кейбір жандарға үлгі десек қателеспейміз. Ендеше жас кәсіпкердің жұмысына сәттілік тілеп, «Сұлу» атты отандық өнім алға бассын демекпіз!

Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ
25 желтоқсан 2023 ж. 178 0