СЫР СОТЫНА – 85 ЖЫЛ
Қызылорда облыстық сотының құрылғанына биыл сексен бес жыл. Осы жылдар ішінде бұл бірлігі бекем ұжым өз жұмысын жүйелеп, талай үздік іс, жоғары көрсеткішімен өзге аймақтардағы әріптестеріне үлгі бола білді. Төрелік алаңында тәлім алып, тәжірибесін шыңдаған қаншама жан бүгінде отандық сот пен еліміздің заң, құқық саласында жемісті еңбек етуде.
Облыстық соттың тарихы Қызылорданың дербес аймақ ретінде құрылуымен етене байланысты. Яғни Сыр сотының іргесі 1938 жылы қаланған. Міне, содан бері аймақ соты өз міндетін мүлтіксіз орындап келеді. Мерейлі датаға орай түнеукүні облыста халықаралық ғылыми-конференция ұйымдастырылып, салтанатты жиын өткен болатын. Ол жерде сот жүйесінің ардагерлері мен қызметкерлеріне арнайы құрмет те көрсетілді. Сәйкесінше сот жүйесіне қатысты пікірлер талқыға түсті.

Бәрін айт та, бірін айт, облыстық соттың 85 жылдығына орай «Сыр елінің сот билігі» атты кітап жарық көрді. Мемлекет басшысының алғы сөзімен басталатын жинақта 85 жылдық тарих кеңінен баяндалып, әр жылдары осы салада абыройлы еңбек еткен судьялар мен басқа да мамандардың қызметтері жайлы айтылады. Сонымен қатар облыстық соттың тарихы, майдангер судьялардың, төрағалардың қызметтері, өмірбаяндары, сот жүйесіндегі қоғамдық іс-шаралар туралы сөз болған.
Дәл сол күні Қаз дауысты Қазыбек би секілді етжеңді тірлікке ерте араласқан Тұрмат Сабекұлы аймақ басшысының қолынан облыстың «Құрмет грамотасына» ие болды. Бұл да еңбегінің бағаланғаны шығар. Кеудесі төсбелгімен жарқырап, алғыс хатпен абыройы асқақтауда. Оның үстіне мәртебелі маманға берілетін ең биік марапат «Үш би» құрмет белгісінің иегері. Бұл саналы ғұмырында билер ізінен тайқымай, әділдіктің ақ туын көтергендерге ғана көрсетілетін құрмет. Біле білсеңіз, «Үш би» құрмет белгісін біздің өлкеде иеленген тұңғыш судья – осы кісі. Бұдан бөлек жіпке тізсең таусылмайтын марапаттары да жетіп артылады. Мұның барлығы Тұрмат Сабекұлының мамандық майталманы екенін дәлелдейді.
Айта кетейік, Кеңес үкіметі тұсында сот жүйесі бес сатыны қамтыса, қазір жаңарған реформаға сай үш саты бойынша іске асуда. Бүгінде Сыр өңірінің судьялар корпусында 85 судья, 216 сот қызметкері еңбек етеді. Облыстық сотта жыл сайын шамамен 30 мыңға жуық іс қаралады. Әр кез ашықтық пен әділдікті басты орынға қойған судьялар әр істі мұқият қарап, ақиқатты анықтауға күш салуда.
С.МАДИЯРОВА