ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІКТЕГІ ТАҒДЫР
Күнделікті уақыт бойынша редакцияға қарай бет алдым. Бұл жолы әдеттегі дәстүрді бұзып, таксиге емес, ауданға қатынайтын автобусқа отыруды жөн көрдім. Аялдамаға жете бергенім сол еді, қоғамдық көлік те келе қалды. Мінсем, тек артқы жағында ғана бос орын бар екен. Дереу барып жайғаса кеттім. Қасымда жасы шамамен он жасар балақай отырды. Жүзі жылы, күлімдеп тұрғанымен, көзінде жасырынған мұңы барын сездім.
– Балақай сәлем! Жол қысқарсын, әңгіме айтайық, – деп сөзге тарта бастадым. «Сәлеметсіз бе!» деп ізеттігін танытты ол.
– Балақай сәлем! Жол қысқарсын, әңгіме айтайық, – деп сөзге тарта бастадым. «Сәлеметсіз бе!» деп ізеттігін танытты ол.
– Ауданға анама бара жатырмын. Ол базарда сауда жасайды. Бос уақытымда барып көмек беремін, – деді.
– Әәә, жөн екен. Жарайсың, әкеңнен алған тәрбиең-ау. Әкең анаңды қалай сыйласа, сен де солай қолқанат боласың, – деп едім үнсіз, қымсынып қалды. Түрі де бозара кетті.
Тілімді тістедім де қалдым. Нем бар еді айтып?! Орынсыз сөзімді жуып-шайып:
– Інішек, бәрі жақсы ма? Көңіліңе келетін бірдеңе айтып қалдым-ау шамасы. Әкең бар ма еді? – деп сұрадым. Үнжырғасы біршама түсіп, ұзақ үнсіз қалып барып, жауап қатты.
– Әке дейсіз бе?... Нағыз әкем ол – менің анам. Әкем ара-тұра келіп, керек-жарағымды әкеліп тұрады. Әке тәрбиесін көрмедім де, – деп ызалана жауап қайтарып, терезе жаққа бұрылды. Сөйтті де бір нүктеге қадалды да қалды.
Жай түскендей болды төбемнен. Тыпыршып қалдым. Жанды жеріне тигенімді білдім. Не деген намысшыл бала! Әлі-ақ бір жерді тесіп шығарына сенімді болдым. Ауылдан ұзай бергенімізде, арттан менмұндалап Қаратау көрінді. Ол сол кезде әпке деді:
– Анау асқар тау менің әкем болса ғой, шіркін! Еһ, әкенің қамқорлығы жоқтығынан болар, анама демеу болуға шамам жетпей жатады. Шешім қабылдамас бұрын, менің тағдырымды талқыға салса қайтеді?! Жауапты дүниеге жауапсыз қарағаны нелері? Менің жазығым не? – деп ауыр күрсінді. Көздерінен ыстық жас ыршып шықты. Оны байқатқысы келмеді. Ауыр ойдан арыла тұрайын дегендей, әңгімені дереу басқа бағытқа бұра салды.
Міне, бұл небәрі 10 жасар баланың әңгімесі.
Түйін: Статистика бойынша ауданда осы жылдың 10 айында 104 отбасының шаңырағы шайқалған. Ал еліміз ажырасудан әлем бойынша 114 елдің ішінде 16 орында тұр. Қуантарлық дүние емес. Қаншама отбасы ойран болып, қанша бала жаутаңдеп қалды десеңізші?! Маған жолсерік болған мына бала – солардың бірі.
Сұлушаш БАХТИЯРҚЫЗЫ
Сұлушаш БАХТИЯРҚЫЗЫ