Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » АУЫЛ ДӘМІН ҰСЫНҒАН АНА

АУЫЛ ДӘМІН ҰСЫНҒАН АНА

Ауыл дәміне ештеңе жетпейді. Еңбекші елді мекенінде атакәсіпті өркендетіп, төрт түліктен нәсіп тапқан, сүт сауып, май шайқап, құрт кептіріп, көпке үлгі болған Гүлзина Ізбасар тұрады. Ағарғаннан түрлі дәм дайындап, нарық заманында тіршіліктің қайнар көзіне айналдырып, табыс тауып жүрген жанмен әңгімелескен едік.
Басынан ақ жаулығы түспеген кейіпкеріміз 3 ұл, 3 қыздан үбірлі-шүбірлі болып отырған 4 немеренің әжесі. Жасы елуді еңсерсе де, қимылы ширақ. Кез келген істі ұршықша иіреді. Әсіресе құрт дайындап, күбі піскенде алдына жан салмайды.
Гүлзина Ізбасар әр таң сайын 2 бас сиыр сауады. Көктемде оның саны 4, 5-ке дейін жетеді. Зеңгі баба өнімінен құрт, май әзірлейді. Дайын болған өнімдерді Астана, Алматы, Қызылорда қалаларына жөнелтеді. Тіпті тұрақты тұтынушылары да бар. Оның айтуынша, қарапайым құрт дайындаудың өзінде бір бастан жетіп артылатын жұмыс бар екен.
– Жер бетінде құртты білмейтін қазақ жоқ шығар. Алайда оның да әр алуан түрі кездесетінін білетіндер көп емес. Иә, құрттың өзі неше түрлі болады. Мәселен, жас құрт. Қайнатылған құрт сүзіліп сорғығаннан кепкенге дейінгі жас құрт деп аталады. Суы сорғыған құртты қолмен сындырып, яғни жарып, кесек-кесек етіп сөреге жаяды. Бұл – жарма құрт. Жарма құрттан қалған құрттың үгіндісін жинап, қолмен сығып сықпа құрт жасайды. Ежігей – көбінесе күзге қарай дайындалатын, қатты құртқа тісі өтпейтін кәрі-құртаң мен балаға арналған құрт. Құртты сүзіп алғаннан кейін кеберсігенде үгітіп сақтайды, кейде қатып қалмас үшін ішіне сары май қосып араластырады. Малта көбінесе жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер кезі, яғни қыстың соңы мен көктемнің басында жасалады. Ұзақ уақыт сақталып, өте қатты болып қалған құртты келіге салып түйеді. Құртты қатты үгітіп жібермейді. Сосын ұсағын жинап алады да, қалған домаланған кесектерін қайнаған суға салып қояды. Сонда өзен судағы домалақ тас секілді малталанған құрт пайда болады. Езбе құрт, аты айтқандай, езіп жасалады. Сүзбе құртты айранды сары суынан айырғаннан кейін сықпалап, қатырып жасайды. Міне, құрттың осындай түрлі атауы бар, – дейді ақ жаулықты ана.
Қазір мал және егін шаруашылығымен шұғылданатын шаруа қожалықтарына мемлекет тарапынан түрлі қолдау бар. Бірақ осы күнге дейін бірде-бір мемлекеттік қолдауға қол созбаған Гүлзина сияқты еңбекқор жандарға қолдау көрсеткен жөн шығар. Себебі ағарған – қазақ үшін киесі артқан қасиетті өнім. Ол – деннің саулығымен қатар, таза пиғыл, ақ тiлек пен ақ пейілдің белгісі. Ендеше аузымыз аққа, көңіліміз көкке жете бергей!

Сұлушаш Мадиярова
27 қараша 2023 ж. 150 0