Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Өмір құндылықтары – адам тағдырының бағдаршамы

Өмір құндылықтары – адам тағдырының бағдаршамы

Өмір – әрбір жанға бір-ақ рет берілетін, ақ пен қарасы қатар жүретін сынақ. Сол қамшының сабындай қысқа өмірде басқаларға жақсы тәрбие мен өнегелі үлгі болатындай абыроймен өмір сүру – ол бір бөлек.
Ар-намыс, қадір-қасиет, адамның беделі, отбасы – пенде өмірінде, ой санасында арнайы басты адами қасиетті құндылықтары. Ал отбасылық құндылықтарының мәуелі бәйтерегі ол – ана. Ана өз ұрпағына дұрыс жолды меңзеп, жақсыдан үйренуге, жаманнан жиренуге, рухани бай болуға септігін тигізеді. Ананы әр үйдің шам-шырағы, жанған бағы, құндылықтардың негізін салушы деуге болады.
Өмір мен отбасы құндылығы жайында сәрсенбі күні аудандық орталық кітапханада семинар-тренинг өтті. Оған аудандық қоғамдық даму бөлімі, «Қызылорда облысының жастар одақтары» қоғамдық бірлестігі, «Жергілікті әйелдер кеңестері жұмысын дамыту және отбасы мен неке құндылықтарын насихаттау бағытында шараларды ұйымдастыру қызметі» әлеуметтік жобасы мұрындық болған. «Өмір құндылықтары – адам тағдырының бағдаршамы» деп аталатын семинар-тренингке аудандық әйелдер кеңесі төрайымының орынбасары Құттықыз Ыханова, аудандық қоғамдық даму бөлімінің әдіскері Жанар Маханбетова, аудандық орталық кітапхананың директоры Гүлдана Жақыпова мен ауылдық округтерден келген жас аналар қатысты.
Басты мақсат – ата-аналардың эмоционалды құзіреттілігін, өзіндік сана-сезім және қарым-қатынасты реттеу дағдыларын қалыптастыру. Семинар-тренингті №47 М.Ломоносов атындағы мектеп-лицейінің педагог-психологтары Айнұр Шағдарова, Динара Байзақова және Динара Құдайбергенова жүргізді.
Семинар-тренингте қатысушылар үш топқа бөлініп, «Ерке есім», сергіту жаттығулары, мозайка және сыр сандық деп аталатын кезеңдерді қамтып, түрлі ойындар ұйымдастырылды. «Менің отбасым – менің мақтанышым» атты видеоролик те көпшілік назарына ұсынылды. Шара соңында әр қатысушыға әрқашан жағымды эмоция, жылы сезім тілей отырып тәтті тілектер табыс етілді.
Осылайша, тренингке қатысушы қыз-келіншектердің алған әсерлерімен бөлісіп, өз ойларын ортаға салуы, жақсы көңіл-күймен тарқасты. Естелік фото-суретке де түсуді ұмыт қалдырмады.

Шарапат Мұратқызы
13 қараша 2023 ж. 149 0