Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Терең өңдеу – даму, өрлеу

Терең өңдеу – даму, өрлеу

Кез келген ұлттың өсіп-өнуіне, қалыптастырған ортасы мен қоғамының дамуына, жаңғыруына қажет ­басты құндылықтар татулық, бірлік, тыныштық, өнер-білім, кәсіп. Бұл аксиома.
Ал енді ұлттың ешнәрседен ұтылмай-ұсақталмай, жаһандық бәсекеде жүндей түтіліп жүнжімей, бордай тозып-бұзылмай сол ұлттың басты құндылықтары деп сипатталатын бірлік, татулық, тыныштығын сақтап қалуы үшін ең бірінші керек құндылық – тоқтық. Материалдық тоқтық. Иә, қарынның тоқтығы. Қазақта мынадай сөз бар «аш бала тоқ баламен ойнамайды» деген. Өзі аш балаға расында ойынның керегі бар ма өзі? Аш адамға сенің аузыңнан шыққан ойлы, мәнді, дінді философиялық толғамдарыңның құны көк тиын! Бұл тұрғысында халық арасында «Ораза намаз тоқтықта, ұшырасаң жоқтыққа, сәлдең қалар боқтықта» деген сөз бар. «Халық айтса, қалып айтпайды, қалт айтпайды» деп жатамыз ғой. Бұл байламымызды жыр алыбы Жамбылдың «Жақсы сөзді ел жаттар, ел жаттар сөзде салмақ бар» деген толғамы да қуаттай түссе керек. Ұлт ұстазы А.Байтұрсыновтың «Басқадан кем болмау үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болу үшін оқу керек, бай болуға кәсіп керек. Ал күшті болуға бірлік керек» деген сөзіне зер салар болсақ, бұл сөзде де халыққа керек бірінші құндылық әуелі білім, одан кейін екінші құндылық байлық, кәсіп. Өзі білімді, сауатты, өзі кәсіпкер, бай халық одан кейінгі үшінші құндылықты өздері-ақ қорғап, сақтай білуге сана-сезімі мен ой-өрісі жететіндігі айтпаса да түсінікті болса керек.

Тарих парағын мың жылға кері ақтарайықшы
Мамандығымыз философ-тарихшы-журналист болғандықтан халқымыздың өткеніне терең шолу жасағанды жөн көреміз. Адамзат өркениетінің бастау-бесігі деп саналатын Қытай, Үндістан, Грек, Мысыр тарихы, олар қалыптастырған ежелгі өркениет, дін, филосифия, мәдениет, жазу-өнер ­бастауы тереңдете зерттегеннің өзінде 7-8 мың жылдан әрі аспайды. Одан арғы тарих, одан арғы адамзат дәуірі тұман! Антик дәуірі ары кетсе 4 мың жыл. Перғауындар билігінің ­бастауы, пирамидалар құрылысының уақыты 5 мың жыл. Шын-Машынның мәдениеті, діни-философиялық трактаттарындағы тарихи деп танылып жүрген аңыз толғамдары 7-8 мың жылдан әріге тартпайды.
Ал, қазақтың ше? Бұған дейінде жазғанымыздай, біздің өткеніміз, тарихымыз нақты тас таңба, жазу-сызу, әліпбиімізбен дәлелді деректер бойынша 34 мың жылдан әріге тартады.
Ондаған мың жылдарға емес тарих тегершегін мың жылға кері айналдырып көрелікші. Сонау ІХ-ХІІ ғасырлардағы қазақ жеріне, оның ішінде Сыр бойына сапарлап, саяхаттап келіп, кеткен араб тарихшы, жиһангездері мен еуропа саяхатшылары қазіргі Қызылорда облысы аумағында өмір сүрген оғыз-қыпшақ бірлестіктерінің, тайпаларының күнделікті тұрмыс-тіршілігін, шаруашылығын, тұтыну тағамын түгел құнттап, тарихтап, хаттап кете беріпті.
Ибн-Фадлан, Әл-Идриси немесе басқа да біздің жерге саяхаттап келіп қалған «жартылай тыңшы» арабтарға сенімсіздік танытсақта маған мынау бір еуропалық шыққан тегі еврей саяхатшысы Петахья бен-Яков га-Лабанның жазбасы қызықты көрінді. Прагадан бастап, бүкіл еуропа, кавказ, араб құмы мен Орта Азияны шарлап өткен ол (бәлкім Бұқар еврейлеріне қонаққа келген болуы да ықтимал) Сыр бойындағы қыпшақтар туралы да қойын кітапшасына түрте кеткенді жөн көріпті. Петахья өз жазбасында қыпшақтар егін шаруашылығын да қатар жүргізіп, күріш, тары егеді, тағам етеді дейді. Қыпшақтар дәуіріне дейін Сыр бойына сапарлап келген араб жиһангездері болса, оғыздардың Сыр бойында күріш өсіріп, одан күнделікті тағам әзірлеп, палау жасап, құдайы ас, той, қызықшылығында үлкен қазандарға дәмді етіп бастырып, халыққа тарататындығын тамсана жазған екен.
Бұнымен не айтпақ болғандығымызды енді ұққан шығарсыз? Иә, күріш шаруашылығы, оны тұтыну дәстүрі бізге кешегі Кеңес өкіметі дәуірінде күштеп қоныс аударылған кәрістер арқылы келмеген.

Күріш біздің ата кәсіп! Тарихы мыңдаған жылдарға тамыр тартатын төл кәсіп!
Тарих тегершегі тоқтамайды. Уақытты шыр айналдырып, мың жылдық өткенімізде келместің кемесінде кете барды. Кешегіміз көмескі тартты. Кезіндегі күріш өсірген, оны баптап күткен оғыздар Каспий айналып, Қап асып, Анадолы ауып кетті. Қыпшақтар дәуірі де бітті. «Кетті-бітті» дегеніміз шартты сөз, бір қазанға басы сыймай басқарушы бектер кеткенімен, суыққа ұрынып бетеге кеткенімен сол бел қалды, жер қалды, ел қалды орнында. Қазақта «Бетеге кетіп бел қалар, бектер кетіп ел қалар» деген тәмсіл бар. Түрлі саяси қақтығыстар мен елді басқарған оғыз-қыпшақ бектері елден безгенімен атажұртта қарапайым халықтың зәузәт-жұрағаты, кәсіп-машық шаруасы қалды.

Дамымай тұрған біздің өзіміз, сана-сезіміміз
Хош делік! Мың жылдық ата кәсіптің біздегі бүгінгі ахуалы қалай? Мың жыл бойы қол үзбей атқарып келе жатқан адал шаруашылығымыз қаншалықты алға озды, дамыды? Кеңес өкіметінің 70 жылы, одан кейінгі тәуелсіздіктің отыз жылын өткердік. Сонау сақтардан қалған сардаладағы егістік алқаптарымыз инженерлік жүйеге келтіріліп, көлемі ұлғайды. Бір кездері қаһарынан қар жауған компартияның бас хатшысы Н.С.Хрушевтің бастамасымен І тың игеру дәуірінде күріш егу, өсіру бағытына әбден машықтанып, мамандар қалыптасты. Жылымық саясат жүргізген Брежневтің кезіндегі ІІ тың игеру дәуірінде төрт-түлік саны артып, қойдың басын 50 млн-ға жеткізбесек те, 40 млн-дық меже иек астында тұрды.
Сол жылдары Шиелі ауданы 15 мың гектарға күріш егіп, қойдың аналық басын 300 мыңға жеткізді. Елді мекендер дамыды. Колхоз, совхоздар байыды. Олар өз қаражаты есебінен ауылдарда түрлі әлеуметтік нысандар яғни мектеп, балабақша соқты. Халыққа тұрғынүйлер салды. Тіпті кейбір ауылдардың кішігірім өз асфальт зауыттары болып, өз күштерімен жол құрылысын да жөндеп, жаңалап отырды. Колхоз-совхоздардың қысқа және ұзақ мерзімді даму бағдарламалары болды.
Заман өзгеріп, социалистік құрылыс құлады. Тәуелсіздік орнап, нарықтық экономика келді. 30 жылды артқа тастадық. ­Ауданда күріш егу көлемі мен мал басы қайта кеңестік дәуірдегі рекордтық көрсеткішке таяды. Осы аралықта баяғы кеңестік кезеңдерде колхоз-совхоздардың орнына тәуелсіздіктің алғашқы 10 жылдығында тиімді құрылған жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер белгілі бір мүдделер тоғысынан жеке қожалыққа айналып шыға келді. Мемлекет тарапынан түрлі көмек-қолдаулар көрсетіліп келе жатса да, ол қожалықтар бұрнағы колхоз-совхоздардың өз халқы үшін істеген қызметінің үштен бірінде атқара алмай келеді. Себебі неде? Себеп халықтық бақылау-қадағалаудың жоқтығында. Қожалық басшыларына қысқа және ұзақ мерзімді міндетті бағдарламалар жасауды талап ете келе алмай жатқандығымызда дейді білікті маман-кадрлар.

Ескінің бәрі есіркемеді деуден аулақпыз. Жаңашылдыққа жақынбыз
Қоғамдық құрылыстарды тез өзгертіп, жасампаздыққа ұмтылу, жаңа идея, жаңа бастамалар, бағдарламалар жарқын болашаққа жол ашады деп өткенге салауат, келешектен көп үміт күтіп келе жатқан ұлтпыз ғой. Енді «Жаңа Қазақстан» идеясы жарыққа шықты. Қоғамды, елді, әлеуметті жаңартамыз, жаңғыртамыз деп жатырмыз. ҚР Президенті Қ.Тоқаев саяси реформалардың жаңа бағдарламасы әлеуметтік теңсіздікпен және кедейлікпен күрес деді, шағын және орта бизнесті дамыту, аграрлық сала оның ішінде егіншілік мәдениетін ілгері оздыру деп, оның өндірісін өркендету бағытына баса мән беріп жатыр. Суармалы жерлердің үлесін арттыру, инженерлік жүйеге келтірілген егіс алқаптарының инфрақұрылымын жаңғырту, ауыл шаруашылығы техника паркінің 80 пайыз тозығы жеткенін айтып, үлкен мәселе көтерді. Жауырды жаба тоқымауды тапсырды үкіметке. Әлем жұрты жаңа технология дәуіріне қадам басқан бүгінгі уақытта қазақ қолына кетпені мен айырын ұстап, өзге жұрттан тағы да қалып қоймау бағытында алда орасан зор жұмыстар жасалады дейді. Қош көрдік. Қолдап жатырмыз.

Ауыл-елдің тұрмысы қалай?
Дегенмен, бүгінгі жетістігіміз қаншалықты көңіл көншітеді? Егістік алқапқа күріш егу көлемі кеңестік кезеңдегі межеге жетті. Мал басы да сол шамаға таяп келді. Ауыл-елдің тұрмысы қалай? Шаруашылықтар шекесі қызып, шалқып-тасып отыр ма? Үлескерлер ше?
Жуырда әлеуметтік желіде мәжіліс депутаты Ерлан Саировтың радиоға беріп отырған сұқбатынан үзінді жарияланды.
Онда депутат Ұлытау ауданының жерінен 3 есе кіші территорияда отырған Израил мемлекеті ауыл шаруашылығынан жылына 6 млрд доллардан астам өнімді экспорттайды, ал Қазақстан мынадай территориясымен, аграрлық держава статусымен ауыл шаруашылығы экспортын 1 млрд долларға жеткізе алмады. Сондықтан бізге ауыл шаруашылығы өнімін тереңдетіп өңдеу саласын дамыту керек деді. Келтірілген статистика қазақтың еңбек ерлерінің еңбегін жоққа шығарғандай ма? Әрине солай. Іш қазандай қайнайды.

Күріш еккен кәрістен қай жеріміз кем?
ІІ дүниежүзілік соғыстан кейін жапондардың езгісінен әбден қалжырап шыққан кәріс елінің экономикасы қатты құлдырап, әлемдегі ең кедей мемлекеттердің бірі болған екен. 1962 жылғы даму көрсеткіші бойынша кәрістер Азия елдерінің ішінде соңынан санағанда екінші орында тұрыпты. Түрлі саяси-әлеуметтік жаңғыру бағдарламалары ұсынылып, үкімет басшылары тығырықтан шығудың барлық тәсілін зерттей отырып төмендегіше байламға тоқталған екен. Елдің экономикалық әлеуетін көтеру үшін өндіріс орындарын ашу керек ал оған аса қомақты қаражат керек. Тәжірибелі, білікті мамандар керек. Содан Германиядан қаражат алып, оның өтемі ретінде сол елге 50 мың кәріс жастары барып өндіріс орындарында, шахталарда, ауыл шаруашылығында еңбек етіп, тәлім-тәжірибе жинақтапты. Мерзімді уақыты бітіп елге келген сол білікті-тәжірибелі 50 мың жас Еуропадан өздері көрген, түсініп-түйсінген оң жетістіктерді кәріс қоғамына ендіріп, елдің экономикасын көтерген.
Сыр бойында кезінде мыңдаған кәріс жұрты ғұмыр кешті. Осында өсті, өнді, еңбек етті. Есейіп қалғандары болмаса жастары өз елдеріне кетті. Қазір біздің жастардың да біразы сол кәріс елінде еңбек етіп жатыр. Кәріс пен алыс-берісіміз бар. Ендеше неге сол кәрістің жетістігін, өндірісін, бизнесін, оң идеясын елге әкелмеске. Ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу бағытында олар жеткен жетістікті неге пайдаланбасқа?
Күрішті төл өніміндей көретін кәрістер осы өнімді ішіп, жеп, қаралай сатып қана қоймайды. Оны терең өңдеп, косметика,құрылыс т.б. салада кең қолданысқа енгізген. Күріштен крахмал, құрылыс клейлері, опа-далап, сусын, жылдам әзірленетін тағамдар, бір реттік қолданатын ыдыс-аяқтар, тостақ, кесе, табақтар, қағаз, қапшықтар, жиһаздар жасайды. Яғни бір күріштің өзін терең өңдей отырып сан түрлі өнім шығарады. Бұл дегеніңіз сан түрлі жұмыс көзі. Түрлі табыс көзі емес пе?
Екі елдің дипломатиялық қарым-қатынасы дұрыс жолға қойылған. Қызылорда облысына соңғы жылдары кәріс үкіметінен делегациялар келіп-кетіп жатыр. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып облыстың, ауданның ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік басқармалары мен бөлімдерінің басшылары ойлануы керек. Мақсатты өңірлік-стратегиялық бағдарламалар ойлап тауып, өңір басшысына ұсынуы керек. Күріш егісімен айналысатын шаруашылықтардың білікті жастарын, талапты жастарын кәріс еліндегі осынау өндіріс орындарына тәжірибе алмасу бағытында 2-3 айлық іс-сапарларға жіберу керек секілді. Анадолы түріктері «Bilmemek ayip deqel, sormamak ayip» дейді. Яғни түбі бір түріктер «білмегенің ұят емес, сұрамағаның ұят» дейді. Білмегенімізді барып сұраған расында ұят емес шығар?
Әлемге аты мәшһүр Тайота автокөлігін жұрттың бәрі бренд санайды. Жапондардың осынау автоконцерінінің өзі бірден пайда бола салмаған. Шизуоко провинциясында 1867 жылы кедей отбасында дүниеге келген Сакачи Тойода есін біліп, еңбек етуге жараған жастан бастап-ақ киім тоқитын өнері бар анасына қолғабыс жасап өседі. Бейнеті ауыр тоқыма табысынан түскен азын-аулақ тиын отбасының күнделікті ішіп-жемінен артылмаса керек. Анасының бейнетті кәсібі жас жігітке үлкен ой салып-мықты конструкциялы тоқыма станогын жасап шығыпты. 1930 жылдары Жапония аграрлы ел болыпты. Әлгі Сакачидің Тойода тоқыма станогы концерн болып, артынан оның ұлы Киичиро Тойода Еуропа елдерін аралап, сол жақтың жетістіктерін көзімен көріп келгеннен кейін автоконцернге айналған екен.
Бір ғана тоқыма, киім өндірісінен басталған кәсіп әлемге әйгілі алдыңғы қатарлы машина жасау саласына бір-ақ секірген. Бұның барлығы көріп-білу, тәжірибе алмасудан туындаған дүниелер.
Бүгінгі таңда қой басын 50 миллионнан асырып отырған алақандай Англияда да алғашқы зауыттар, фабрикалар қой өнімін терең өңдеу бағытынан басталса керек.
Мақаламызға ағылшын, жапон, кәрістен, еврейден бекерге дерек келтіріп отырған жоқпыз. Сөз басында айтқандай сонау оғыз-қыпшақ дәуірінен беріде мың жыл өтті. Осынау мың жыл бойы бізде күріш ектік, мал бақтық. Одан бергі Кеңес өкіметінің 70 жылы, тәуелсіздіктің 30 жылын тағы да қосып қойыңыз. Агросала бойынша терең өңдеуді әлі меңгере алмай жатқанымыз ащыда болса шындық. Егінді егеміз ол нарыққа шикізат күйінде кетеді. Малды бағамыз, жыл он екі ай соңында салпақтап жүріп, одан да табатын табысымыз мардымсыз. Еңку, еңку ескі жолмен жүріп келеміз, өзгелерге есеміз кетіп барады. Ескі соқпақтан ес жиып қашан даңғыл жолға шығамыз?

Сөз соңы...
Қайтпек керек? Жаңа Қазақстан, жаңа саяси реформалар бастауы дейміз. Кеше ғана пилоттық жобада аудан және қала әкімдерін сайлау науқанын өткіздік. Бұл жобаға Қызылорда облысынан екі аудан енсе соның бірі – Шиелі. Халық өз таңдауын жасады. Бұған дейін ауыл әкімдерін сайлап келдік. Бұл саяси реформаның да берері мол деп білеміз. Енді жоғарыда айтқандай әрбір сайланған ауыл, аудан әкімдерінің арнайы терең өңдеу бағытындағы кәсіпкерлікті дамыту бойынша өз бағдарламасы болуы керек. Оны өңірдің әлеуметтік-экономикалық жетістігі мен күш-қуатын жетік білетін экономист-эксперттер жасап шықса дейміз. Сол сияқты әрбір ауылдардағы баяғы колхоз-совхоздарды жеке қожалыққа айналдырып, жер үлескерлеріне пай үлесін беруден әріге аспайтын ірі шаруақожалық (пай үлескерлері 150-200 адамнан асатын) иелерінің де осындай өз міндеттемелері болуы шарт. Әйтпесе қара жерге өнім егіп, оны шикілей сату мың жыл бұрынғы ата-бабамыздың да қолынан келген және мың жылдан кейінгі де ұрпақтардың қолынан келеді. Тәсілді өзгертудің кезі келді. Сауда-кәсіп бәсекеде өлмеу-терең өңдеу, даму өрлеу арқылы ғана мүмкін болмақ.

Нұрболат Пірімбет
07 қараша 2023 ж. 224 0