Тарихы тағылымды Шиелі
Баршаңызды ауданның 95 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын!
Әрқашан жүздері жарқын, жүректері мейірімге толы, еңбекті ту еткен және өнер мен білімге жақын Шиелі халқы мен үшін әрқашанда қымбат, құрметке лайық жандар!
Шиелі ауданында қызмет еткен аз ғана жылдар, өзімнің еңбек жолымда айрықша із қалдырған, басшылық қызметте өрісімді кеңейтіп, шыңдалып шыныққан, ең бір нәтижелі де жемісті жылдар десем болады. Облыстың қаржы басқармасының басшысы қызметінде жүргенімде,2014 жылдың сәуір айының соңына қарай облыс әкімі Қ.Көшербаев ұсынысымен аудан әкімі болып тағайындалдым. Жинаған білім мен білік, облыс көлеміндегі көп жылғы басшы қызметімдегі тәжірибеге сүйеніп бірқатар өзекті мәселелердің оң шешімін тауып, еңсерген жұмыстарымыздың бағасын әрине халық бере жатар. Қалай болғанда да бірлігі бекем, елінің намысы үшін керек кезде жұдырықтай жұмыла білетін Шиелінің азаматтарымен бірге атқарылған бірқатар жұмыстардың осы күндері елдің игілігіне жарап отырғаны қуантатыны рас.
Соның бірі 2000 жылдардың басында «Дихан» компаниясының ауданның 4 шаруашылығын басқаруға алып, алғашқы кезде жақсы жұмыс жасағанымен, кейіннен 3,0 млрд.-қа жуық қарызға батырып кеткен қиын түйінге айналған мәселе. Бүкіл техника, ғимарат, егістік жер бұғаттаулы.Бұл мәселені облыстық прокуратура, сот, әділет органдары алдына қаншама рет қойғанмен Президенттің бақылауына алынған, «БТА» банкі мен М.Аблязовтың ісіне байланысты бұғатқа қойылған өте күрделі іс. Сол жылғы аз көлемдегі егін-тегін жиналған соң, облыс әкімінің қолдауымен Астанада Бас прокуратурада, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінде, кейіннен Алматы қаласының прокуратурасында 15 күн болып, 22 000 га жерді бұғаттан босатуға қол жетті. Жер қолына тиген дихандар 2015 жылы күріш көлемін 2 есе арттырып, күріш көлемін 13 000 гектарға бір-ақ жеткізді. Сөйтіп 2016 жылы ауыл шаруашылығы жылының қорытындысымен облыс чемпионы атандық. Бұл – шынында да елдің әлеуетіне оң әсер еткен үлкен жеңістің болғаны шындық.
Қысқа мерзімде аудан бюджеті есебінен Н.Бекежанов, Бидайкөл, Жақаев, Жаңатұрмыс, Алғабас, Балаби ауылдарының мәдениет үйлері күрделі жөндеуден өткізілді. Төңкеріс, Бәйгеқұм ауылдарында жаңа мәдениет уйлерінің құрылысы салынып, Тартоғайда жаңа ғимараттың іргетасы қаланды. Ы.Жақаев ауылынан атамыз атындағы музей ғимараты бой көтеріп, Нартай Бекежанов атындағы музей қайта жаңғыртудан өтті. Бос тұрған емхана ғимаратын күрделі жөндеуден өткізіп, аудандық кітапхана етіп, қайта жабдықтағанымыз да мәдениет саласындағы жұмыстардың бір парасы. Апаттық жағдайда тұрған Ә.Тәжібаев ауылындағы мектепті қайта салу мәселесін Астанаға барып сенатор М.Бахтиярұлының тікелей көмегімен шешуге тура келді. 21 бекеттегі апаттық мектеп орнына облыс бюджетінен жаңа мектеп салуға қол жеткіздік.Сол жылдары Бестам ауылында, Шиелі кентінде (N 147) мектептер салынып, пайдалануға берілді. Осының барлығы да 95 жылдығы аталып өткелі отырған аудан тарихы парағынан орын алатын ауқымды жұмыстар десек болады.
Шаруа қожалықтарының, басқа мекемелердің ескі ғимаратында отырған Бестам, Алғабас, Ортақшыл, Жөлек, Төңкеріс ауылдарына кең, заман талабына сай жаңа ғимараттардың салынғаны да,барлық әкімдер мен бөлім басшыларының қызмет көліктерінің жаңартылғаны да аудан экономикасының даму динамикасын көрсететін оң өзгерістер болғаны даусыз.
Ең бір мақтанышпен айтатын мәселе - құны 6,0 млрд тұратын Шиеліден типтік жобадағы жаңа аурухана мәселесін шешуіміз еді.
Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай «Тағзым» алаңын салу, кентке кіре беріске қақпа-арка, «Құрметті азаматтар» аллеясын салу да кенттің ажарын айшықтаған шаралар.
Шиелі кенті, Н.Бекежанов. Алғабас,Төңкеріс,Жахаев ауылдарынан 6 жоба бойынша тұрғын үй салуға құны 2,5 млрдтық инфрақұрылымдар жүргізілді. Сонымен қатар, рухани салада елдің еңсесін көтеретін,ынтымақ бірлігі мен ертеңге деген сенімін, патриоттық сезімін арттыратын мәдени шаралардың орны ерекше ғой. 4 жыл қатарынан күзгі «Алтын дән» мерекесімен ұштастырып М.Шоқайдың, Н.Бекежановтың, Ы.Жақаевтың 125 жылдығын, Ш.Есеновтың 90 жылдығын дүркіретіп өткіздік. Ғылыми конференция, республикалық ақындар айтысы, өнер жұлдыздары қатысуымен Гала концерт беру дәстүрге айналды.
Қазақ күресінен жыл сайын өтетін турнирді атақты палуан, КСРО-ның, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, менің ұстазым Марат Жахитов келіп ұйымдастыратын.
Айта берсек ел игілігі үшін атқарылған жұмыстар тізбегі баршылық екен, бәрі де көз алдымызда, жадымызда жаңғырып тұрғандай. Қазір облыс экономикасына мол үлесін қосып отырған «Гежуба» цемент зауытының, әк өндіру цехының іргетасы қаланып, теміржолдан өтетін аспалы көпір жобасын жасау жұмыстары да бастау алған болатын. Осының бәрі бір менің емес, мені қолдаған, жұдырықтай жұмылған, аудан әкімінің айналасына топтаса білген аудан азаматтарының, бата – тілектерімен жастарға күш-қайрат беріп отырған елдің үлкендерінің арқасы еді. Шиелі – Оқшы Ата, Ғайып Ата, Қыш ата, Асан ата, Есабыз әулие, Тұрғанбай және Тұрсынбай датқалар мекендеген киелі өлке. Ел қорғаған батырлары мен халықтың мұң зарын жырлаған ақын жазушыларын айтып тауыса алмайсың. Мұндай қасиетті өлкенің келешегі кемел!
Дендеріңізге саулық, отбастарыңызға амандық, халыққа бірлік пен береке, таусылмас ырыс пен несібе тілеймін! Ауданның абыройы әрқашан биіктей берсін!
Қайратбек Сарсенбаев,
2014-2017 жылғы Шиелі ауданының әкімі
2014-2017 жылғы Шиелі ауданының әкімі