Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ХАТШЫЛЫҚ – ЖАУАПТЫ ІС

ХАТШЫЛЫҚ – ЖАУАПТЫ ІС

Хатшы – өзі қызмет етіп отырған мекеменің айнасы іспетті. Әрі ол – мекемені қоғаммен байланыстыратын тұлға. Сондықтан оның киім киісінен тартып, сөйлеу мәдениеті, жұртшылықпен қарым-қатынасы жоғары деңгейде болуға тиіс. Кейде телефонның ар жағынан айтылған хатшының бірауыз сөзінен сол мекеме туралы жылы пікір түйіп немесе көңіліміз қалып жататын кездер болады. Бүгінгі кейіпкеріміз Шиелі аудандық қоғамдық даму бөлімінің хатшысы – Ханым Әбибулла жайлы болмақ.
Тақырыпқа тұздық. Белгілі жазушы Әкім Тарази бір үлкен бастықтың қабылдауына кірмекші болып келеді. Қазақша білмейтін хатшы қыз:
– Бастыққа кім келді деп айтайын? – деп сұрайды орысша.
– Әкім Тарази келіп тұр деп айт, қарағым, – дейді жазушы ағамыз.
Сөйтсе, әлгі хатшы бастығына:
– К вам пришел аким Тараза, – деген екен.
Мекемеге кез келген бас сұққан адам ең бірінші хатшыға жолығады. Сіздер ойлайтын шығарсыздар, «хатшы» деген дүниедегі ең оңай мамандық деп. Алайда, хатшының жұмысы жұрт ойлағандай қоңырауларға жауап беріп, басшысын түрлі мекемелермен байланысқа қосумен бітпейді. Хатшы мамандығының қиындықтары туралы бізге Ханым Әбибулла айтып берді.
Менің түсінбейтінім, неліктен хатшы мамандығын жұрттың ең бір арзан, ең бір түкке тұрғысыз мамандық көретіні. Біле білсеңіздер, ­сауатсыз немесе ынжық адам хатшы бола алмайды. Өйткені хатшының міндетіне түрлі қызметтік хаттар дайындау жатады. Және қазір қызметтік хаттардың көбінесе екі тілде (қазақ және орыс) тілінде әзірленетіні белгілі. Дұрыс рәсімделмеген хатқа алушы адам дұрыс жауап бермеуі мүмкін. Және қате жазылған хаттар немесе құжаттар басшыңның беделін түсіретіні ықтимал. Сол себепті хатшы – ең жауапты мамандық .
Ханымның Шиелі аудандық қоғамдық даму бөлімінде хатшы болып жұмыс істеп жатқанына 6 жылдан асты. Бұрынғы атауы ішкі саясатпен жұртқа таныс бөлімнің атқаратын қызметі орасан зор. Қоғамдық даму бөлімі – әкімдіктің жүрегі, азаматтық қоғамның күретамыры, мәдениет пен спорт – тұтас елдің бет-бейнесі. Осы жауапты салаларға сырттан түрлі адамдар келіп-кетіп жатады. Сол адамдармен өте сыпайы, мәдениетті, кішіпейіл болып сөйлесетін – бөлімнің хатшысы Ханым.
Үнемі үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсететін көркем мінезді Ханым жайлы Шиелі ауданы әкімдігінің барлық бөлімдерінің мамандары жақсы пікірде. Сырттан келген адаммен жылы шырай танытып, сәлемдесіп, сұрағына жауап беру де үлкен ыждағаттылықты талап етеді.
Кейіпкеріміз үлкен-кішімен тез тіл табысады. Мінез – адам баласының ішкі жан дүниесінің сыртқы көрінісі деуге болады. Сондықтан, Әл-Фараби бабамыз: «Мінез – жанның айнасы» деген екен. Әдетте, біз адамдарға қарап мінезі жақсы екен немесе жаман екен деп баға беріп жатамыз. Жақсы мінезді адамдарға ақкөңіл, яғни үнемі көңілді жүретін, жайдары адамдарды жатқызамыз. Көбінесе олар ашуланбайды, қайырымды, мейірімді және сабырлы келеді. Мәселен, мінезі жақсы ұстаз оқушыға мүлдем дауыс көтеріп ұрыспайды. Ондай адамдардың ашуға беріліп айқайлағанын немесе қатты сөздер айтқанын естімейміз. Осыған қарап, қытай халқының «Үлкен өзендер ақырын ағады, ал ақылды адамдар ақырын сөйлейді» деген мақалы рас екен деп ойлаймын. Осы тұста Ханымның мінезі туралы айтар болсақ, өте сабырлы, салмақты, ешқашан ашуланбайды, ешкімді ренжітпейді, барлығының көңілін тауып, әрқашан көмектесуге әзір тұрады.
Бөлімге күніне қаншама хаттар келіп, сырттан қоңыраулар шалынып, бастықпен байланыс орнатады. Сол жұмыстардың басы-қасында тікелей хатшы жүреді. Келген құжаттарды тіркеп, шығарып, бастыққа кіргізіп, оны таратып, орындалуын қадағалайтын да осы хатшылық міндеті. Ай сайын бөлімге қатысты әкімгершілікке беретін қорытынды есебі тағы бар.
Іштегі қызметшілердің қайда жүретінін, қашан келетінін, қандай қызметпен айналысатынын да біліп отыратын – хатшылық. Сондықтан хатшылыққа білім-білігі жоғары, жауапкершілігі мықты адамды таңдап қояды. Сонымен қатар әрқашан алашапқын болып жүретін мамандарды ұйыстырып, ұжымдағы құжаттардың кем-кетігін өзі толтырып, үнемі айналасындағы адамдарға жанашырлықпен қарайды. Керек болса, ол қызметкерлердің отбасы жағдайынан да хабардар болып отырады. Өйткені пенде болған соң басыңа іс түспей тұрмайды. Ондайда мамандардың бірінің орнына бірін алмастыра қою да хатшылықтың ептілігі мен кең жүректілігіне байланысты.
Алаштың ұлы тұлғасы Әлихан Бөкейханов: «Ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен емес, мінезден» демекші, Ханымдай хатшысы бар бөлімнің абыройы артып, беделі асқақтай берсін. Ал нағыз өз ісінің маманы, ұқыпты, сабырлы да салмақты Ханымға алдағы өмірінде бір әулеттің ханымы болып, ұрпағыңмен мың жасай бер дейміз.

Айнұр НАЗАРОВА
11 қазан 2023 ж. 408 0