ЕСІМІН НАРТАЙ ҚОЙҒАН
«Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі» Абай Бәукенұлы сексеннің сеңгіріне шығып отыр...
Абай бала кезінен елгезек, сезімтал болып өсті. Өмірге көп күттіріп келген жалғыз ұл болғандықтан ба, еркелігі де бір басына жетерлік еді. Тентектігінің өзі текті болатын. Өзінен кіші бүлдіршіндерге қамқоршы, қатарына сенімді дос, ал өзінен жасы үлкендерге құрметшіл еді.
Абай бала кезінен елгезек, сезімтал болып өсті. Өмірге көп күттіріп келген жалғыз ұл болғандықтан ба, еркелігі де бір басына жетерлік еді. Тентектігінің өзі текті болатын. Өзінен кіші бүлдіршіндерге қамқоршы, қатарына сенімді дос, ал өзінен жасы үлкендерге құрметшіл еді.
Мен үшке толып, көршінің балаларымен өзім барып ойнап келіп жүрген кезімде, Абайдың үйі жанымызға көшіп келді. Менен жасы үлкен, онға толыпты. Менімен жасты Айымкүлесімді қарындасы бар. Аталас туысының біз құралпас қызы бар екен, олар екеу болғандықтан ойынды солардың ауласына ойнайтын болдық.
Әкесі Баукен «Құрметті колхозшы», «Құрмет белгісі» орденімен, «Қазақстанның 14 жылдығы» медалімен марапатталған. 1941-1946 жылдары «Үлгілі» колхозының басқарма төрағасы болыпты. Соғыстың алапатын, нағыз ауыр шағын басынан өткерген, сұрапыл жылдардың ауырпалығынан күйі қашқан халық пен аш-жалаңаш ауыл балаларын ажалдан сақтап қалуға жан-тәнімен атсалысыпты. Ерен еңбегінің нәтижесінде 1941 жылы «Құрмет белгісі» орденін иеленген.
Анасы Исаханова Тәшен ақкөңіл, кішіпейіл, әдепті жан болатын. Абайға дейін 2 ұл, 3 қызы шетінепті. Абайды асты-үстіне түсіп еркелететін. Жалпы балажан, мейірімді кісі еді. Мені де баласынбай, балаларынан кем санамай өбектейтін. Қайнысының есімімен менің есімім бірдей (аттас) болғандықтан атымды тура атамай – аттеріс дейтін. Сол кездегі адамдар қандай ізетшіл, дәстүршіл болған десеңші.
1956 жылы №159 «Еңбекші» жеті жылдық мектебінің табалдырығынан аттадым. Тәшен апаның менімен аттас қайнысы біздің класс жетекшіміз болды. Сабаққа барғанда, келгенде қарындасы Айымкүл екеумізді Абай аға өзімен ала кететін.Бұл міндетті көбінесе қыз апаларым Дәметкен мен Ұлмекен атқаратын.
Екі жылдан соң Абай аға жеті жылдық мектепті бітіріп, Шиелі ауданының орталығындағы М. Ломоносов атындағы №47 орта мектепке ауысты. Жанұясы жалғыз ұлының жағдайымен Абай оқитын мектепке жақын, Шиелі кентінің дәл қасындағы «Үлгілі» колхозына қоныс аударды. Бұл Абайдың туған жері. Осылайша қамқоршы ағамен және сыныптас құрбымен қоштасуыма тура келді.
Абай Бәукенұлының бұдан арғы өмірбаяны былайша өріліпті.
1962 жылы Қызылорда педагогикалық институтына түсіп, филология мамандығы бойынша бітіріп шығады.1966 жылы Н.Бекежанов атындағы №156-қазақ орта мектебіне қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып қабылданып, ұстаздық жолын бастайды.
1967 жылы жүрек қалауымен Күләйхан Мәлібекова атты арумен бірге отау құрды. Ол да педагог, бастауыш сыныптың мұғалімі. Екі ұстаздың құрған шаңырағында екі ұл, бес қыз дүниеге келеді. Олардың арасында нағыз ауылдық жерге керек мамандар:4 педагог, 1 ижненер, 1 бухгалтер және 1 дәрігер бар...
Өткен кезеңді есіне алғанда жадына алдымен 1993 – 1994 жылдардағы дағдарыс дүрбелеңі оралады. Кеңес үкіметі тараған уақыт. Әйтеуір сабақ жүріп жатыр. Бірақ оқу құралдары ескірген, бірқатары жетіспейді. Қол ұшын беретін аудандық оқу бөлімінің де жағдайы мәз емес. Мұғалімдердің айлығы да дер кезінде берілмейді. Тіпті, мектепті тастап саудаға кеткендері де болды. Не істеу керек? Көп жыл колхоз басқарған әкесінің анда-санда айтып отыратын кеңесін есіне түсірді.
– Балам, қиналған кезде өндіріске бар. Өндіріс бар жерде өнім бар, өнім бар жерде қаржы-қаражат бар, – деп отырушы еді.
Мектеп ұжымын жинап, білім орнын тығырықтан шығарудың, ол үшін қаржы табудың жолын әңгімеледі.
– Шаруашылық басшыларымен сөйлесіп көріп едім, қарсы емес сияқты.Егінге, көкөніске жер беретін ыңғайлары бар. Жерді аламыз ба, алсақ, бір нәтиже шығара аламыз ба? – деді директор Абай ұжымына сұрау сала, сынай көз тастап.
– Әрине, берсе алайық!
– Нәтиже шығарамыз!
– Күріштің мекені емеспіз бе? Аудандағы Сыр маржанын егіп, өндіруден алғашқы Социалистік Еңбек Ерлерінің бірі Маман Қалдыбаеав осы «Үлгі» жерінің топырағынан шықты ғой...Ауыл мектебінің мұғалімдері үлкен құлшыныспен қолдау білдіріп жатты.
Көктемде шаруашылықтан жер алып 15 гектарға күріш, 10 гектарға бидай, 1 гектарға картоп дақылдарын екті.Жоғары класс оқушылары еңбекке жұмылдырылды. Қолқабысын тигізген, кеңес берген ата-аналар да болды. Күзде орым-терім аяқталғасын өздерінше есебін жүргізді. Күріштің әр гектарынан 30 центнерден, бидайдың әр гектарынан 22 центнерден өнім айналды. Келесі жылы күріштің орнына жоңышқа егіп, тау-тау мал азығын дайындады. Бұл жұмыстар екі жыл қатарынан жүргізілді. Абайдың өнегелі ісін ауданның тағы да 3-4 мектебі жалғастырды. Екі жылдан соң облыстық оқу бөлімі оқу мен еңбекті ұштастыру төңірегінде семинар-кеңес өткізеді. Атқарылған жұмыс, алынған өнім сарапқа түседі, қорытынды бойынша Нартай Бекежанов атындағы №156 орта мектеп ұжымы «Миллионер мектеп» атанды.Семинарға қатысқан облыстық оқу бөлімінің меңгерушісі атқарылған жұмысты өз көзімен көріп тәнті болды. Мектебін қиындық құрсауынан шығарған Абай Бәукенұлы облыстық оқу бөлімі меңгерушісінің Алғыс хатымен марапатталды.
Мектептегі оқу-тәрбие жұмысының дұрыс жолға қойылуы мен оқушылардың еңбек ықыласын туғызу жұмысын барынша ұтымды ұйымдастырудыңнәтижесі бұл.
– Абай аға, Сіздердің кездеріңізде жастардың оқу-білімге деген ықылас-ынтасы, құлшынысы қандай еді? – дедім орайы келгенде.
– Шынын айту керек, біздің замандастар арманшыл еді. Өнер-білімге, жаңалыққа жаны құмар болатын. Киімнің қат екенін, әдеби кітаптардың тапшылығын айтпай-ақ қояйын, оқулықтың өзі жетіспейтін. Бір-бірімізден кітапты сұрап алып, кезектесіп оқитын едік. Талпыныс болса, бір нәтиже шықпай қоймайды. Сөйтіп жүріп-ақжақсы үлгерімге қол жеткіздік.
Орта мектепті бірге бітірген 37 оқушының 28-і институтқа түсті (ол уақытта Қазақстанда бір ғана университет болатын), 4 оқушы арнайы орта білім беретін техникумға оқуға қабылданды. Осы көрсеткіштің өзі қатарымның оқу-білімге деген құлшынысын аңғартса керек, – дейді Абай ағамыз кеудесін кернеген мақтаныш сезімін жасыра алмай.
Абай Бәукенұлының есімін бүкіл алашқа аты мәлім Нартай ақын Бекежанов қойыпты дегенді естігенбіз. Анығын ағаның өз аузынан естімек болып әңгімеге тарттым.
– Ата-анам мен сол кісілердің қатары кейде менің жүріс-тұрысыма, жұмсақ мінезіме көңілдері толғанда: «Сенің есіміңді Нартай ақынның өзі қойған» дейтін. Оқиға былай болған екен.
1943 жыл. Қазан айының 19-ы екен. Әке-шешемнің көптен зарыға күткен перзенті мен өмірге келіппін. Анама қолқабысын тигізіп жүрген көрші әйелдер ер бала екенімді көрген соң:
– Ұл екен! Сүйінші! Өмірге ұл келді, ұл! – деп шулап қоя береді. Күріштік басында жүрген әкеме сүйінші сұратып хабаршы жібереді. Қос өкпесін қолына алып жеткен әкем сойыс малын дайындап, нәрестенің азан шақырып атын қоятын адамды ойластырады.
– Нартай ақын осы төңіректе жүрген көрінеді, іздестірейік, сол кісіден лайықты ешкім бола қоймас, – дейді ауыл ақсақалдары бір ұйғарымға келгендей болып.
– Ақын ағаны «Алғабас» колхозының қырманынан көрдім, – дейді бір қария сөзге араласып...
Әне-міне дегенше ат үстінде гармонын құлаштай тартып Нарекең де жетеді.
Арқалы ақын ғой, арынын тоқтата алмай әндетіп келеді екен:
«...Ауылға келіп қалдым, Баукен інім,
Қып-қызып ашылыпты қызыл гүлің.
Келешек ғалым болып, ақын болып,
Халқына төгіп тұрсын күннің нұрын.
Ақын боп, Абайдай боп дауылдасын,
Ешқашан ұмытпасын бауырласын.
Досына дос боп өтсін, дұшпанына
Тас болсын, қайсар болсын, табынбасын!» деп барып ентігін басады.
Алдынан шығып қарсы алған әкем:
– Нартай аға, атын өзіңіз қойыңыз, біздің өтінішіміз сол, – деп құндақтағы мені ұсыныпты. «Аты – Абай, Абайдай болсын!» деп бауырына басыпты ұлы ақын...
Содан бері арада 80 жыл уақыт өтіпті. Кешегі Сыр сүлейлерінің сүйрігі Нартай ақын атын қойған нәресте бүгінде сексеннің сеңгіріне шығып отыр. Абай сияқты ақын болмаса да, соған жақын болды. Филолог мамандығын меңгеріп бүкіл саналы ғұмырын әдебиетті және Абайды зерделеуге, шәкірт санасына терең сіңіруге арнады.
1966 жылдан 2009 жылға дейін Нартай Бекежанов атындағы орта мектепте тапжылмай 43 жыл бойы қызмет атқарды. Саралап айтатын болсақ, 14 жыл пән мұғалімі, 8 жыл мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, 21 жыл мектеп директоры болды.
1996 жылы ұзақ жылғы жемісті ұзтаздық қызметі үшін «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі» төс белгісін жарқыратып төсіне тақты.
Бүкіл саналы ғұмырын жас ұрпақтың саналы тәрбиесі мен сапалы біліміне арнаған ұлағатты ұстаз 2009 жылы еңбек демалысына шықты. Бұл жолы өңірінде «Еңбек ардагері» медалі жарқырады...
Тәлімді ұстаз, іскер басшы, өз ауылының, елінің жанашыр азаматы зейнеткермін деп қол қусырып отырған емес. Аудан мен ауылдағы түрлі қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүреді.
– Шүкір, өмір-сапарым өнегесіз болған жоқ. Мамандығыма адал болдым. Қызметімді қалтқысыз атқардым деп ойлаймын.Ендігі арман – атыма сай азамат, елге қадірлі қария болу. Осы екі мақсат жолында ықыластана тырысып келемін, – дейді қарт ұстаз. Абай ақсақалдың шүбәсіз шындығы бұл.
Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «М. Шолохов» алтын медалінің иегері, «Қазақстанның құрметті журналисі», Шиелі ауданының «Құрметті азаматы».
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «М. Шолохов» алтын медалінің иегері, «Қазақстанның құрметті журналисі», Шиелі ауданының «Құрметті азаматы».