ТАҒДЫРМЕН ТАЙТАЛАС
1985 жылғы 18 қыркүйекте КСРО Жоғарғы Keңесі Төралқасының Жарлығымен социалистік жарыста аса үздік табыстарға жеткені, он бірінші бесжылдықтың өндipicтiк тапсырмаларын мерзімінен бұрын орындағаны, техниканы пайдаланудағы жоғары көрсеткіштері және еңбектегі ерлігі үшін Қазақстанның Қызылорда облысы Шиелі ауданындағы «Телікөл» совхозының тракторшысы Жадыра Таспамбетоваға Кеңес Одағының ең жоғары марапаты – Социалистік Еңбек Epi атағы берілді. Оған Ленин ордені мен «Орақ пен Балға» алтын медалі қоса тапсырылды. Күллі қазақ қыздарының даңқын асырған қайсар Жадыра 32 жаста болатын.
Ал осыдан бір жылдай бұрын 1984 жылдың соңында Ұлы Отан соғысының даңқты қаһарманы, Кеңес Одағының Батыры, ұшқыш Алексей
Ал осыдан бір жылдай бұрын 1984 жылдың соңында Ұлы Отан соғысының даңқты қаһарманы, Кеңес Одағының Батыры, ұшқыш Алексей
Маресьевпен Мәскеуде кездесуге шақырылғандардың бірі Жадыра еді. Талай кеңес адамының тағдырмен тайталаста жеңіп шығу рухын қалыптастырған әйгілі азаматпен тұңғыш рет көзбе-көз жүздесіп, әңгімелесті. Маресьевтің атына бұрыннан-ақ қанық. Бір кезде жазушы Борис Полевойдың «Нағыз адам туралы повесін» оқып, кинодан да көрген, КСРО-ның әр адамы мектеп кезінен білетін Алексей Маресьевтің ерлік ici Жадыраға өнеге болған, қайратын жанып, қайсарлығын шыңдаған.
Ұлы Отан соғысында 1942 жылы наурызда аспандағы айқаста А. Маресеьевтің ұшағын жау атып түсіріп, орманға құлайды, ол аяғынан ауыр жаралы болады. Қарлы суық орманда 18 күн аштығына қарамай жер бауырлап жылжып өзіміздің шепке жетеді. Госпитальда екі аяғын бірдей тізесінен кесіп, протез салып, саптан шығарады. Ал ол өжеттікпен өз мүмкіндігін дәлелдеп, қайтадан ұшаққа отырып, жаумен соғысуға өршелене қатысты. Оның бұл ғажап рух ерлігі әскери тілші, жазушы Борис Полевойдың «Нағыз адам туралы повесі» арқылы бүкіл елге жайылды. Осындай апатқа түскен талай адамның мойымай қайтадан қатарға қосылуына А.Маресеьев үлгі болған-ды.
Жадыра өзі бастан кешкен азапты оқиғаны айтып бергенде Алексей Маресьев аяғы жақсы бітіпті-ау деп жымиған. Жадыраның тағдыр соққысын қайсарлықпен жеңе білген ерлігіне қаныққан даңқты ұшқыш: «Менен осы күні ерлік бар ма, Сіздің ерлігіңізді қайталағандар бар ма деп әрдайым-ақ сұрайды. Ондай адамдар бар деймін. Мысалы, тыңгерлер Иван Иванов, Леонид Картаузов және басқа да көптеген жандар. Ал нәзік жанды әйел адам Жадыра Таспамбетованың ерлігі тiптi айрықша дер едім» деп тебіренген-ді.
...Жадыра 1953 жылы 30 наурызда Қызылорда облысының Шиелі ауданында «Ақтоған» ауылында (қазір Досбол датқа ауылы) шаруа отбасында дүниеге келді. 1970 жылы ауыл мектебін бітіріп, бір үйдің бас көтерер азаматы атандым ба дегенде он жетісінде екінші топтағы мүгедек-зейнеткер болып қалғаны Жадыраның жанына қатты батты. Бар өмірi, көрер қызығы алдында еді ғой. Енді міне, оң аяғының протезі сықырлап үй арасынан ұзай алмай жүргені.
Әкeci Есен елуге жетпей екі көзден бірдей айрылып, зағип болып ол отыр. Шүпірлеген іні-сіңлілері бұған көз астынан жаутаңдай қарап жүр. Осыншалық салмақ ана самайындағы ақты да көбейтіп жіберген бе, қалай?..
Жетпісінші жылдың жомарт күзі еді-ау онда. Ел ырысы – Сыр күрішін жинап алуға бүкіл халық аттанады. Бұл бір үлкен думан. Мектепте механизаторлық мамандықты қосымша алған Жадыра комбайншының көмекшісі болып сол ұлы дүбірге қосылып кете барған. Еңбекке қадам басқан қыздарына ата-анасы Есен мен Әсия ақ тілеу тілеп қалған. Бастары бадана дәнге толған күмic күріш те, жапырақтары сыбдыр қаға жайқалған қамыс та – бәрі-бәрі Жадыраға жол болсын айтып тұрғандай еді.
Бірақ... бәле қайда... аяқ астында. Абайсызда аяғынан айрылып, жас қыздың қанаты қайырылды...
Түскi тамаққа кеткен аға комбайншыны күндегі дағдымен ауыстырған көмекші Жадыра күріш оруды өзі жалғастыра берді. Бункер толған соң аңыз шетінде қалдырылған машинаға дән құюға тоқтады. Бункердің түбінде нығыздалып қалған жас дән түспей ығыр қылмасы бар ма? Албырттығы ма, тәжірибесіздігі ме, бұл бункердің ішіне түсiп, аяғымен түрткілеп дәндерді қопсыта бастады. Кенет оң аяғын айналып тұрған қалақ тартып бара жатқанын бір-aқ байқады. Суырып алар дәрмен жоқ, алапат күш жалмап әкетіп барады. Етік пен шұлғаудың демде түте-түтесін шығарып, аяққа ауыз салды. Қаршылдаған қалақтың өткір жүзі сүйектен өтiп кемірe бастағаны ғана есінде. Талықсып бара жатып жас қыз бункердің ернеуінен тас қылып ұстай алды. Екінші қолымен басындағы орамалын жұлып алып жан ұшыра бұлғай берді, бұлғай берді. Маңдайдан моншақтай жауған ащы тер мен қос жанардан ытқыған ыстық жас бетін жуып кетті. Өмір көз алдында әп-сәтте шыр айналды...
Бе-беу тағдыр!.. Жанды қалдыр, жараны ал...
Жәрдем, жәрдем – енді қалған бір амал:
«Темір құдық» ернеуінде бір қолы,
Бір қолында көтерілген орамал...
Қатал тағдыр, жаралғансың сұмдықтан,
Сенен басқа жан жоқ мынау сорды ұққан.
Дәнмен бірге әлгі темір өңештен
Қан сорғалап, ет түседі сондықтан.
Естігенде құйқа тамырың шымырлар бұл оқиғаны үш жылдан кейін ақиық ақын Хамит Ерғалиев 1973 жылы Жадыра туралы «Қыз-хисса» дастанында осылай қанын сорғалата суреттеді.
Комбайнның әдеттен тыс ұзақ тұрып қалғанынан секем алған комбайншылар аңызға көз салғанда, жалаулаған орамалды көре сала тұра шапты. Келіп жеткенде комбайн шүмегінен дән мен қан төгіліп жатты. Дән мен қан!..
Мұның аяғын суырып алу да оңайға түскен жоқ. Басқа аңыздағы электр дәнекерлегішті әкеліп, темірді кескенше тағы да қаншама уақыт өтті...
1985 жылы күзде Мәскеуде стахановшылар қозғалысының ардагерлерімен, өндіріс озаттарымен және жаңашылдарымен КОКП Орталық Комитетінде арнайы кездесу өтті. Оған Қазақстаннан шақырылғандар арасында механизатор Жадыра Таспамбетова да бар еді. Мәскеу Жадыраға және Жадыра сияқты осында шақырылған өндіріс шамшырақтарына қуанышты үлкен сый әзірлепті. КСРО Жоғарғы Keңесі Төралқасының 1985 жылғы 18 қыркүйектегі Жарлығымен социалистік жарыста аса үздік табыстарға жеткені, он бірінші бесжылдықтың өндipicтiк тапсырмаларын мерзімінен бұрын орындағаны, техниканы пайдаланудағы жоғары көрсеткіштері және еңбектегі ерлігі үшін Социалистік Еңбек Epi атағы беріліп, оған Ленин ордені мен «Орақ пен Балға» алтын медалі қоса тапсырылды.
Елдің ең жоғары атақ марапатын КСРО Жоғарғы Keңесі Төралқасының Төрағасы көрнекті кеңестік мемлекет және қоғам қайраткері Андрей Андреевич Громыко тапсырды. КОКП Орталық Комитетінде өткен кеңесте Бас хатшы Михайл Сергеевич Горбачев сөз сөйледі. Стахановшылар қозғалысының нeбір әйгілі ардагерлерімен жүздесу естен кетер ме!? Кеңес аяқталған соң еңбек ардагерлері мен озаттары Михайл Горбачевпен біргe ескерткіш суретке түсті. Соның бір сәтінде Михайл Сергеевич Жадырамен де арнайы сәлемдесті.
Елдің әр түкпірінен жиналған нeбір ғажап адамдардың арасында ең жасы – отыз екісінде омырауында Социалистік Еңбек Epiнің Алтын жұлдызы, қос Ленин ордені, бір Еңбек Қызыл Ту ордені, «Бесжылдықтың жас гвардияшысы», Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының иегері белгілері жарқыраған Жадыраға Бас хатшы жылы ұшырай қарап, әңгімеге тартты. Қазақстаннан, Қызылордадан келгенін біліп, күрішшiлep еңбегі, өнім алу жайын сөз қылады. Бас хатшының бір мамандығы агроном емес пе? Қызылорда обкомының бірінші хатшысы Еркін Нұржанұлы Әуелбековке арнайы сәлем айтады. Жадыра бұл кездесудің әсерлерін, Бас хатшының сәлемін елге айта келді. Жадыра Қазақ теледидарына берген сұқбатында КОКП Бас хатшысының КОКП Орталық комитетінің мүшесі, Социалистік Еңбек Ері, қатардағы обкомының бірінші хатшысына арнайы сәлем айтқаны туралы баяндауы Қазақстан басшылығында төтеннен біршама абыржушылық тудырған екен. Біреуге күлкі, біреуге түрпі. Оңтайлы сәт туғанда Е.Н.Әуелбеков 1989 жылы Мәкеуге КСРО Жоғарғы Кеңесіне комитет төрағасының орынбасары қызметіне ұсынылып, ел ішінен аулақтатылды, КСРО тараған кезде халық құрметіне бөленген қайран қайраткерге лайықты ірі қызмет тие қоймады, ол 1999 жылы жасы жетпіске жетпей мезгілсіз өмірден өтті.
Мәскеуде Жадыра халқымыздың ардақты қызы, Социалистік Еңбек Ері, механизатор, қостанайлық Кәмшат Дөненбаева апасымен біргe жүрді. Бұған дейін Кәмшат апасымен кездесудің cәтi түспеген. Кезінде механизаторлыққа кұштарлықты оятқан да осы Кәмшат апасы еді. Ол кici де Жадыраға сырттай қанық екен. Екеуi апалы-сіңлідей бауыр басып, жадырай сырласты, Жадыра epлiгiнiң жай-жапсарын өз аузынан естіді.
...Аудандық аурухананың ұ-за-ақ күндері мен түндерінде Жадыра болашағын барлай ойға шомады. Келешегіне көз жеткізе алмай дал болып, шаршайды да. Оңашада көз жасына талай рет epiк те берген. Мектепте санаға сіңірілген жалынды комсомол Павел Корчагин, нағыз адам атанған ұшқыш Алексей Маресьев қайсарлығы бұған қол жетпес қиял көрінген.
Аудандағы «Алғабас» ауылында өзі сияқты тракторшы Жұмагүл Дүйсебекова жалындап аты шығып келе жатыр. Сонау Қостанайда алып К-700 тракторын ұршықша иіріп Кәмшат Дөненбаева апалары жүрген жоқ па. Қияндағы Қостанайды, Кәмшатты айтпай-ақ, осы Шиеліде кешегі соғыс кезінде әйелдерді ерлердің орнын басып, техника жүргізуге шақырған Шырынкүл Қазанбаева апамыз ортамызда жүрген жоқ па. Жазымыш қайда болмай жатыр дейсің?! Бұл өздерінің тәжірибесіздігінен, абайсыздығынан келген бейнет те...
Осындай сүреңсіз күндердің бірінде кезeкшi дәрігер Ж. Махамбетәлиев Жадыраға аудандық «Өскен өңір» газетінің тілшісі Мұрат Күлімбетов жолыққалы келіп тұр дегенде, бұл таңырқай аңырып қалған. «Апыр-ау, мен жайлы жазар не бар, еңбекке араласпай жатып мүгедектікке ұшырағаным да әңгіме болып па...» деп абдыраған. Палатадан балдақпен сүйретіліп құр сүлдері шыққанда шашы бұйра, көзілдірікті, қыр мұрынды, бидай өңді жас жігіт күтiп тұр екен.
Бөлмеде бұлар ұзақ сөйлесті. Журналист жас та болса, мұның көңiліндегісін дөп басты. Республикалық «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінде қызмет істеп, отбасылық жағдаймен елге оралыпты деп еститін Мұратты. Үлкен мектептен өткені көрініп-ақ тұр. Журналист Мұраттың сөзінің сипаты бұған күнде келіп жүрген ағайын-туған, дос-жараннан басқаша. Жадыраның жігерін жанатын әңгімені көбірек айтты. Әpici – Корчагин, Әлия мен Мәншүк, Маресьев, беріci – өзіміздің Қызылорда облысының Қармақшы ауданындағы екі аяғынан бірдей мүгедек механизатор, Социалистік Еңбек Epi Қасымтай Ізтілеуов, тiптi Мұрат өзінің кембағал әкeci Мәлік, Жадыраның өз ауылдастарынан жарымжан болса да еңбекпен қалмай, ешкімнен кем болмай еңсесі биік жүрген азаматтар мысалға алынды. Жадыра өз бойында қан жүгіре бастағанын сезінді. Бойын керген алапат бір күш: «Жоқ, мен ораламын!» деп айтқызып жібергенін аңдамай да қалып еді!
Осыдан кейін Мұрат Күлімбетов Шиелі аудандық «Өскен өңір» газетінің 1971 жылғы 25 ақпандағы нөміріне Жадыраның сол сөзін тақырып етіп алып, «Жоқ, мен ораламын!» деген очерк жариялады. Жадыра өміріне күрт өзгеріс алып келген жаңа кезең, Алтын Жұлдызға бастар жол осы күннен басталған еді. Болған жайды былайғы жұрт жазатайымға, жазымышқа балап, жас қызды іштей мүсіркеп қоя салған. Ал ауыл басшылары техника қауіпсіздігін неге салақсыттыңдар деген сөз естиміз бе деп алаң болып жүрген-ді. Оқиғаны тіптен тосын тұрғыда баяндаған журналист көзқарасына елең етпеген көзі қарақты жан болмаған шығар-ау. Сол жылдары аудандық газетте Мәкеңмен қатар қызмет істегендіктен, ол психологиялық ахуал әлі жадымда. Сол тұста ауданда тағы бір механизатор қыз трактордан мертігіп, басшылар енді қайтып қыз-келіншекті техника маңынан жүргізбейтіндей күй кешкен. Ал журналист болса, жоқ, ол оралады дейді. Ал ендеше... Мұрат бір айтқанымен қоймады, мәселенің аясын кеңейтіп, тағы да сол тақырыппен республикалық «Лениншіл жас» газетінде де үлкен очерк шығарды. Ол кезде «Лениншіл жас» сөзі дуалы өте беделді басылым болатын.
«Жоқ, мен ораламын!» журналистің әсірелеген қиялы емес-ті. Жадыраны білетін, тіпті оны танымаса да теледидардан әңгімесін тыңдаған жанның бәрі оның бойында жалынды жігер, өршіл рух, лепті сөз, көзінде от бар екендігін айтар еді. Жадыра боркемік болса журналист оны қайдан жігерлі ете қойсын. Жадыраның осы қасиетіне қазақтың Ахаңы атанған Ақселеу Сейдімбектің қайран қалып, тамсана бағалағанына өзім куәмін. Сөз ретінде оны да айта кетейін.
Жадыраға республика жастар одағы – комсомол сыйлығы берілген кез. Сол тұста Қазақ КСР Телерадио хабарлары мемлекеттік комитетіне төраға болып тағайындалған ірі қаламгер, мемлекет және қоғам қайраткері Сағат Әшімбаев осы комсомол сыйлығын алған түрлі салада еңбек ететін, республикаға енді көріне бастаған жастарды Қазақ теледидарында елге таныстырған хабарлар циклын ашып, өзі жүргізіп жүрді. Сәкең «Парыз бен қарыз» деген де азаматтық парасат, пайым, ұлттық рух туралы терең мағыналы толғанысты сырласу топтамасын жасады, әріптестерінің тың ойлы қойылымдарға баруына мүмкіндік берді. Бұл батыл қадам Қазақ теледидарында хабарлар өзектілігі мен тартымдылығы сапасын едәуір көтеріп жіберген еді. Шығармашылық ізденістері сәтті шығып, жұртшылық жақсы қабылдады.
Бір күні кезек комсомол сыйлығының иегері Жадыраға келді. Теледидардағы емен-жарқын әңгіме-сұқбат бір сағат жүреді. «Социалистік Қазақстан» (осы күнгі «Егемен Қазақстан») газетінің редакциясында Ақселеу Сейдімбек сияқты марқасқалардың ізбасары болып қызмет еттік. Бір сөздің ретінде Ахаңа Сағаттың жаңаша хабарлары тартымды шығып жүр, бүгін кешке Жадырамен сұқбаты дегенді құлаққағыс еттім. Ахаң да кезінде Сәкеңмен «Лениншіл жаста» бірге істеген, қарым-қабылетін жақсы біледі. Ал механизатор Жадыраның атын естігені болмаса, пәлендей көңіл қоя қоймаған екен.
Ертеңіне Ахаң хабардан алған әсерін, Жадыраның рухани мәдениетіне тәнті болғанын редакцияда әріптестердің алдында тамсана әңгімелеп тұрды. Әсіресе, Жадыраның аяғына протез салдырып оралғаннан кейін көрші ағайдан тракторды қалай сұрап алғанын, ол кісі қазір қайнағасы екенін, теледидарға шықтым екен деп оның атын айтып салу әбестік болатынан сыпайылап жеткізген жеріне тіпті сүйсінді. Мәдениетіміз жоғары дейтін талайдың қайны-қайнағасын сыртынан түгілі көзінше, орысша үлгімен, тіпті атасының атын қосып Пәленше Түгеншеевич/Түгеншеевна деп соғып жіберетінін, қазақ әдебіне жат жасанды мәдениетке ұрынғандығымызды айтып, әңгімені біраз жерге апарып тастап еді.
Мұның бәрі кейінгі әңгіме. Ал Жадыраның «Жоқ, мен ораламын!» деп жар салғанымен, тракторға қол жеткізуі оңайға түскен жоқ.
...Жадыра Шиелідегі аудандық ауруханадан шыққан соң Алматыға барып, аяғына протез салдырып, ауылы «Ақтоғанға» оралды. Ол үшін нағыз жан азабы енді басталып еді. Жадыра тағдырға жіберіп алған ececi барын жанымен сезінді. Сондықтан да жеңіл-желпі жұмыс сұрауға намысы жібермеді және ондай ұсынысты қабылдамады. Мұның трактор сұраған өтінiшiн колхоз басшылары қалай қабылдайды, сене ме, сенбей ме деген үміт пен күдік арпалысы және бар.
Тағы да жомарт күз еді. Жетпіс бірінші жылдың осы азапты күндерінде аңызда күріш масағын тepiп жүрген анасы Әсия жүргіншіден Жадыраға сәлем айтыпты. Жинап қойған бірep қап күрішті алып кетсін депті. Жадыра үйдегі шиеттей бала-шағаның ортасындағы бас көтерер азаматы ғой. Жадыра мұны жанымен сезінеді, сезінеді де қорынады. Kөpші тракторшы Базарбай ағайға келді. Ол мұның өтінішін тастамай, жұмыстан бір қалт еткен уағында екеуi аңызға тартып кетті. Аяғына протез салдырғаннан кейін тракторға алғаш мінуі... Жадыраның жүрегі аттай тулап қоя берді. Ауылдан былай шыға:
– Аға, мен айдап көрейінші...
Базарбай ағасына өтінiш айтты. Айтса да рульді бере ме, бермей ме деп батылсыздана айтты. Жадыраға жалт қараған Базарбай қыздың алабұртқан жүзінен оның жан толқынысын ұқты. Ұқты да:
– Айдай ғой, айналайын, – деп, орнын берді...
Сол күнi Жадыра үйге келе сала апта бойы жаза алмай жүрген өтінішін ақ қағазға әп-сәтте түсірді. Енді ол өзіне-өзі сенімді еді Аяғым икемге келмей ме деген күдік сейілді. Жадыраның кейін теледидарда Сағат Әшімбаев жүргізген хабарда айтқаны осы оқиға еді.
Өршіл қыз жүрегінің бұлқынысын Хамит Ерғалиев «Қыз-хисса» поэмасында былай беріпті:
Қайсар өжет Маресьев мектебін
Маған тағдыр сыйлаған жоқ теп-тегін.
Рулімді өзіме бер!..
Керексіз
Өзге жерден менің орын тепкенім!
Ертеңіне Жадыра колхоз орталығы «Қызылтуға» жүріп кетті. Қазіргі Ыбырай Жақаев атындағы ауыл ол кезде солай аталып, бұлардың ауылы «Ақтоған» осы шаруашылықтың бір бөлімшесі болатын. Қыздарының ниетін ұққан ата-ана бұл жолы да Жадыраны жасытпады, жолынан қалдырмады...
Әуелгі қарқыны қатты елі, автобус аялдамасынан кеңсеге қарай жақындаған сайын Жадыраның жүрісі бірте-бірте баяулай түсті. Үміт пен күдік арпалысы аяққа орала берді. Партия комитетінің хатшысы Қазбек Оспановтың кабинетіне кіргенде алқымға тірелген өксік Жадыраны сөйлетпеді. Стол үстіне өтінішті қояр-қоймастан жанарына жас толған қыз есіктен сыртқа ата жөнелді. Бастапқыда аңырып қалған партком хатшысы алдында жатқан қағазды оқығанда барып мән-жайды түсінді.
Жадыра сол бетімен «Ақтоғанға» тартып кетті. Оңашада ағыл-тегіл жылап, өксігін басып алды. Күпті көңілі дегенмен бұрынғыдай емес, еңсесін басқан бір жүкті аударып тастағандай, жаны жеңілдеп қалыпты.
Ертеңіне Қазбек Оспанов Жадыраны үйіне іздеп келді Кетуге асыққан жоқ. Шай үстінде ұзақ әңгімелесті. Ата-анасының денсаулығын сұрады. Жадыраға ақылдаса келгенін айтты. Қаласа оны бухгалтерлік немесе кітапханашылық сияқты кеңседе көлеңкеде отырып жұмыс істейтін мамандықтың оқуына колхоз атынан жіберуді ұйғарыпты басшылар. Техника тізгінін қайтадан ұстата қоюға жүрексініп қалған сыңайлары бар.
Жадыра бұл ұсыныстан ойланбастан бас тартты. Қандай қиындық болса да, ауыр жұмыс болса да, тайсақтамай баруға бекем екендігін нық айтты. Тек трактор берсе – болғаны. Жас қыздың ұшқын атқан жанарынан, жігерлі талабынан Қазбек көп жайды ұғып аттанды. Ол бұдан кейін Жадыраға трактор беруді жақтаушылардың, Жадыраны үнемі жігерлендірушілердің бірi болды. Жадыраның жайынан құлағы түрік жүретін журналист Мұрат Күлімбетов те қалыс қалмады. Мәселеге тіпті аудан басшылары араласты. Осылайша қыз табандылығы жеңді. «Қызылту» колхозына келген алғашқы жаңа «Беларусь» тракторы Жадыраға берілді. Ол арманына осылай оралды.
Тағы да Сырдың жомарт күзі келді. Жетпіс екіншi жылдың сол күзі аса берекелі еді. Күріштің түсiмi мол болатын. Ол кезде Сыр бойында күріш орағынан қауырт науқан таппайсың. Осынау ел ризығын жинауға жұртшылық жаппай аттанғанда Жадыра қалай тиіп-қашып жүрсін. Ол бригадирге өзін жеңіл-желпі жұмыстарға жұмсауын қойып, астық тасуға жіберуін өтінді. Жаңа орылған күріштік аңыздың иісі тіптен бөлек болады. Мол өнім, күміс күріш тіпті шабыттандырып жібереді.
Бір қолын eкi ете алмай жүрген бригадир Қасым Қалекеев қыз ұсынысын қуана-қуана құптады. Жадыраға комбайннан қырманға қызыл тасуды тапсырды. Бұған Жадыра да масайрап қалды. Бастары бадана дәнге толған күміс күріш те, жапырақтары сыбдыр қағып жайқалған қамыс та осыдан екі жыл бұрын алғаш комбайнға отырған кезіндегідей, Жадыра жігері алдында бас иіп, жол болсын айтып тұрғандай. Науқанның қауырт күндерінде ол ер азаматтардан қалыспай тракторымен ертелі-кеш тыным таппады. Бұл Жадыраның өз күшін барынша сынап көрген шағы болды.
Жадыраның омырауына ең алғашқы марапат – Еңбек Қызыл Ту ордені сол жылдың қорытындысы бойынша тағылып еді. Отан-ана қайсар қыздың табандылығын осылайша жоғары бағалады. Ауылдастары оның үйіне құттықтай келгенде ата-ана қуаныштан ес жия алмай абдырап қалған-ды. Қатарынан қалмаған Азамат болды деген осы емес пе! Ал Жадыра мұндай құрметке соншалықты лайықпын ба деп іштей қысыла берген... Енді оның өнегелі ісі Шиелі аумағынан шығып, есімі Қызылордадағы, Алматыдағы, тіпті Мәскеудегі мәртебелі мінбелерден атала бастады.
Сол жылы ол ауылдасы Қалтайға тұрмысқа шықты. Қалтай Жадыраның жаны жабырқау күндерінде демеушілердің бірi болған-ды. Ауруханаға жиі келіп жүрді. Алматыға протез салдыруға алып та барды. Ер сыналар шақта сыр бермей, мәрттік танытты. Қалтай мен Жадыра бес бала өсірді. Бәрі де азамат болды.
Жадыра бір кезде Кәмшат Дөненбаева апасының жолын қуса, енді Жадыраның өзі де талай жасқа үлгі болды. Бір ғана Шиелі ауданының өзінде сексенінші жылдары алпысқа жуық қыз-келіншек техника тізгінін ұстаған еді деп еске алады сол тұста ауданда жастар ұйымының жетекшісі болған замандасы Әбділда Нақыпов. Сондай қайратты қыздардың бірi Жадыраның өзінің туған ciңлici Тұрсынай еді.
Жадыра кеңес өкіметінде ең жоғары атақты республикада, тіпті одақта жастай алғандардың бірі. Қазақстан Парламенті – Жоғарғы Кеңеске депутат, мәртебелі жиындарға делегат болып сайланды. 32 жасында Социалистік Еңбек Ері атанды, еңбегі қатты дәріптелді. Бірақ айта кетейік, ел ішінде механизаторлықтан даңққа бөленген бір Жадыра емес еді, оның алдында Қазақстанда Социалистік Еңбек Ері қостанайлық Кәмшат Дөненбаева сияқты апалары бар-ды. Тек Шиелінің өзінде соғыс жылдарында Шырынкүл Қазанбаеваның, Қалия Ержанованың, алпысыншы жылдары Рыскүл Әйменованың аты республикаға жайылды. Бірақ Социалистік Еңбек Ері атағын Шырынкүл апамыз жақаевшы күрішшіліктен 1972 жылы алды. Рыскүл дәрігер болып кетті.
Жетпісінші жылдары Жадырамен қатар тракторға отырған «Алғабас» ауылының қызы Жұмагүл Дүйсебекова да айықпастай мертікті. Ол да жалындап тұрған жігерлі қыздың бірі еді. Әттең... тағдыр аямады. Оны емдетуге ауылы, колхоз төрағасы Әзімхан Исмаил көмектесіп-ақ бақты. 18 жыл төсекке таңылып, 1991 жылы дүниеден өтті. Ол кейінгі жылдары қол өнершілікпен, ұлттық нақышта киімдер тігумен, тоқымамен айналысыпты. «Алғабас» ауылының «Балауса» балалар ансамблінің бүкіл киімі Жұмагүлдың қолынан шыққан екен. Мұрат Күлімбетов Жұмагүл туралы да жазды. «Егемен Қазақстан» газетінің 2011 жылғы 13 шілдедегі санында «Жүрегі жалын еді Жұмагүлдің» деген эссесі жарияланды.
Елде мүгедектікті жеңіп, еңбекке, қоғам өміріне белсене араласқан, соған лайық зор құрметке бөленген ер азаматтар баршылық. Солардың бірсыпырасы әйгілі ұшқыш Кеңес Одағының Батыры Алексей Маресьев атап айтқан қазақстандық механизаторлар – Қызылорданың Қармақшы ауданынан Социалистік Еңбек Epi Қасымтай Ізтілеуов, Целиноград аталған Ақмоладан Социалистік Еңбек Epi Иван Иванов, тағы басқалар.
Осындай басына түскен бейнеттті өжеттігімен жеңіп шығып, өзінің жанып тұрған өршіл болмысымен қыз-келіншектер арасынан қайсар Жадыра Таспамбетова айрықша көзге түсті. Кеңес өкіметі еңбек адамын қошеметтеуде сараңдық жасаған жоқ. Ал даңққа бөленгендердің де, қызметке тартылып, жоғары көтерілгендердің де арасында кездейсоқ адам бола бермейтін. Атақ-даңқтың жоғары шыңына жеткенге дейін де талай сын, сүзгі тұрды, содан лайықтылар ғана өте алатын. Тағдырдың соққысына мойымай, мүгедектігіне жасымай алға ұмтылған Жадыра бақ пен сордың тайталасында жеңіп шыға алды. Оның басқа Еңбек Ерлерінен ерекшелігі де, жас болса да жоғары атақ берілуінің мәнісі де осында.
Ерліктің мәнісін білер, тағдырмен тайталасты басынан кешкен қаһарман Алексей Маресьевтің бір көргеннен Жадыраны жоғары бағалауы тегін емес. Осы орайда айта кетейік, кеңес заманында революция бeciгi деп қастерленген Ленинградта, қазіргі Санкт-Петербургте, кезінде Октябрь Революциясы мұражайында Жадыра Таспамбетоваға арналған мүйістің болуы да кеңес өкіметінің, билеуші партияның Жадыра жігерін өте жоғары бағалағандығы. Қазақстаннан да сырт, одақтық деңгейдегі мұражайларда насихатталу дәрежесіне жетуі Жадыра еңбегінің де соған лайықты болғаны деп білуіміз керек.
Елі ерді өсірді, epi ел мерейін асырды. Ол талай шығарманың кейіпкеріне айналды. Хамит Ерғалиев сияқты қазақ әдебиетінің ірі ақыны кездейсоқ құбылысқа қалам тербей қоймаса керек. Оның Жадыра туралы поэмасынан біз үзінділер келтірдік. Осындай толымды тамаша дастанды шиелілік ақын Дәулетбек Байдрахманұлы мен Қуаныш Уәлішерұлы да жазды. Жадыра туралы мен екі рет «Социалистік Қазақстан» газетіне очерк шығардым.
Бірақ Жадыра насихатының басында журналист Мұрат Күлімбетов тұр. Егер Мұрат «Лениншіл жас» мектебінен өтпеген болса, егер ол журналистік түйсікпен Жадыраның күйзеліс күндерінде ауруханаға іздеп бармаса, тағдыр соққысынан есеңгіреп, ендігі өмір жолым қалай болады деп дағдарған 18 жастағы қыздың еңсесін көтеріп, үмітін жалғамаса, жігерін жанымаса, оның өршіл болмысын танып, өмірлік бағытын аңдатпаса, Жадыраның бүкіл ел алдында айтқан сертіндей «Жоқ, мен ораламынды» жарияламаса, Жадыраның тағдыры қалай қалыптасар еді... Берілген жеңіл жұмысты малданып кетер ме еді. Тағдыр талайымен әлдеқалай соққы көрген қыз-келіншектер Жадыра өнегесін ұстанар ма еді. Бұл болжамның бәрі де мүмкін еді. Бұл Жадыраны таныған, танытқан журналистің еңбегі, ерлігі, қазақ журналистикасының адам тағдырына ықпалының тамаша мысалы. Салыстырып айтар болсақ, Алексей Маресьевтің даңқын асырған жазушы Борис Полевой (шын тегі Кампов) болса, Жадыраға даңқты жолын сілтеген қазақ журналистикасырың қайраткері «Қазақстан әйелдері» журналында ұзақ жыл бас редактордың орынбасары болған, бүгінде марқұм Мұрат Күлімбетов! Қазақ журналистикасының Полевойы, Жадыраның Полевойы.
Шиелінің ғана емес күллі қазақ қыздарының даңқын асырған қайсар Жадыра 2010 жылы 3 сәуірде 57 жасында науқастан дүниеден өтті. Оның 32 жасында омырауына Еңбек Ерінің Алтын жұлдызын таққанына 38 жыл болыпты. Содан бері заман өзгерді, қоғам ауысты. Еңбекке, еңбеккерге көзқарас та, қарым-қатынас та тіптен бөтен. Жадыра Шиелден ғана емес, күллі Сыр елінен мемлекеттің ең жоғары марапатын алған соңғы Ер еді...
Ақайдар ЫСЫМҰЛЫ,
Қазақстан мәдениет қайраткері,
Қазақ журналистикасының қайраткері,
Шиелі ауданының құрметті азаматы.
Қазақстан мәдениет қайраткері,
Қазақ журналистикасының қайраткері,
Шиелі ауданының құрметті азаматы.