ЖОҚ ІЗДЕГЕН ЖАПОНДАР
1945 жылы 16 тамызда ондаған мың жапон солдаты мен офицері Жапония императорының жарлығы бойынша Кеңес әскеріне қаруларын тапсырды.
Екінші дүниежүзілік соғыс 1945 жылы қыркүйектің 2-сінде Жапонияның капитуляция актісіне қол қоюымен аяқталған болатын. СССР тұтқындаған жапон әскерінің 60 мыңдайы Қазақстанға, ГУЛАГ қарамағына жіберілген. Жапония өз сарбаздарын әскери тұтқын емес, бас еркінен заңсыз айрылғандар (интерн-тұтқындар) деп санайды. 1945 жылы 26 шілдеде қол қойылған Потсдам декларациясының 9-тармағында «Қарусыздандырылғаннан кейін жапон қарулы күштерінің бейбіт өмір сүріп, еңбек етуі үшін өз ошағына оралуына рұқсат етіледі» деп жазылған.
Екінші дүниежүзілік соғыс 1945 жылы қыркүйектің 2-сінде Жапонияның капитуляция актісіне қол қоюымен аяқталған болатын. СССР тұтқындаған жапон әскерінің 60 мыңдайы Қазақстанға, ГУЛАГ қарамағына жіберілген. Жапония өз сарбаздарын әскери тұтқын емес, бас еркінен заңсыз айрылғандар (интерн-тұтқындар) деп санайды. 1945 жылы 26 шілдеде қол қойылған Потсдам декларациясының 9-тармағында «Қарусыздандырылғаннан кейін жапон қарулы күштерінің бейбіт өмір сүріп, еңбек етуі үшін өз ошағына оралуына рұқсат етіледі» деп жазылған.
Жапонияға қарсы соғысқан елдердің ішінде бұл тармақты тек СССР ғана орындамады. 1945 жылдың 23 тамызында мемлекеттік қорғаныс комитеті 500 мыңға жуық жапон әскери тұтқынын СССР территориясына дереу этаппен жөнелту туралы қабылдаған қаулысы тез орындалды.
Тарихшылар Қазақстанға алып келген жапон әскери тұтқындары мен интерн-тұтқын саны 58 мың 900 адам болғанын анықтаған. 1945 жылдың 5 қазанында жапон солдаттары тиелген алғашқы эшелон Семей облысына келген. Кейін олардың көбін (25 мыңын) Қарағанды, Жезқазған, Шығыс Қазақстан, Алматы облыстарына жөнелткен. Мәжбүрлі еңбекке жегілген жапондар өнеркәсіп саласында, азаматтық және өнеркәсіптік құрылыста, шахта-кеніштерде, ауыл шаруашылығында қара жұмыс істеген. Қазақстан лагерьлерінде болған жапон әскери тұтқындары Сталин орнатқан ГУЛАГ жүйесінің бүкіл сұмдығын бастан кешіп, көбі аштық пен адам төзгісіз азаптан өлді.
Сонымен, екінші дүниежүзілік соғыста тұтқынға түскен жапондық солдаттардың 58900-і Қазақстанның он облысында өндіріс ошақтарын қаз тұрғызды, мәдениет ғимараттарын соқты, шахталарында еңбек етті («Караван», 2003, 22 тамыз) десек, олардың Сыр бойындағы Қызылқұм қойнауында сексеуіл дайындағандарын қалың жұрт біле бермеуі мүмкін.
Мұның бір себебі – олар жұмыс істеген мекеме «Таштоп» (Ташкенттопливо) атты үлкен ұйымның қарауында болғандығы. Ол негізінен Түркістан әскери округіне қараған. Ал бұлардың отынын тасып вагондарға тиеп, тиісті жеріне жіберуді қамтамасыз еткен кәсіпорын «ЛЗУ» (Лесозаготовительный участок) аталып жартылай әскерилендірілген ұжым болған. Сондықтан, мұндағы жапон тұтқындары қазақстандық емес өзбекстандық құзырлы орындардың есебінде тұрды.
Осылайша соғыстың тудырған зардабымен тағдыр тәлкегіне тап болып, өздерін «күн еліміз» деп атаған жапондар да бір кезде қазақ жеріне тұтқын ретінде айдалып, Сырдың суын ішіп, нанын жеп, жан сақтаған екен.
78 жыл бұрын Сыр бойына келіп, көрген бейнеті мен түрлі науқастардан қаза тауып, құм төбелердің астында қалған аға буынның сүйектерін жапон елінен іздеп келген делегация мүшелерінің төзімділігіне таң қалмасқа шара жоқ. Шілденің шіліңгір аптап ыстығына тура келген жолаушылардың ішінде 72 жастағы қарияның өзі 60 градустық аптаптағы жол азабында қыңқ етіп сыр білдірмеді. Бұл да болса қандас жауынгерлерінің әруағына деген құрметтері болса керек.
Шиелі өңіріне ат басын бұрған жапон делегациясының жоғын бірге жоқтап, мақсатты жұмыстарының орындалуына ат салысқан Шиелі аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Бекболат Әбутегіне мұхит асып келген қонақтар ризашылықтарын білдірді.
«Өскен өңір» ақпарат