Сыр журналистері марапат төрінде
Қазақ журналистикасына қомақты олжа салған қаламгерлердің қатарында қасиетті Сыр өңірі түлеткен таланттардың шоқтығы бір төбе. Текті тұлғалар түлеп ұшқан тұғырлы өлкеден шыққан түйдек ойлы тілшілер төрткүл дүниені мойындатып жүр. Елде қалып, аймақ ақпаратын айшықты етіп жүрген журналистер еңбегі де әрқашан айрықша. Дәстүрге сай бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне арналған «Қанатты қалам – 2023» мерекелік салтанатты шарасы өтті. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев журналистерді төл мерекемен құттықтап, ақжарма тілегін арнады.
Облыс басшысы ақпарат ағынынан қалмай, өз көрермендері мен оқырмандарына адал қызмет етіп, мамандығын қадір тұтқан журналистердің қоғамдағы алар орнына тоқталды.
– Жаңалықтың жаршысы, жақсылықтың хабаршысы болып, әрдайым қоғамдық ахуалдың алғы шебінде жүретін, ақпарат кеңістігінде таңдаған мамандығына адал болып, ұстанымын өзгертпеген, қаламды қасиет тұтқан бұқаралық ақпарат құралдары саласының қызметкерлеріне әркез айтар алғысымыз шексіз.
Алаш ардақтысы, көрнекті ағартушы Міржақып Дулатұлының «Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің болашағы мықты» деп ХХ ғасырдың басында айтқан сөзі ХХІ ғасырда да өз маңызын толық сақтаған. Қазіргі қоғамның өзекті әрі шынайы ақпаратқа деген талғамы өте жоғары. Сондықтан да нақты адами ұстаным, әрбір жаңалыққа бей-жай қарамай, шындықтың түбіне жетуге ұмтылу – сіздердің мамандықтарыңыздың негізгі бағыты.
Сыр өңіріндегі бұқаралық ақпарат құралдары мемлекеттік билік пен қалың бұқараның арасындағы алтын көпір ғана емес, еліміздің толағай табыстары мен зор жетістіктерінің жаршысына айналдыңыздар. Өздеріңіздей туған жердің тарихын қадір тұтып, бүгінгісіне марқайып, ертеңіне алаңдайтын қадірлі қауыммен жүздесу біз үшін де үлкен қуаныш. Ел дамуының барлық кезеңінде сіздер арқылы халыққа шынайы ақпарат дер уақытында тарап, елдің ертеңге деген сенімін арттырып жүрсіздер, – деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Сондай-ақ облыс басшысы бұқаралық ақпарат құралдары таңбаланған тарих, бүгіннің бейнесін болашаққа аманаттайтын мұра екенін де бейнелі сөзбен орнықты жеткізді.
– Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» тақырыбында Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында: «Масс-медиа – елімізді жаңғырту ісіне ерекше ықпал ететін сала. Сондай-ақ билік пен қоғам арасындағы пәрменді байланыс құралы. Ақпарат құралдарында түрлі көзқарастар тоғысады. Оны қоғам тынысының барометрі деуге болады. Осы саладағы өзекті мәселелерді шешу үшін ақпарат саясатын түбегейлі қайта қарау қажет, – деп айтқанын білесіздер. Бүгінде «Масс-медиа» деп аталатын жаңа заң қоғамда кеңінен талқылануда. Бұл жобаның БАҚ өкілдері үшін маңызы зор болмақ, – деп атап өтті аймақ басшысы.
Расында, «Газеттің өзі бір күндік, сөзі мың күндік» дегендей, ақпарат құралдарының маңыздылығы күн өткен сайын арта бермек. Облыс әкімі және тоқталып өткендей, Сыр өңірін қаймағы бұзылмаған қазақылықтың, руханияттың қайнаған ортасы дейміз. Сондай киелі ортаның мемлекетшіл, халықшыл, ұлтжанды журналистердің алтын ұстаханасы болуы да заңдылық!
– Ортамызда осы саланың абыз ардагерлері, қалам қуатымен елдің әлеуетін арттыруға зор үлес қосып, халықтың құрметі мен қошеметіне бөленген аға буын журналистер отыр.
Сыр өңірінен шыққан жүздеген журналист әлемнің түкпір-түкпірінде, еліміздің әр өңірінде, өз өлкемізде абыройлы қызмет етуде. Олар ел өміріндегі әр жетістікті өз жетістігіндей көреді. Қиындықты жүрегімен қабылдап, әр сәтті қалт жібермеуге тырысады. Барша баспасөз, теледидар, радио, интернет басылымдары қызметкерлерінің еңбегіне шығармашылық табыс, дендеріңізге саулық, шаңырақтарыңызға құт-береке, амандық тілейміз, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Аймақтың ақпарат саласының дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар БАҚ өкілі облыс әкімінің арнайы марапатына ие болып, құрмет төрінен көрінді. Қызылорда қоғамдық телеарнасының құрылтайшысы, ақын Шәкизада Әбдікәрімов Қызылорда облысының құрметті азаматы атанды. Бірқатар БАҚ қызметкеріне облыс әкімінің, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің марапаттары табысталды. Мұнан бөлек, 20 БАҚ өкіліне түрлі номинация, 10 сала ардагеріне шипажайға жолдама берілді. С.Бермағанбетов атындағы жас журналистер байқауының жеңімпаздары да арнайы марапат алды.
Айта кетейік, бүгінде облыстың медиа кеңістігінде 148 бұқаралық ақпарат құралы жұмыс жасауда. Оның 13-і мемлекеттік болса, 135-і тәуелсіз. Олардың ішінде 120-сы газет, 25-і интернет-сайт пен ақпараттық агенттіктер, 3-еуі телеарна, 137-сі облыстық, 2-еуі қалалық, 9-ы аудандық деңгейде ақпарат таратады.
Айдар САЙЛАУОВ