Жағдайың қалай студент?
«Түнде – жұмыс, таңертең – сабақ». Бұл – студенттердің жиі айтатын сөзі. Елімізде студенттердің дипломын алмай жатып, жұмыс істеуіне не себеп? Ал сонда сабақты кім оқиды? Кім нағыз маман болып шығады? Осы тектес сұрақтар тақырыпқа арқау болды.
Студенттің қосымша жұмыс істеуі – үйреншікті жайт. Бірақ бұған тосқауыл қоятын сәт жеткен сыңайлы.
Елімізде жоғары оқу орнында оқитын студенттер орташа есеппен 31 мың теңге шәкіртақы алады. Бұл ақша бүгінгі күні студенттердің шайлығына да жетпейтіні айдан анық. Сол себепті жұмыс істеп, қосымша ақша табады. Қазақстандағы шәкіртақы студенттердің сабаққа көңіл бөлмей, жаппай жұмыс істеуіне мәжбүрлейді. Алайда жұмыс істейтін студенттерге қатысты әлдебір статистикалық деректер немесе сараптама табу мүмкін емес.
Кейіпкеріміз Айнұр Ақмағанбет Қазақ Ұлттық Аграрлық университеті «Ветеринария» факультетінің 1 курс магистранты. Мемлекеттік грантта оқиды. Алатын шәкіртақысы – 86 937 теңге. Бірақ қосымша жұмыс істейді. Яғни, ол аталған университеттің «Микробиология, вирусология және иммунология» кафедрасында 0,5 бірлігінде зертханашы. Алатын табысы – 51 мың. Сонда жалпы есеппен айына – 137 937 мың теңге алады. Қарап отырсақ, оның айына алатын қаржысы еліміздегі ең төменгі жалақыдан да жоғары.
«Мемлекеттік грантта оқысам да, қосымша жұмыс істесем де, жүріп-тұруыма ақша жетпейді. Оны жасырып қайтемін. Ата-анама салмақ салуға ұяламын. Оның үстіне, тек мен ғана емес, курстастарымның бәрі де қосымша жұмыс істейді. Олардың көбі жұмысты сайттан және көше бойына жапсырылған хабарландырулардан табады. Өзіңіз де білесіз, Алматыда өмір сүру оңай емес. Жүріп-тұрғаныңның бәрі – ақша», – дейді ол.
Бүгінде сабақтан қолдары қалт етсе жұмыс істеп, жоғын бүтіндеп жүрген студенттер көп. Бірінің шәкіртақысы киіміне, не тамағына жетпесе, ақылы бөлімде оқитындардың жай-күйі тіптен қиын. Солардың бірі – Әдемі Сұлтан. Шымкент қаласындағы медициналық колледждердің бірінде 1 курс оқиды.
«Егер грантта оқысам жұмыс істемейтін едім. Ақша жетпегендіктен, амалсыз даяшы, одан бөлек сатушы болып жұмысқа орналастым. Күніне 3000 теңгеге жуық ақша аламын. Бұрын жатақханада тұрдым. Бірақ ол жұмыс істеуіме кедергі болғандықтан, жалдамалы пәтерге көштім. Ата-анам қарсылық танытпады емес, танытты. Бірақ қыз баласы болғандықтан керек-жарағың көп болады. Бір сөзбен айтқанда, таңертең – сабақ, түнде – жұмыс. Ал басқа жұмыс табу қиын. Сондықтан амалын тауып жүрмін. Негізі, ақылы бөлімде оқитын студенттердің көбі жұмыс істейді», – дейді Әдемі.
Жоғарыда айтылған пікірлерге қарап, студенттердің бар тапқан-таянғандары алдындағы асынан артылмайтындығын байқайсыз. Бірінші орынға материалдық жағдайды қойып отырғанына қарап, жаның ашиды. Әрине, жастарды да түсінуге болады. Оларда ортасына, жан-жағына қарап сәнді киініп, түрлі сауық кештеріне барғысы келеді.
Ата-аналарының «бір айға» деп салған ақшасын бір күнде жаратып тастап, жол бойы кафелер мен мейрамханаларды жағалап жүрген жастар. Сондағы іздегендері: даяшы, ыдыс жуушы, еден жуушы т.б. сынды қара жұмыстар. Шындығында, студент атану – қиынның қиыны. Нарық заманында студент түгiлi, жұмыс iстеп, жалақы алып жүрген адамның өзi әрең күн көруде. Осыдан барып бiлiм аламын деп жоғары оқу орнына түскен жас, жан сақтап қалу үшiн сабақтан тыс уақыттарда жалданып жұмыс iстеуге мәжбүр. Түнiмен жұмыс атқарған студенттiң ұйқысы қанбастан әрең дегенде сабаққа барып, онда ұйқылы-ояу отырады. Содан үлгерiмi нашарлап, студенттiң оқуға деген ықыласы жоғала бастайды.
Шамамен 70 процентке жуық студенттер оқудан тыс қосымша табыс табуды жөн көреді. Оқуды ысырып тастап, ақша көздеген жастардың бұл әрекеті түсінуге тұрарлық. Көбісі жұмысқа мұқтаждықтан тұрады. Елімізде бағалар күннен күнге өсуде, теңге құнсыздануда, ал бұл жағдай студенттерді қол қусырып отырғыза алмасы анық. Ақылы оқитындар туралы сөз қозғау да қиын. Әке-шешеге салмақ салмай, өз күнін өзі көріп жүрген баланың да ержүректігі осында жатыр. Таяқтың екі ұшы болатыны секілді, бұл мәселенің келесі жағы – студенттің негізгі міндеті білім алу екенін естен шығаруы. Ал оқуды кім оқиды? «Жұмыс» деп жүріп, студент ретіндегі басты миссияң – білім алу екенін ұмытпа.