Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Отбасындағы әкенің рөлі ерекше

Отбасындағы әкенің рөлі ерекше




Ежелден отбасындағы әкенің орны мен рөлі терең түсінікпен баяндалып, көрсетіліп келеді. Әсіресе әдеби шығармаларда әкенің балаға берер тәлім-тәрбиесі жайлы жазылған ғибратты әңгімелер мен өлең жолдары жетерлік. Атап айтқанда, Мұхтар Шахановтың «Әке туралы жыры», Мұқағали Мақатаевтың «Әке жайлы өлеңі», Асқар Тоқмағамбетовтің «Әке мен бала» романын айтуға болады.

Өмірде адам – адами құндылығын берік сақтап, тура жолдан таймай күн кешудің өзі тәрбие деген қасиетті сөзге сайып келеді. Қазақтың маңдайына біткен ойшыл Абайдың бір ұлттың ұлы болып өсуі – жастайынан әке мен шешенің берген өнегелі тәлімінде жатыр. Құнанбай – аға сұлтан, би, ел көшін бастар, тізгінін ұстар абыройлы тұлға болғаны белгілі. Билік жолында елдің мәселелерін шешіп, түгел бір ауылдың жұртын басқарған тұлға. Осындай өр мінезі мен өнегесі арқылы Құнанбай екі дара тұлғаны шыңдап шығарды. Оның бірі баласы – Абай болса, екіншісі немересі – Шәкәрім. 

Бала бойындағы жақсылы-жаманды қасиеттерін байқаса, қазақ оны ең бірінші әке мен ата тәрбиесінен көреді, тегіне тартқан дейді. «Әкесі сондай адам еді, атасы жақсы адам, көргенді бала» деп ер адам тәрбиесін ауызға алады. Өйткені әкесінің баласына қалдырған ең үлкен мұрасы – оның жақсы тәрбиесі. Ал әке мектебінен өткен бала сол мұраға қиянат жасамауға тырысқан.

Әке – отбасының асыраушысы, тірегі, қамқоршысы. Оның мінез-құлқы, өзгелермен қарым-қатынасы, өнері мен білімі – баланың көз алдындағы үлгі-өнеге алатын, оған қарап өсетін нысанасы. Әке балаға жолдас әрі сырлас болу керек. Ол әрқашан бір әрекет жасау үшін әуелі әкесімен ақылдасады. Сондықтан дәстүрлі қазақ қоғамында тәрбие алған баланың әкеге деген құрметі ерекше болатын. Жүзінен мейірім төгіліп тұрмағанымен, қас-қабағынан бәрін түсініп өскен бала әке қаһарынан сескеніп жүретін. Әке тәрбиесі – деген осы. Ер баланың өсіп, жетіліп, өз алдына жеке тұлға болып қалыптасуында, қоғамдағы өз орнын дұрыс таба білуінде әкенің атқаратын еңбегі ерекше. «Бір бала бар әкеге жете туар, бір бала бар атадан өте туар, бір бала бар атадан кері кете туар» деген халқымызда дана сөз бар. Ал дұрыс тәрбие алған бала қоғамға пайдасын тигізетін азамат болып өседі.

«Мен жастайымнан әкемнің берген тәлім-тәрбиесі, бағыт-бағдарымен жолдан жаңылмай келгенмін. Бір күні әкем дүние салды. Әкемнің қазасы мен үшін ауыр тиді. Ол кеткелі отбасымның жауапкершілік жүгі маған жүктеле бастады. Өзімді әрдайым мықты санайтынмын. Алайда олай емес екен. Әкенің нұсқаған жолымен жүріп, өзімізді батыр санайды екенбіз. Мен әкем кеткелі талай жаңылдым. Дұрыс деп таңдағаным – бұрыс, бұрыс дегенім – дұрыс болып шығатын. Шүкір. Қазір өмірдің ығына қарай бейімделіп, әкеден алған тәрбиемен өмірлік қағиданы түсіне білдік. Сіз шетелдегі «Гарвард» университетін бітірсеңіз де, олар сізге бір әкенің берген тәрбиесін бере алмайды», – дейді Нұрмұхаммед Ғалымұлы.

Қазақ халқы «Әке – балаға сыншы» деп балаларды сынап отыруды естен шығармаған. Уәлихан Шоқанды 3 жасынан хат танытып, 5 жасынан білімге баулыған. Ғұлама ақын Мәшһүр-Жүсіп 8 жасында «мәшһүр» (білгіш) атанды. Кенесары үміт артқан ұлы Сыздықты 5 жасынан құмға пышақ қадап қойып ержүректілігін сынаған. Батыр бабалар Қабанбай 16-ға толмай, Райымбек әулие 15 жасында ерекше ерлік жасады. Қазыбек би, Абылай хан бабаларымыздың 12-15 жасында-ақ ақыл мен алғырлығы дүйім жұртқа тарапты. «Әкеге қарап ұл өсер» дейді дана халқымыз. Он алты жасқа толған соң досыңдай сырлас, сыйлас деген қазақ халқында нақыл сөзі бар. Данышпан Жүсіп Баласағұнның «Бейбастақ қып өсірсе ұлдың қылығын, кінәлі әке, жазығы жоқ ұлының» деген өлең қатары осыны дәлелдеп тұр емес пе?!
15 мамыр 2023 ж. 325 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930