Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауылдық аумақтарды дамыту: 2027 жылға дейін не өзгереді?

Ауылдық аумақтарды дамыту: 2027 жылға дейін не өзгереді?

Ауыл – қазақтың қасиеті дарыған құтты мекені. Елдің жүрегі, темірқазығы. Алайда соңғы уақытта «ауылда жұмыс жоқ, тұрмыс қиын, жастар жұмыс іздеп қалаға көшіп жатыр» дегенді жиі еститін болдық. Әрине дамудан кенже қалғаны жоқ емес, қаладан еш кем түспейтін ауылдың да барын ұмытпаған жөн. Ондай ­ауылда жұмыссыздар аз, газ бен ауыз суы келіп тұр, тақтайдай тегіс жолы бар, алыстан менмұндалаған жап-жаңа мектебі мен емханасы, мәдениет үйі, спорт мектебі бой көтерген. Барлық ауыл осындай болса дейсің. Болады да. Себебі кеше ғана Үкімет ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекітті.
Бұл Мемлекет басшысының жарлығын іске асыру үшін қолға алынған шара. Тұжырымдама ауылдық аумақтардың географиялық ерекшеліктері мен артықшылықтарын ескере отырып, әлеуметтік-экономикалық әлеуетін аша түсуге бағытталған. Оның аясында ауыл тұрғындарының табысы мен тұрмыс сапасын арттыру бойынша түрлі шаралар қарастырылған. Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы қараша айында ҚР Президенті лауазымына кіріскеннен кейін осы Тұжырымдаманы әзірлеу туралы Жарлыққа қол қойды.
Бүгінде ел бойынша 6295 елді мекен бар. Оларда 7,5 млн адам, яғни ­республика халқының 38,2 проценті өмір сүріп жатыр. Құжатта «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында республика ­бойынша ауыл тұрғындарының басым бөлігі өмір сүріп жатқан даму әлеуеті жоғары 3,5 мың ауылдық елді мекенді кешенді жаңғыртуға баса назар аударылған.
Тұжырымдаманың негізгі мақсатының бірі – ауылдық елді мекендердегі әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамыту. Атап айтқанда, жаңа мектептер мен медициналық нысандар салынып, сумен және электрмен үздіксіз жабдықталады, кең жолақты интернет және ғарыштық байланысы тартылады, ауыл жолдарының сапасы жақсарып, кітапхана, клуб, музей және кинотеатр, спорт ғимараттары сияқты мәдени нысандар салынады, халыққа қызмет көрсету орталықтары ашылады.
Тұрғын үй құрылысын жандандыру үшін жаңа жер учаскелеріне инженерлік коммуникацияларды жүргізу жұмыстары жалғасады. Бұл ретте ауылдық елді мекендерде өз қызметкерлеріне үй салып берген жұмыс берушілерге шығынның 50% мөлшерін мемлекет қайтарып бермек. Нақтырақ айтқанда жалпы алаңы 100 шаршы метрден аспайтын үй құнының тең жартысы субсидияланатын болады.
Ауылдық жерлердегі қоғамдық қауіпсіздікті күшейту үшін заманауи учаскелік полиция пункттерін салу, аудан орталықтарында бейнебақылау жүйесін енгізу, ауылдарда жаяу жүргіншілер жолдары мен мал айдау аймақтарын белгілеу, шомылуға рұқсат етілген және жабдықталған орындар құру бойынша жұмыстар жүргізіледі.
Оған қоса шекаралас ауылдық елді мекендерді дамытуға ерекше назар ­аударылатын болады. Атап айтқанда, инфрақұрылымды жаңарту мен негізгі қызметтерді қамтамасыз етудің арқасында халықтың елді мекендерден көшуін азайту, адамдардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау және жалпы шекара маңындағы аудандардың экономикалық дамуына жаңа серпін беру жоспарланып отыр. Ал еңбек тапшылығы бар өңірлердің шекаралас ауылдық округтер тұрғындарының жалақысына үстемеақы қосу мүмкіндігі қаралатын болады.
Сонымен қатар тұжырымдама аясында ауыл шаруашылығы жерлерін ұтымды пайдалану мәселесі де қалыс қалмаған. Бұл мақсатта топырақ құнарын жақсарту, жаңа суармалы учаскелерді айналымға енгізу, су қоймаларын реконструкциялау және салу, өнімділікті арттыру, дақылдарды әртараптандыру бойынша жүйелі шаралар көзделіп отыр. Осылайша, шағын шаруашылықтарды біріктіру және ауыл шаруашылығы кооперативтерін ұйымдастыру фермерлерге тұқым, тыңайтқыш, жанар-жағармай материалдары, жем-шөп, агротехникалық және ветеринариялық қызметтер шығындарын қысқартуға, жер учаскелерін, ауыл шаруашылығы техникасын, ирригациялық және дренаждық жүйелерді бірлесіп пайдалану есебінен өндірілген өнім көлемін арттыруға, сондай-ақ делдалдарсыз тұрақты түрде тауар өткізіп отыруға мүмкіндік береді.
Ауыл тұрғындарын нәтижелі жұмыспен қамту – тұжырымдаманың тағы бір негізгі бағытының бірі. Ол үшін бизнес ортаны дамыту, қызмет бағыттарын кеңейту, ауылдарда нарық, көлік және логистика инфроқұрылымын қалыптастыру, жаңа жұмыс орындарын ашып, жас кадрларды тұрақтантыру тәсілдерін қалыптастыруға жағдай жасалмақ.
«Ауыл аманаты» жобасы осындай құралдардың бірі болмақ, оның аясында жеке қосалқы шаруашылықтарға жылдық 2,5% мөлшерлеме бойынша жеңілдікпен шағын несие беру, сервистік-өткізу кооперативтерін қалыптастыру, техника, жабдық лизингі және т.б. қамтамасыз етілмек. Сондай-ақ ауылда азық-түліктің негізгі түрлері бойынша импортты алмастыратын инвестициялық жобаларды қолдау жоспарланып отыр. Атап айтқанда, Солтүстік Қазақстан облысының агроөнеркәсіп кешеніндегі инвестициялық жобаларды қаржыландыру бойынша тәжірибесі қолданылмақ.
Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы басқа да бірқатар іс-шараны көздейді, оның ішінде ауыл тұрғындарын жергілікті өзін-өзі басқаруға тарту, жан-жақты мемлекеттік қолдау көрсету, туризмді дамыту, экспортты ынталандыру, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бар. Бұл туралы толығырақ Тұжырымдаманың өзінен оқуға болады.
Оны іске асыру нәтижесінде ауыл халқының табысы артып, жұмыссыздық деңгейі төмендейді деп күтілуде. Сонымен қатар ауылдық елді мекендер ауыз су, интернет және сапалы жолға толықтай қол жеткізбек. Одан бөлек тұжырымдама аясында ауылдық жерлерде 655 денсаулық сақтау нысаны, 183 мектеп және 100 спорт ғимараты пайдалануға беріледі. 650 мәдениет нысаны салынып, жөндеуден өткізіледі деп жоспарланып отыр.

Гүлхан СӘБИТҚЫЗЫ
12 сәуір 2023 ж. 204 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930