Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Бәйтерек

Бәйтерек


Шынардың шыбығы
Бүтін ауданның ырысын арттырып ынтымағын сақтауға, әлеуетінің артуына жарты ғасыр ғұмырын арнаған өңірдің ардагер ағасының елдің үлкен-кішісі құрмет тұтар биік бедел иесіне айналғалы қашан. Еңбек өтілі тым әріден 15 жасынан басталатын Пекеңнің кеңестік дәуірдің қамытын киіп, арбасын жегіп жүріп жетілген өмір жолы тақтайдай тегіс болмапты. Өмір өткелдерінде бедерлі ізін қалдырған ұмтылысы мен «әттеген-ай» ұтылысы да, жастықтың буы мен шуына елітіп қате басқан қадамдары да жоқ емес. Орайын тауып, шым-шымдап сыр тарта алсаңыз, талай-тағдырына жазылған қуаныш-жұбанышы да, өкініш-өксігі де аз болмаған өмір сынақтарынан өтіпті. Мойыны түсіп, мойымапты, жүдеп жүнжімепті бірақ. Төске салған темірдей қатайып, намысын қайрап, замана ағынына ілесіп қана қоймай, алдыңғы сапта жүруге тырысыпты.
Пердәлі Сейдахметұлы – өткен ғасырдың ең жойқын, сұрапыл соғысы жүріп жатқан 1943 жылдың күзінде поселкенің (кезінде осылай атайтын) іргесіндегі өзек бойындағы жапырайған 10 шақты қоржын үйдің бірінде дүниеге келіпті. Беріге дейін «водокачка», «жетім ауыл» аталған шағын ауылдың айналасы нулы, сулы құтты мекен болған көрінеді. Осы бір қауым жұрттың бетке ұстары – әкесі Сейдахмет қазынаның күрең айғырын мініп, арбасын жегетін жұлдызды бас киім, құрым етік киетін кісі екен. Мініс атын баптап, арбасын күйттеп күткеннен басқа үй-ішілік шаруаға онша қыры болмаған деседі. Есесіне, анасы Төлеш еңсесі тік, ер мінезді, ағайын арасында билік-бітім айтар сөзі жүретін айбаты мен қайраты болыпты дегенді естіп өстік. Сол бірбеткей болмысы болса керек, «абысын марқұм, ұл ­туатынын көрген түсінен болжап, толғағын қызғанып осы Перденді алдын-ала қамдап қойған мал сарайдың бір бұрышына барып тығылып туған...» дегенді шешеміз айтып отыратын. Ал әкелеріміз: «Сейдахметтің ағайынға жасаған қамқорлығынан талай адам соғыстан аман қалды, бетті жігіт еді, әттең ерте кетті!..»,- деп өкініш айтар еді. Әуелі егіз қызды дүниеге келтірген толғақ үстінде анасы Төлеш қайтыс болып, көп ұзамай отағасының өзі де туралап келген ажалдың оқпанына түсіп кете барыпты. Сөйтіп кәмелетке толмаған төрт қыз, үш жастан енді асқан жалғыз ұл – Пердәлі қала беріпті. Тұл жетімдік қамытын тым ерте арқалаған тағдыр талқысына не шара? Қараусыз қалған бір үйлі жанға нағашы әжесі келіп әке орнына әке, шеше орнына шеше, бар мейрімін төгіп егелік жасапты. Жан жарасын жалап жүріп жетілдірген қайран әжені еске алған Пекеңнің «сиынар Құдайымнан бөлек, тәу етіп табынарым – әруағыңнан айналайын әжем Батпа!» дейтіні бекер болмаса керек. Жоқшылықтың кермек дәмін татуындай-ақ татқан, таңдайында әлі табы қалғандай. Қайсы бірін айтып тауысарсың, алыста қалған ашқұрсақ өмірдің жадына жатталып қалған ай қараңғы алакеуімде ұрланып барып бидайдың сабанын ақтарып масақ теретін кезін қалай ұмытар? Қисық аяқ қарауыл Қаппардың тасыраңдап шауып кеп ат борбайына алып қамшы үйіретіні жадынан шығар ма? Табада пытырлап қуырылған бір үйлі жанға бір күндік талғажау сап-сары дәннің мұрын жарар хош исі мен тіл үйірер дәмі естен шығар ма сірә? Естен еш кетпейтін еміс-еміс тағы бір елестің көмескіленіп көз алдынан көлбейтіні бар: ығы-жығы көп адам... ұшы сүйретілген бау-бау қамыс тиелген ортада арба... үстіне ораулы көрпе салынатын сияқты... Одан арғысы қараңғы. Көзін жұмып жадын жаңғыртуға қанша тырысқанмен ажыратып болмас қыбыр-жыбыр белгісіз сәулелі сұлба алыстай барып сөнеді. Сірә, бейітке бет алған я шешемнің, я әкемнің мүрдесі болар деп жорамал жасайды осы күндері. Әкеден де, шешеден де қалған елес бейне осы ғана!
Мектеп табалдырығын 9 жасында аттапты. Жасы асып барады дейтіндерге: «Әдірем қал, түге! Кішкене өсіп, буыны қатсын, әлі-ақ бәрінен озады!» дейтін жарықтық әжесі 1952 жыл күз орталықтағы Октябрьдің 14 жылдығы (бүгінгі №45) мектебіне 1 сыныпқа оқуға береді. Нағашысы поштамен жіберген әскери бәтеңкені сүйретіп апаларымен кезектесіп киіп жүріп оқитыны осы кез. Інілерін ортаға алып, қыздардың үлкені ымырт үйіріле кешкілік шынысын сүртіп керосин иісі бұрқыраған пілтелі шам жағып, ортаға қойылатын сиясауытқа (дәуіт) үшкір қаламұш (перо) түйрелген қаламсапты (рүшке) кезектесе малып сабақ жазады. Ылғи да өзіне ғана болысып, жөнге шығаратын әжесін арқаланып кезек сақтамай аяқ астынан шатақ шығаратын ерке-шора ұлдың кесірінен тақымнан шымшитын қым-қуыт тартыс-талас та болып тұратын көрінеді. Осындай бір кезекті кикілжің, кінәмшіл бала Перденнің алақаны сыртына өмір бойына сақталған тыртық таңба салыпты. Шалдуар шәлкес ойын баласы болған сағым жылдарынан жүрегін жылытар тәтті естелігіндей жалғыз белгі.

Шымкенттік шәкірт
Буыны бекіп бойы өскен уақыттан ­бастап бос уақытында іргедегі қамыс зауытына барып жұмысқа жалданады. 1 айға алатын ақысы – 1 қап ұн болған қара жұмыстан қажыған бозбаланың шындап ойлана бастайтыны осы тұс. Не істеу керек? Не де болса оқу керек деген ойға бекінген ол сол жылы жаз 7 сыныптық біліммен ілінген поезға жармасып Шымкенттен бір-ақ шығады. Тәуекел етіп оқу іздеп қалаға келген 3 баланы қарсы алып күтіп отырған ешкім болмайды әрине. Десек те, қазақ – қай кезде де қазақ. Сұраса келе қарын бөле шығатын қасқа жолдың сүрлеуімен шиырлап келіп іздеп тапқан ағайыны Садық көкесі алғашында абдырап, аса ықылас таныта қоймаса да, 8 сыныптық толық базалық білімі бар Тұрғанбайды (Әбілдаев) құрылыс техникумына, ауылдас досы Данияр екеуін 3 жылдық кәсіптік училищеге түсуіне септігі тиеді.
Өздерін студент санайтын бозбала үшеудің ауылдан тыс үлкен шаһардағы өзгешелеу өмірі осылай басталыпты. Әуелгіде Садық ағаның есік алдындағы сарайын тазартып, ақтап-сылап барып кірген қуықтай бір бөлмесін паналап, өздері келгелі қабағы бір ашылмай-ақ қойған жеңгенің: «әй бала, ананы үйте сал, мынаны бүйте сал...» дейтін өктемсуі көбейе бастаған тұста жатаққа ауысады. Осы күннен бастап ол бірыңғай оқу мен спортқа ден қояды. Шынығып шымыр өскен ауыл баласы бірер жылда жақсы нәтиже көрсете бастайды. Әуесқой ­бокстан жасөспірімдер арасында қала бойынша чемпион атанады. Бедел арттырған балғын жастың бойы да өсіп, қала өміріне бейімделген ойы да толыса бастаған оның, топ бастарлық мінезінің де қалыптаса бастаған өсу кезеңі болса керек. Заманына сай амалы, қисайғанды түзеп, жыртылғанды жамап киюге мәжбүр болған өмірінің осы кезеңдерін қиындықтарына қарамастан айрықша елжіреген сағынышпен еске алады. Әсіресе, жыл сайын 6 айға өндірістік практикада жүріп Ташкент эксковатор зауытынан көрген алуан түрлі станоктар мен механизмдер, техниканың қыр-сырын меңгеруге ықылас аударған қызығушылығын тудырған болжап болмас болашағына талпынған өмір жолында айшықты ізін қалдырған бір белесі болғаны шындық.

Асау Ертіс – алау тағдыр...
Тағдыр демекші, кейіпкеріміздің ғұмыр қиссасында қысқа мерзімге болса да жолы түсіп ізі қалған жер – сонау қиырдағы Павлодар қаласы. Қазақстан тарихындағы тың игеру эпопеясы тұсында Кеңестер одағының түкпір-түкпірінен тоғытылған өмір баяндары бұлыңғыр қисапсыз келімсектермен тез көбейіп, аса қарқынды дамыған Ертіс өзені жағасындағы (ірге тасын переселен орыс мұжықтары қалаған) атышулы Павлодар қаласы. 1962 жылы қала есімімен аталатын атақты аллюминий зауытына жоғарғы разрядты токарь-фрезировщик мамандығын алған дипломына сай арнайы жолдамамен (отработка) жұмысқа келген. Сол кездегі мөлшермен жоғары айлық жалақы, бір бөлмелік жатақханамен қамтылған еті тірі жігіттің көп ұзамай іші пысатыны да түсінікті. Киноға барып, қаладағы өзен жағасындағы жалғыз ойын сауық орталығы би алаңына келуді жиілетіпті. Табысы бар жігіттің таныстары да тез көбейіп үйіріле кететін студенті мен жұмысшысы, ұлы-қызы аралас ортаға аз уақытта сіңісіп кетеді. Шығу тегі Шымкенттік, қалаға танымал спортшы қыз Еленаның ұсынысымен өзін қатты қызықтырған жабық та кең спорт залы жабдықталған Индустриялдық институттың кешкі бөліміне оқуға да түседі. Бір қарағанда бәрі де өзінен-өзі реттеліп келе жатқан жолда, абайсыз жіберген қателіктердің қатерге соғатын қаупін ұқтырған (бәлкім дер кезінде?..) тағдыршешті тығырыққа таяп келгенін білмей де қалыпты. Жастық желік, албырт көңілмен, өзін-өзі қорғай аларлық білек күші өзін тым еркін сезінетіні, үшінші біреулерге ұнамаған тәрізді. Әрине, өздерін қаланың қожайыны санайтын жергілікті орыс тілді «шпананың» айбатына қайрат көрсеткен өжектесіп ерегесу, білек түрісіп беттесу болмай тұрмапты. Осындай қиқу-дода теке-тіресте көзге түскендері сырттай бақылаушы органның қара тізіміне іліккенін сезбейді әрине. Бәле – аяқ астынан, Ертіс жағасындағы ашық аспан астындағы темір қоршаулы би алаңында болған соңғы жаппай төбелесте алған жарақатынан бір орыс жігіті мерт болады. Бұлтартпас дәлел болмаса да, қамауға алынуға тиісті күдіктілердің бірі болып іздестіріле бастағанын естігенде іші мұздап қоя бергенімен, қашып қайда бармақ? Тілеулес, естияр қандас ағайындар мен ­достары кеңесе келе мұны уақытша із суытпақ ниетпен шұғыл ауруханаға жатқызады. Жағдай тіпті күрделене бастаған тұста, айрықша жерлесі Еленаның тамыр-таныс тапқан тікелей көмегімен бір түнде тиісті құжаттары дайындалып, ертеңіне тауарлы пойызға тиелген көп баланың бірі болып әскерге аттанады. Думанды, шулы қаламен іштей қоштасқан ол, жастық әуестікпен бірді-екілі дәмін татып көрген шегу, ішу дейтін зиянды әдеттерден біржола арылу керек деген ниетін орамалға түйіп, қара Ертістің иіріміне ағызыпты, біржола арылыпты! Содан бері сертіне адал, салауатты өмір салтын ұстанғанына тура 60 жыл толыпты және мұнысын өміріндегі ең үлкен жетістігім деп біледі. Бұл оқиғаның соңы осылайша «Қош Ертіс, қош Керекумен» көңілсіздеу аяқталса да, тәртібі, мен тәлімі зор болған солдаттық өмірдің баяны әлдеқайда мазмұнды болып өрілетін өмір тұрыпты алдында.

Әскерде
Бұл кісінің өмірінде көзге көрінбесе де өзін қауіп қатерлерден сақтап жетелейтін, әйтеуір бір желеп, жебеушісінің болғаны әртүрлі жағдайларда көрініс табатыны анық . Ойда жоқта тап болған қиын түйіннің сәтімен оп-оңай шешіліп, аяқ астынан апыр да топыр мінген әскери керуен (эшалон) сол кездегі ұлан байтақ Отанымыздың жүрегі болып саналған Мәскеу қаласынан бір-ақ шығатыны кездейсоқтық емес-ау деген ой келеді. Онда да анау-мынау емес, Кеңес Армиясының элитасы Мәскеу ерекше әскери округі! Оның ішінде арнайы дайындықпен әзірленетін спорт рота. Әскери антын қабылдап кіші командирлер дайындайтын 6 айлық оқудан кіші сержант шенінде оралып әскери бөлімге келген күні алғашқы түнеген солдат кереуетіне қайта жайғасқан ол, табан аудармастан 3 жылдық әскери борышын өтеген жалғыз қазақ, аға сержант шенінде аман-есен елге оралады. «Мені тәрбиелеп өсірген марқұм Әжем мен Армия!» деп ағынан жарылатын ағамыздың 80-ге келген ұзақ та мазмұнды ғұмыр баянында айрықша із қалдырып, тәртіп пен тәрбиесін сіңірген өмірінің осы бір кезеңіне аса ықыласты, разы екені тегін болмаса керек.

Туған жер – тұғырың
Ауылдан 16 жасында аттанған шыбықтай балғын жас туған топырағына 1966 жылы ширығып шыныққан дыңдай жігіт болып оралады. Қар жастанып, мұз шайнайтын жалындаған қайран жастық шақ! Перден ағамыз расында ортадан жоғары бойына құрыштан құйғандай шымыр денесі жарасып тұратын сымбатты жігіт болатын. Келе салысымен Қызылту колхозы гаражына мамандығына сай токарь болып жұмыс істей жүріп, мектеп басшылығы көмегімен өзі ұйымдастырған бокс секциясына 0,5 бірліктегі штатпен бекітілген бапкерлік міндетін бар ынта жігерін салған құлшыныспен атқарады. Облыстың 4 бірдей чемпионы, Кемерова қаласында өткен сайыста облыста бірінші болып өз салмағында чемпион атанған шәкірті Қошқар Шоқаевтың жеңісі 3-4 жылғы тынымсыз еңбегінің нәтижесі екені даусыз. Ыбырайдың ауылы деген дүрдей атағы бар Қызылтулықтар үшін аз да емес, көп те болмайтын салмағы бар үлкен абырой болыпты. Аты шығып беделі өскен жігіттің көп ұзамай қызметі де жоғарылайды. 1970-1976 жылдары колхоз шаруашылығының жүрегі болып саналатын шеберхана меңгерушісі қызметін мүлтіксіз атқара жүріп облыстың «Ең үздік инженер механигі» атағын 2 рет жеңіп алған жігіт 1976-1985 жылдары осы колхоздың бас инженері қызметінде жүріп те сенім үдесінен шығады. Шаруашылықтың қыр-сырын бүге-шігесіне дейін еркін игерген дайын кадр ретінде аупарткомның резервіне алыныпты. Кешегі спортсмен, бас аяғы 10-15 жылда ауданның білікті кадры, белді азаматы болып осылайша қалыптасады «Талапты ерге нұр жауар», Ыбырайдай иесі мен киесі бар ­ауылда қызмет істеу бақыты бұйырғанының өзі де тәңірге тәу етерлік зор несібе деп түсінеді. Ыбырай атаның екінші алтын жұлдызын тағып дәуірлеп тұрған тұста кімдер келіп, кімдер кетпеген бұл ауылға. Дінмұхамед Қонаев пен атақты жазушы Сәбит Мұқановтан бастап атағы алыстарды шарлаған небір өнер саңлақтары мен ғалымдар, шенді шекпенді жоғары дәрежелі меймандардың бірі келіп, бірі кетіп жатады. Шаруашылықтың өмірі таусылмайтын мың сан жұмысымен қабат, қонақтарды бар жабдығымен күтіп алып шығарып салу да оңай-оспақ шаруа емесі белгілі жайт. Кінәмшіл қаламгер мен кірпияз әншілердің, дөңайбат дөкейлердің талайына қонақ кәде қызмет етудің өзі – өз алдына бір мектеп болатынға ұқсайды. Өрісінің кеңейіп, дүниетанымын артуына пайдасы тиіп, жолын ашқан ықпалды әсерінің болғаны анық. Атақты колхоздың білдей бас инженерінің анкеталық дерегі білім жағынан тым жұтаң екені кейіннен дәм-тұзын татқан ағаларының бастамасымен жоғары қызметке өсіру мәселесі қаралған кезде бір-ақ білініпті. Онда да, жүгері егуде жаңа технология енгізу мен пайдалану ­бойынша Қызылту колхозында өткен облыстық семинарда ең алғаш рет пневмосеялканы қолданысқа енгізген жаңалығынан соң. Ұлты – қазақ, жынысы – еркек, білімі? – сүйкей салған құр сызықшамен жүре берген ғой... Бұл сөзсіз (токарьлықтан басқа) 7 сыныптық куәліктен өзге бірде-бір мөрлі құжаты жоқ оны кез келген уақытта қызмет сатысымен өсу былай тұрсын, атқарып жүрген жұмысынан босатуға да заңды негіз болар еді. Осы олқылықтың орнын толтыруды сол кездегі облыс басшысы жеке өз бақылауына алған ықпалымен Жамбыл ­гидромелиорация институтының Қызылорда филиалына сырттай бөлімге түсіп, диплом алады. Осыдан кейінгі өмірі аудан халқының көз алдында қызмет бабында тасы өрге домалаған өсу жылдары болып кете береді. Әрине, ұлғайған сайын өткен өмір жолында көлеңкесі түсіп көмек қолын созған, сүйеніш болып жөн сілтеген парасат-пайымы терең Әзімхан Исмайлов, Константин Хван, Қазбек Оспанов, Жолдасбек Ердешбаев сияқты жекелеген кісілерді құрметпен сүйіне еске алатын кездері бар. Оның ішінде өмірі өнеге, ақылы кемел ақ батасын алған «топырақ аялағанды сүйеді, жапырақ саялағанды сүйеді» дейтін диқан Ата Ыбырайдың орны бөлек. «Пір тұтар – кием де, ту көтерер – жалауым да болған қасиетіңнен айналайын қара шалдың арқасында жер иісін сезініп, уақытпен санаспайтын адал еңбекке үйрендік», – дейді тебірене. Бұл – оның көптен бергі айтып келе жатқан түйген ой, түйінді сөзі, таққан бой тұмары. Бір ауыз сөзі мақалға айналатын жарықтықтың әйгілі: «Жазушы – қаламына, диқан – кетпеніне ие болсын!» дейтін сапарында да жанына ерткен көмекші жол серігі болған. 1973 жылдың жазында өткен Қазақстан жазушылар одағының «Әдебиеттегі еңбек адамының бейнесі» тақырыбымен өткен пленум мінберінен айтқан бір-ақ ауыз сөзі ғой жарықтықтың. Биік мінбердегі көзіне қара көзілдірік киіп, қасқайып отырған даңқты диқанның суретін талай көргенбіз. Сөйтсек, қара көзілдіріктің көзге көрінбейтін есту аппараты қондырылған сыры бар екен. Мұны Пекең айтады. Алдын ала әзірлеген сөздерін қайта-қайта оқып, әбден әбігерге түсіп апта бойы дайындағандағы айтқаны, сол бір-ақ ауыз сөз болған ғой. Сөз болғанда қандай, тарихи сөз! Сол жолы бір апта қасында бірге болып, тоқтаусыз әңгіме сапыратын сөзуар қарт Жазылбектің айтқаны тіпті қызық: «Мен ағамның сөзіне қосыламын. Қойшы – таяғына ие болсын!» деп қара-ап тұр дейді. Қазақтың қара сөзінің қаймағын қалқып ішкен дейтін жазушыларды ду күлкіге көміп, зал толы көпке шекесінен қарап бұрылып жүре беріпті ғой жарықтығың. Одақтың төрағасы жазушы Әнуар Әлімжанов қорытынды сөзінде: «Осы алқалы жиында ең данышпан сөзді айтқан қасиетті шалдарымның сақалынан сүйсек болмас па?» дегені де баталы сөзге қарымта аталы сөз бопты. Айтқаны-ақ қой!

Ел ағасы
Перден (азан шақырып қойған аты Пердәлі) Архабаевтың соңғы 30 жылда ­аудан мекемелері мен әкімнің 1-ші орынбасары ­лауазымында атқарған қызметі дүйім жұрттың көз алдында өтіпті. Бедел биігіне қажырлы еңбегімен, елдің ынтымағы мен бірлігін сақтау тұрғысынан айтылар салиқалы ой, салмақты мінезімен жеткеніне халық куә. 40 жыл ат үстінде сүрнігіп жүріп ағат сөйлеп, кемшін түскен жері мүлде болмапты деп асыра мадақ айту артық болар, сөзден тосылып, жұрттан қысылып қымтанатын, өзіне мін, абыройына сын болатын жері я болар, я болмас, төрелігін көптің өзіне, тарихтың еншісіне қалдырсақ жөн. Жалған жалпош пен көрінеу қолпашқа да зәру де емес ол кісі. Көпшілік көзіне тура қарайтын қолы да, жүрегі де таза. Десек те, тәуелсіздік алған 1990 жылдардың басындағы жаппай жекешелендіру тұсында ауыл халқына ауыр тиген алашапқын әуресі де көп болған қателіктерге жол берілгені, және осы парықсыз саясат, баянсыз бастаманың жоғарғы биліктің пәрменімен өз қолдарымен жасалғанына өкініші жоқ емес. Аға буын өкілдерінің өмір бойына маңдай тер табан ақысымен тірнектеп жинаған қоғамдық мал мен мүліктің ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кете барғанына іші удай ашитыны бар. Ойсыраған ауыл, сансыраған халыққа айтар оңды уәжі жоқ шарасыз күндер артта қалды. Ақыр түбі қайыр болған күйреген күйзелістен елдің ес жиып еңсесін тіктеуге бар күш жігерін жұмсаған ұйқысыз түндер, мазасыз күндер де өткеннің еншісінде. Қиындықтардың еңсеріліп, нарық заңдылықтарына тез бейімделген халықтың тұрмысы түзелгеніне қуанады бүгіндері. Зейнетке шыққаннан күні бүгінге дейін ауданның қоғамдық өмірінен бір күн де тыс қалмапты. Аудандық мәслихаттың бірнеше дүркін депутаты, сайлау комиссиясының төрағасы, кешегі күнге дейін атқарған қоғамдық кеңеске жетекшілік жасай жүріп аудан әлеуетінің артуына, қоғамдық ­саяси ахуалдың тұрақтылығын сақтау жұмыстарының бел ортасында көп жылғы тәжірибесімен бөлісіп, ақыл кеңес беруден шаршаған емес. Әсіресе, 2007-2011 жылдар аралығында сол кездегі аймақ басшысының шақыруымен Қызылорда қаласында саябақ орнатқан әңгіменің жөні бөлек. Ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, тарихқа таңбаланар сауапты да жауапты осы жұмысқа құлшына кіріскені Өзіне өзі сенімді сенгендігінен еді. Ауданның «Сельхозхимия», «Жер ресурстарын басқару жөніндегі комитеттің», «Орман шаруашылығы» мекемесіне басшылық жасаған көп жылғы тәжірибесі батыл қадам жасап, межелі жұмыстарды ұйымдастыруға мүмкіндік берді. «Жыл адамы» атағына ие болып үлкен абырой алып келген ауқымды жұмыс, елу жылғы еңбек жолын жаңа мазмұнмен толықтырған маңызымен де құнды іргелі жоба. Дәл осы жұмыстың жалғасы кейіннен өз ауданы Шиеліде жалғасын тауып, сол кездегі аудан басшылығы қызметінде болған аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының қолдауымен жүзеге асырылған ірі жобасы болды. Осы күні маңызды мәдени іс-шаралары өтіп жүрген, көпшілік демалатын көрікті орнына айналып үлгерген. Дәл ортасында үлкен ескерткіші қойылған Ыбырай Жақаев атындағы саябақ – ел ағасы Архабаевтың келер ұрпаққа аманат етер төл туындысы. 80-ге шыққан биігінен қарағанда аз абырой емес. Қасиетті қара шалдан алған өнегесі – өміріне азық, тіршілігіне – темірқазық болғаны осындай ауқымды жұмыстарды атқарумен де көрініс тапқан ерен еңбектің нәтижесі десек болады. «Ыбырайдың киелі кетпеніне иелік жасап даңқын асырып, жолын жалғастырған Қызылтудан шыққан бірден-бір тұлға осы – Архабайтегі Перден екені даусыз!» Бұл – Халықаралық Алаш әдеби сыйлығының иегері, жазушы Қуандық Түменбайдың сөзі. Өмір бақи Ыбырайды шығармаларына арқау етіп келе жатқан айтары көп жазушының осы бір жол сөзіне көп мағына сиып тұр.

Сөз соңы
Аудан ардагерлердің қатысуымен өткен 2011 жылдың жаңа жыл кешінде марқұм Балтабек Сыздықов ағамыз кәстөмінің жан қалтасынан қылтиып көрінген жалғыз сұқ саусағын безеп күлкі үйрілген көкшіл көзімен ымдай меңзеп:
– Мына шірен ағаңа қатырып пародия жаз, жауабын өзім берем деген ұсынысымен әзіл ретінде сол жерде жазылған шумақ былайша түзіліп еді.
Бәрі «біздің Перден» дейді,
Қызылтуы, Байсыны.
Ажырата алмайсың,
Қайсы әзілі, қай шыны.
Ішпейді, шекпейді, 40 жыл аттан түспейді,
Қолы – күрзі, амалы – ізгі.
Шиелінің Шіренәлі Тайсоны!
Өзі де түсіністікпен жылы қабылдап, көпшілікті ду күлдірген әзіл шумақтың жазылғанына да 10 жылдан асыпты. Сіз әлі де аттан түскен жоқсыз. Ауыл баласынан ел ағасына дейінгі 80 жылдық өмір жолыңыз, өзіңіз баптаған саялы бақтай мәуелі, еңбектің бәйге торысындай талмай шауып жиған беделіңіз Бәйтеректей биік, кейінгі толқын ұрпаққа әрқашанда үлгі, өнеге болып қала берері сөзсіз! 100 жасаңыз, аға!

Исабек Сәрсенбайұлы
11 сәуір 2023 ж. 198 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930