ЖАЙҚАЛТЫП АЙНАЛАҒА ГҮЛ ЕККЕН, АУЫЛДАҒЫ АЛМА БАҚТЫ ТҮЛЕТКЕН
Еңбек адамдарының елдің дамып, өркендеуіне, әлеуметтік экономикасының тұрақты болуына қосқан үлесі зор. Біздегі көп дүниенің сырттан әкелетінін ескеретін болсақ, қоғамға қажетті бұйымдар мен өнімдерді ешкімнің көмегінсіз жасап шығарып жатқан қолөнер шеберлері мен еңбек адамдарын әлде де болса арамызда көбейткеніміз жөн. Жалпы шежіреге тұнған Шиелі жері 41 Социалистік Еңбек Ерін дүниеге әкелген қасиетті мекен. Бәзбіреулер айтатын «қазақ жалқау», не болмаса «жатып ішер» деген керітартпа сөздердің жалған екенін біздің өңір әлдеқашан ісімен дәлелдеп тастаған.
«Жас кезімде бейнет бер, қартайғанда зейнет бер» деген тәмсіл бар қазақта. №21 бекет тұрғыны Әлияр Мұхамедиярұлының жасы 65-те. Алайда ол болдым-толдым деп қарап отырған жоқ. Ауыл шетіндегі өз қолымен отырғызған алмабақты күтіп-баптайды. Жаны жайсаң, қолы ашық аға жемісін ауылдастарымен, кезінде бірге жұмыс істеген әріптестерімен де бөліседі.
«Жас кезімде бейнет бер, қартайғанда зейнет бер» деген тәмсіл бар қазақта. №21 бекет тұрғыны Әлияр Мұхамедиярұлының жасы 65-те. Алайда ол болдым-толдым деп қарап отырған жоқ. Ауыл шетіндегі өз қолымен отырғызған алмабақты күтіп-баптайды. Жаны жайсаң, қолы ашық аға жемісін ауылдастарымен, кезінде бірге жұмыс істеген әріптестерімен де бөліседі.
Бәріне мағлұм, кейіпкеріміз аудандағы аяқсу саласында 40 жылдан аса өнімді еңбек сіңірді. Биылға дейін тоғыз ауылдық округті тіршілік көзімен қамтып тұрған Р7 каналына басшылық етті. Арғы атасы мен өз әкесі осы су саласында еңбек етіп, кезекті эстафетаны өз қолына алған Әлияр аға қазір нағыз тәжірибесі толыққан, өз жұмысын жақсы білетін маман. Даламен тілдесіп, судың сырын әбден меңгерген ағамыз жеміс ағашын отырғызып, гүл егіп, егіншілікпен айналысқанды жаны сүйеді. Ол үшін мекеме ауласы тозып, жері жұтаң тартып тұрса, одан асқан қайғы жоқ. Көктем шығар-шықпас есігінің алдына гүл егіп, көгалдандырмайынша жаны тыныш таппайды. Ешкім ұсыныс айтып, өтініш білдірмесе де барған жеріне бір уыс гүлінің ұрығын сеуіп, түбін кеуелеп, суарып кетеді. Бұлай етуінің себебін сұрағанымызда:
– Мен 1983 жылы Өзбекстанда бір ай іссапармен болып қайттым. Сапар барысында байқағаным, Өзбекстанда гүлі жоқ мекеме көрмейсің, қайсысына барсаң да кіреберісі сан түрлі гүлдермен жайқалып, жұпар иісі танауыңды тесіп тұрады. Содан болса керек, өзбектердің жұмыс орнында бір-бірімен ренжісіп, қабақ шытып жатқанын көрмейсіз. Әрдайым көңілді, гүлдей жадырап жүреді. Сөйтіп, елге келгеннен кейін өзбек ағайындардан үйренгенімді жасап, гүл егуге бар ықыласыммен ден қойдым. Қазір ауласында гүл өспеген мекеме көрсем қолым қышып, айналасын гүлдендіргім келіп тұрады, – деп жауап берді.
«Жақсыны көрмекке» дейді емес пе?! Біз де осыны мақсат тұтып, жыл сайын №21 бекет барып, Әлияр ағаның алма бағын аралап қайтамыз. Ауылға кіре берістен кейіпкеріміздің жылдар бойы жасаған жұмысы бірден көзге ұрады. Жалпы бақта 160 түп жеміс ағашы болса, оның басым көпшілігі – алма ағашы. Аяқсу деңгейінен әлдеқайда жоғарыға егілген жемістерді арнайы су сорғышпен суарып, күтіп баптау қажырлы еңбек пен айтарлықтай қаражатты да талап ететіні көрініп тұр. Осы тұрғыдан қарап кейіпкеріміздің тынбай тіршілік ететінін байқауға болады. Бақтың қазіргі пайдасы жақын жердегі ауыл тұрғындарына сая болуымен қатар тәтті алмасы, жұпар иісті гүлдері тұрғындардың қуанышына себепкер болуда.
1 қыркүйек – Білім күнінде оқушылардың мектепке әдеттегідей емес, ұстазына гүл шоқтарымен, қуанышты шат күлкімен жол тартатыны белгілі. Бұл турасында кейіпкеріміз былай дейді:
– Әлеуеті жеткеніне қарай түрлі гүл бумаларын ұстап, мәз-мейрам болатын балаға гүл алып беретін қаражаты жетпей қалатын жанұялар бар. Оны бүлдіршіндер түсінбейді ғой. Мектепке асығып, ұстазына гүл шоғын сыйлағысы келетін бүлдіршіннің кіршіксіз аппақ көңіліне дақ түспесе екен. Сол үшін барымызды салып, аумақтағы Жансейіт, Алмалы, Тоғайлы және 21 бекет бүлдіршіндері – 1 сынып оқушыларына тегін гүл шоқтарын таратамыз. Бұл үрдіс 7 жылдан бері жаңылмай жалғасын тауып келеді. Одан кейін күзде гүлдің ұрығын тегін береміз. Бұл ісіміз біреуге үлгі, өзімізге сауап, ал бүлдіршіннің риясыз қуанышын көру бір ғанибет!–дейді Ә.Сейітов.
Қазір тіршілік атаулыға жан бітіп, көк шыға бастады. Көктемнің нағыз кереметі осы емес пе?! Бұл шақта күллі тіршілік иесі білек сыбана іске кіріседі. Аула тазалап, жер қопсытып, даланы егінге даярлайды. Қыс бойы ақ тонын оранған қара жердің бетінен бастап, ағаш діңгегін әктеп, қора жақтауларын сырлап, жас көшеттерді отырғызу науқаны ауданда да қызу жүріп жатыр. Бұл туралы басылымның әр санында жазып, ақпараттандырып жүрміз. Бүгінде кенттің өзінде 11 000-нан астам көшет егілді. Айтпағымыз, осының басы-қасында басшылық етіп Әлияр аға жүр.
P.S.«Біздің ауылда жалқау адам жоқ, барлығы еңбекқор. Әрқайсысы жер анадан өз несібелерін теріп, бастарын жерден көтермейді. Содан болса керек, ауылда өсек айтып, көшеде ерігіп тұрған жан көрмейсің», – дейдi бағбан. Әлияр ағаның осы сөзінен кейін түнімен көше кезіп, күнімен ұйқы сұрап жүретін желіккен жастарымызды егіншілік еңбекке баулу керек пе деген ой миымның бір бұрышынан шықпай қойды.
Сұлушаш МАДИЯРОВА