Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚАЗАҚ КИНОСЫ ҚАЙТА ТҮЛЕДІ

ҚАЗАҚ КИНОСЫ ҚАЙТА ТҮЛЕДІ

Жасыратыны жоқ, 3-4 жыл бұрын қазақ киносын көріп отырып, «Әй, қап!» деп санымызды сабалап отырсақ, қазір «Пах, шіркін!» деп таңданыс тудырамыз. Кезінде кинотуындының сапасы емес, саны артса, бүгінде ол олқылықтың орны оңалуда.
Кино – идеологиялық қару. Ол еңбектеген баланы да, еңкейген кәріні де тәрбиелеуге қауқарлы. Нанбасаңыз, бала кезіңізді еске түсіріңізші. Көгілдір экраннан көрген әр кейіпкердің қылығын қайталап, соған еліктейтін едік. Тарихтан сыр шертетін туынды болса, қазақылығымызды танитынбыз. Өзіміздің ұлтқа, салт-дәстүрге біртабан жақындайтынбыз. Тіпті кинодан үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді санаға құйдық. Шыны керек, осыдан бірнеше жыл бұрын киноны тағатсыздана күтіп, сағаттап көретінбіз. Қазірде кино әлемінде туынды мен көрермен жеткілікті.
Жасыруға келмес, қазір тас атсаңыз, режиссерға тиеді. Өйткені олардың саны артты. Бұрын режиссер дегенде ойымызға қазақ кино өнерінің іргетасын қалаған Шәкен Айманов, Абдулла Қарсақбаевтар мен кейінгі толқын Ақан Сатаев, Ермек Тұрсынов сынды шеберлер еске түсетін еді. Бүгінде қайсысын айтатынымызды білмей жаңылысамыз. Нәтижесінде, қазір экраннан шөліңді басып, жан сарайыңды ашатын қазақ кино туындылары жарыққа шығуда. Атап айтар болсақ, «Келінжан», «Күйеу бала», «Сезім толқыны», «Ақжауын» «Жат ­туыстар» және тағы басқа. Бұрындары теледидардың тетігін басып қалсаңыз, кәріс пен түрік, үнді сериалы болатын. Себебі олар әу баста киноның идеологиялық қару екенін біліп, білек сыбана кіріскен. Тіпті киносы арқылы салт-дәстүрі мен мәдениетін шартарапқа жеткізуде. Осыны түсінген қазақ кино саласының мамандары кемшін тартқан тұстарды түзеп, отандық өнімнің сапасын жақсартуға әбден ден қойған секілді. Бірақ соңғы кездері шоумендердің аттыға әзіл, тайлыға күлкі іздеп жүрген туындылары көңілге кірбің салады. Не орысша, не қазақша сөйлегенін түсінбей абдырап қаласыз. Көрген сәтінде күлкі сыйлағанымен, біткеннен соң жылт етіп естен ғайып болады. Бірақ сол үшін кинотеатрдың алдында сағаттап кезекке тұруға бар жандарда жетерлік. Әрине, талғамға талас жоқ. Бірақ алдымен киноның мәні мен мағынасына назар аударуымыз керек.
Тәуелсіздіктің таңы атып, егемендік еңсемізді тіктеген соң, өшкеніміз жанып, жоғалғанымыз табылды. Бұрынғыдай емес, кино түсіруге мүмкіндік те мол. Бұрын тарихи тұлғаларды танытатын, туған жерге деген сүйіспеншілікті арттыратын киноның жоғы жанға бататын. Қазір бұл кемшілік те реттеліп, Міржақып Дулатовқа арналған «Оян, қазақ!», «Дина. Күй», ұлт ұстазы ­Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай түсірілген «Ахмет. Ұлт ұстазы» сынды қазақтың төл туындылары көптің ықыласына бөленді. Тарихи киноға сусағандар, шөлін басты.
Мәселен, бір түнде «Ахмет. Ұлт ұстазы» сериалын қайта көріп, ­тауыстым. Ең бастысы, авторлар қолдағы бар аз қаражаттан 1916 жылдың әлегін ежіктеп көрсетіп, тартымды дүние шығарған. Тергеуші Саңғытов образын актер ­Нартай Сауданбекұлы керемет сомдап шыққан. Экранда сол образды күтіп ­отырдым. Себебі Саңғытовқа қарап отырып, қазақтың ұлы өкініші – білім екенін көресің. Білім жоқ болса да зауал, бар болып ұлтына қызмет етпесе де зауал екен. Бұл аталған сериал қазаққа өзін танудағы алғашқы қадам десек, артық айтқандық болмас.
Әрине, кино түсіру, оны сан түрлі құбылтып көрерменге жолдау оңай шаруа емес. Десе де, кино арқылы да салтты сақтап, дәстүрді дәріптесек, нұр үстіне нұр емес пе?!

P.S.: Әсіресе, тарих пен әдебиет пәнінің ұстаздары оқушыларға «Ахмет. Ұлт ұстазын» арнайы көрсеткен екен. Мектеп бағдарламасына енгізіп, міндетті пән қылатын нағыз сабақ – ахметтану.

Сұлушаш МАДИЯРОВА
07 сәуір 2023 ж. 422 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930