Қазақ киносы мазақ болмасын
«Экраннан сапасыз көріністі көру үйреншікті дүниеге айналды. Адамдар түкке тұрғысыз, еш пайдасыз нәрсені көріп жүргенін сезбейтін болды» дейді өткен ғасырда өмір сүрген американдық ақын Чарльз Буковский. Міне, осы бір оймақтай сөз қазақ көрермендерін де айналып өтпек емес. Өйткені, қазіргі қазақ киносын көріп отырып «Пах, шіркін!» деп таңдануынан гөрі, «Әй, қап!» деп саныңды сабалап отырасың. Сәйкесінше, кинотуындының сапасы емес, саны артып барады. Бірақ біздің базынамыз киноның көптігінде емес, оның тәрбие мен тәлімнен қашықтап кеткені хақында.
«Киноны уақыт өткізу үшін көреміз». Белгілі бір туынды жайлы сын айтқанда өзімізді ақтап алатын жалғыз аргумент осы. Одан қалды көбіміз «Қойш, кино не береді?» деп ойлап, қолды сілтей қараймыз. Алайда, кино – идеологиялық қару. Ол еңбектеген баланы да, еңкейген кәріні де тәрбиелеуге қауқарлы. Сенбесеңіз, бала кезіңізді еске түсіріңізші. Теледидардан көрген әр кейіпкердің қылығын қайталап, соған еліктейтін едік. Тарихтан сыр шертетін туынды болса, қазақылығымызды танитынбыз. Өзіміздің ұлтқа, салт-дәстүрге біртабан жақындайтынбыз. Тіпті кинодан үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді санаға құйдық. Шыны керек, осыдан бірнеше жыл бұрын киноны тағатсыздана күтіп, сағаттап көретінбіз. Ал қазір ше? Иә, қазірде кино әлемінде туынды мен көрермен жеткілікті. Өкініштісі, бұрынғыдай дәмі мен мәні қалмады. Неге? Оның себебін режиссер Ермек Тұрсыновтың мына сөзінен аңғаруға болады. «Әнші де, әзілкеш те бүгінгі қазақ киносының болашағына балта шауып жүр. Тек жалқау ғана кино түсірмейтін болды. Бұл кино емес, бұл жай ғана мазақ».
Рас. Қазір тас атсаңыз, режиссерға тиеді. Өйткені, олардың саны артты. Бұрын режиссер дегенде ойымызға қазақ кино өнерінің іргетасын қалаған Шәкен Айманов, Абдулла Қарсақбаевтар мен кейінгі толқын Ақан Сатаев, Ермек Тұрсынов сынды шеберлер еске түсетін еді. Бүгінде қайсысын айтатынымызды білмей жаңылысамыз. Хош. Киноның қазанында қайнап, сағасынан су ішіп жүргендер жұмысын жалғастыра берсін. Бірақ бір сәт халықтың ой-өрісі мен дамуын ойлауға да болатын шығар. Біз қашанғы ырың-жырыңға толы туындыны тамашалай береміз? Я болмаса экраннан қашан шөліңді басатын, жан сарайыңды ашатын сериалды кездестіреміз? Жасыратыны жоқ, теледидардың тетігін басып қалсаңыз, кәріс пен түрік, үнді сериалы. Әу баста киноның идеологиялық қару екенін білген олар, білек сыбана кіріскен. Тіпті киносы арқылы салт-дәстүрі мен мәдениетін шартарапқа жеткізуде. Олардың қасында біздің киноның халі мүшкіл. Әсіресе, соңғы кездері шоумендердің аттыға әзіл, тайлыға күлкі іздеп жүрген туындылары. Не орысша, не қазақша сөйлегенін түсінбей абдырап қаласыз. Көрген сәтінде күлкі сыйлағанымен, біткеннен соң жылт етіп естен ғайып болады. Өкініштісі, қараша халық осындай киноға құмар? Сол үшін кинотеатрдың алдында сағаттап кезекке тұруға бар. Әрине, көпшілік кино тамашаламасын деуден аулақпыз. Айтпағымыз, киноның мәні мен мағынасына назар аударуымыз керек.
Тәуелсіздіктің таңы атып, егемендік еңсемізді тіктеген соң өшкеніміз жанып, жоғалғанымыз табылды. Бұрынғыдай емес кино түсіруге мүмкіндік те мол. Бірақ әлі де тарихи тұлғаларды танытатын, туған жерге деген сүйіспеншілікті арттыратын киноның жоғы жанға батады. Болғанның өзінде олар көрерменсіз жетімсіреп жүр. Ал тарихи киноға шөлдегендер «Қыз Жібек», «Біржан сал» туындыларын қайта қосады. Міне, қазақ киносының қарқыны осындай. Әрине, кино түсіру, оны сан түрлі құбылтып көрерменге жолдау оңай шаруа емес. Десе де кино арқылы да салтты сақтап, дәстүрді дәріптесек, нұр үстіне нұр болар еді.
Маржан
ҚҰРМАНҒАЛИЕВА