Дархандық дарақылыққа ұласпасын
«Осындай той Отырардан басқа жерде болмаған» деген ән есіңізде шығар? Иә, ортағасырлық қаладағы думан өз уағында жақ талмай жырланып, аяқ талмай тойланды. Қазақ халқының тарихында «отыз күн ойын, қырық күн тойын» жасаған кештер аз болған ба? Бұл үрдіс қазір де жалғасын тауып келе жатыр. Бірақ бүгінгі отырыстардың «Пах, шіркін!» деп таңдануынан көрі, «Әй, қап!» деп санды сабалайтын тұстары көп. Себебі қазіргілер бұрын-соңды ешкім көрмеген той жасауға, түрі танымал тұлғаны тамада етіп жалдауға, жастардың жеке альбомы, одан қалды көліктер шеруін шулатып ұйымдастыруға бейім. ХХІ ғасырда «Басқа тойды тойламасаң тойлама, екі жастың бақыт тойы тойлансын» деп қарап отыратын ешкім жоқ. Барлығы шаңырағындағы шаттықты үлкен дастарханмен атап өткісі келеді. Шілдехана, бесік той, тұсаукесер, сүндет той, тілашар тағы бар. Сондай-ақ сексеннің сеңгіріне шығып, тоқсанға таяған жандардың «жеке меншік күндері» де елеусіз қалмайды. Бірақ біздің базынамыз тойдың көптігінде емес, оның тәрбие мен мәдениеттен қашықтап кеткені хақында.
«Қазақ – тойшыл халық». Той туралы сын айтқанда өзімізді ақтап алатын жалғыз аргумент осы. Бұған «той-халықтың қазынасы» дегенді қосып көрпемізге қарай көсілмей, әліміз келмегенмен әлекке түсіп, тіпті банкке берешек боламыз. Бәрі – тойдың қамы!
«Қаздың жүрісін саламын деп, қарғаның шаты айырылыпты». Той туралы тарқатқанда теңгені тілге тиек етпеу мүмкін емес. Ұл үйленіп, қыз тұрмысқа шығамын деген әңгіменің шеті шықса болды әлеумет әмиянын санап кетеді. Екі жақтың ата-анасын кездестіріп, мәселенің мәнін ашып, барлығын кесіп-пішіп болған соң тойдың жыры, қалтаның қамына кіріседі. Құда түсу, сырға салудан бастап «Тойдан тобықтай» деген тартуына дейін таңдау, жақсылап қамдау керек. Осындай сәтте менмұндалап тұратын мейрамхана саудасы қыза түседі. Аудандағы тойхана адам басына 2000-5000 теңгеден есептегенде, бір той үшін 400-500 мың теңгеңіз жұмсалады. Осымен шыққан шығын таусылды десеңіз қателесесіз. Әлі қалыңдық пен күйеу жігіттің киімі, фотосессиясы және картежі бар. Қалыңдықтың көйлегімен бірге бет әрлеуі және шаш үлгісі үшін қалтаңыздан тағы 100 000 теңге қағылып түседі. Жас жұбайлардың жарасымды сәттерін шырт етіп камераға түсіретін қызмет үшін ойланбастан 50 000 теңгеңізді дайындай беріңіз. Ал заманауи жастардың арасында трендке айналған көлік шеруі үшін 100 000 теңгені шетке ысырып шығарып қойыңыз. Айтпақшы асабаның ақысын ұмытып барады екенбіз ғой. Той тізгінін ұстаушының қалтасына да 70-80 мың теңгені сүңгітіп жібересіз. Енді есептеп көріңіз. Екі жастың отау құрып, шаңырақ көтеруі үшін бас-аяғы 800 000 теңге жұмсайсыз. Бұл – ел арасында жүріп шығарған орта баға. Қарап тұрсаңыз, тек тойханада жасалатын жоралғыларға ғана жұмсалған қаржының есебі шығып тұр. Ал арамызда алты Алашқа ғана емес, алты құрлыққа аты шыққан мен деген мега жұлдыздарды жиып алып, жиын өткізетіндер де бар. Байдың асын байғұс қызғанғандық емес бұл. Тек сондай ас та төк тойға қарап, өзгенің өзегінде берері жоқ бәсекелестік пайда болмаса дейміз. Өйткені кей адамдар «Пәленшеден кеммін бе?» деп керек емес жерде кеуде керіп ысырапшылдыққа, дарақылыққа салынады. Тойға адамдар ас ішіп, аяқ босату үшін ғана келмейтін болғандықтан шоуменді, әнші-бишінің біреуін қалдырмай шақырады. Ақыр аяғында келушілердің көңілі, жоралғының жөні жайына кетеді.
«Ырың-жырың асаба алға шығып, ғылым-білім тасада қалып жатыр». Ел арасында «Батыл жігіт жол бастар, ақын жігіт сөз бастар» деген тәмсіл бар. Шаршы топтың ортасында суырылып шығып сөз бастау, сөзбен халықты сусындандыру кез келгеннің қолынан келе бермейді. Сол себептен отыз адамның басы қосылса да, сөздің жауапкершілігін асабаға артқанды дұрыс көреді халық. Қара сөздің қоржынына қол жүгіртіп, сүбелі сөздің майын ішіп, жілігін шаққан жанға сенім білдіреді. Алайда, қазір сөз жебемен сұлық түсіретін той тізгіншісінің жұмысында да «Әттеген-айлар» кездеседі.
Бір емес, бірнеше рет тойға барамыз. Тойхананың табалдырығын аттаған бойда «Екі қолды бос қойдық, алдарыңа ас қойдық» деп асаба ортаға келеді. Одан кейін аян сценарий кете бастайды. Жүрекжарды лебізін білдіру үшін қонақтар қаздай тізіліп төрге шығады, олар сөзін аяқтаған соң би немесе әнге кезек беріліп, арадағы қас қағым сәттен соң ойын ойнатылады. Сарылып тойға барғандардың арасында қамығып та, қуанып та қайтқандар табылады. Хош. Тойдың қазанында қайнап, сағасынан су ішіп жүрген асабалар жаттанды жүргізулерін жалғастыра берсін. Бірақ соның өзін алып атыраптағы аттөбеліндей елге қызықты һәм көрікті етіп жеткізсе болмас па еді?
Ғаламторды ашып, теледидардың тетігін басып қалсақ көретініміз аттыға әзіл, тайлыға күлкі іздеген асабалардың ардан безген әдеттері. Анасымен жасты кісіні күлкіге айналдырып, қисынсыз қалжың мен оспадарсыз ойынды ойланбай ойнатады көбісі. Одан қалды, түрлі тойдың жүргізілу барысы бір. Тал бесіктен жер бесікке дейінгі ғұмыры қуанышпен өткен халық әр тойға айрықша мән берген. Демек, тұрпаты бөлек тойлар бір сценариймен жүргізілмесе екен деген дәмеміз орынды.
Сатирик, «Ара» журналының бас редакторы Көпен Әмірбекке той тізгінін ұстаңызшы деп талай өтініш-тілек келген екен. Алайда сатираның саңлағы: «Өнерді сатылымға қойса, құны азаяды, адам өзін жоғалтады», – деп бірден шорт кескен. Мұнда асабаның бәрі тегін шықсын деп табалаудан аулақпыз. Айтпағымыз асабалар алған ақшасына адалынан қызмет көрсетсе, сөздің киесін түсініп, оның жүйесін жоймаса дейміз.
Жүйесіз жоралғылар жадымызда жатталып барады. Тәуелсіздіктің таңы атып, егемендік еңсемізді тіктеген соң өшкеніміз жанып, жоғалғанымыз табылды. Сондықтан «Қайта оралды қазағымның дәстүрлері-ай!» деп қуана ән салдық. Ескіден келе жатқан есті салттар санамызда сіңіп, ұлттық кодымызды қалыптастыруға септігін тигізді. Алайда тағы қолда барда алтынның қадіріне жете алмадық. Торқалы тойда сақталуы тиіс салттарды садақа етіп, орнына өзгенің қаңсығын әкеліп, таңсық қылдық. Тәлімі – Абай, тәжі – Абылай болған біздер той-думанда тәттінің шырағын сөндіріп, жасы үлкен кісіге асатсақ, қалыңдықтың гүлін қағып алу үшін қақтығысқа түстік. Тойдың уағында атүсті айтылып жүрген салттар бұл ғана емес. Олардың қатарында беташар, ұзату тіпті тұсаукесер рәсімі де бар. Батыр Бауыржанның келіні Зейнеп Ахметова беташар хақында: «Бұрын елге беделі бар жыршы, ақындар өтініш айтып, келіннің бетін мен ашайын деген екен. Ал қызуқанды мінезі барларға енелері келіннің мінезі омпақ-домпақ болып қалады деп ашқызбаған. Келіннің бетін ашқан адамға үй иесі өздігінше құрмет көрсеткен. Түйе жетектеткен, ат мінгізген, шапан жапқан, тағысын тағы… Ал көрімдік мүлдем басқа. Бүгінде көрімдік пен беташар бірігіп, бизнеске айналып кетті. Беташарды жүргізуші асаба ортаға банкі немесе салынған ақша көрінбесін деп құмыра қойып, қолындағы ұзын-сонар тізімін тізбектей әрқайсысына жеке-жеке, тіпті еңбектеген балаға дейін келінге сәлем салғызады. Қазақтың келіндері жолдасынан жасы кішілерге ешқашан сәлем салмаған. Келіннің бетін ененің ашуы салтқа мүлдем қайшы», – десе, тұсаукесер туралы бүй дейді: «Қазір қайшымен кесіп жүр. Қайшы деген екі жүздің бір-бірімен қайшылануы. Баланың өмірі қайшыланады. Қайшымен кесуге болмайды. Артынан кескенді де көрдік. Бала артына жүрмейді ғой?!».
Сырт көзге қарағанда салтты сақтап, оның мұртын бұзбай орындау оңай шаруа емес. Әйткенмен, «Көш жүре келе түзеледі». Олай болса салтты сақтап, дәстүрді думанның ортасында жүріп дәріптеуге әлі де кеш емес.
Тобықтай түйін. Той туралы тақырыпқа тақылеттес болады-ау деген оймен инстаграм желісіне кірген болатынбыз. Іздеген ақпаратымызды лезде табайық деп «Қазақтың тойы бітпесін» хэштегін тердік, сол сәтте 84100 жазба жанарымызда жайнап сала берді. Оның арасында қараша халық та, жылт еткен жұлдыз да бар. Әйтеуір не керек, тойда аз адам жүрмейді. «Ас – аттынікі, той – тондінікі» десек те тойдағы жауапкершілік, мәдениеттің қалыптасуы бәрімізге ортақ екенін түйсіндік.
Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА