Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЕЛДЕГІ IT-ДІҢ БЕТАЛЫСЫ ҚАЛАЙ?

ЕЛДЕГІ IT-ДІҢ БЕТАЛЫСЫ ҚАЛАЙ?

«Қазіргі заманда бәсекеге қабілеттіліктің басты факторының бірі – барынша цифрландыру. Отандық ІТ-секторды дамытып, күшейте түсу маңызды. Елімізге жас, білімді әрі ынталы мамандар керек. Цифрландыру жөніндегі ұлттық жобаның аясында кемінде 100 мың жоғары білікті ІТ-маман даярлау қажет».
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауынан.
Цифрландыру қазіргі күні әлемдік трендке айналып үлгерді. Озық елдердің қатарында болуды көздеген біздің ел үшін де цифрландыру мәселесі өзектілікке ие. Азғантай жылдың ішінде қол жеткізген жетістіктер де жоқ емес. Алайда инновация мен технологияның тілін түсінетін мамандар тапшы. Сол тапшылық IT-саласын дамытуға кері әсер етіп, цифрлық экономиканы жетілдіруге, озық технологияның игілігін көруге бөгет болуда. Шет елдің мамандарына иек артуды қойып, еліміз өз ішінен мықты, бәсекеге қабілетті IT-мамандарды даярлауға күш салуы керек. Бұл – Президент Қ.Тоқаевтың тапсырмасы.
Дамыған елдер цифрландыру мәселесін әлдеқашан жолға қойған. Әлемде инновация мен технология күн сайын жаңаруда. Жаңарған ­сайын оларға сұраныс та басым. Алайда мамандардың жетіспеушілігін жоғарыда тілге тиек еттік. ІТ-мамандар әлемдік рейтингте ең қажетті мамандықтар тізімінде екінші орын алады екен.
Бүгінде еліміздегі әр салаға ақпараттық технология еніп, жұмыс қарқыны компьютермен жымдасып кетті. Ал осы компьютермен байланысты нәрсенің бәрін ІТ деуге әбден болады. Сәйкесінше ІТ-саласының бағыты да көп. Бірақ біз күнделікті өмірде сол саланың жетістіктерін тұтынып жүргенімізді аңғара бермейміз.
– Қазір мемлекет ІТ-саласына ерекше назар аударды. Өткен жылы білім грантының 60%-ы осы салаға бөлінді. Көріп отырғандарыңыздай, жаңа гранттар бүгінгі күні сұранысқа ие мамандықтарға бөлініп отыр. «Жалпы техникалық кәсіптерге, оның ішінде ІТ-саласына, инженерлік мамандықтарға келетін жастар өте көп. Осы орайда мемлекеттік грант аясындағы конкурс деңгейі жоғары. Мектеп бітіретін түлектердің жалпы саны 2024-2025 жылдарға дейін өседі деген болжам бар. Түлектер саны 180-190 мыңға дейін жетуі мүмкін. Олардың басым бөлігі ҰБТ тапсыруға келеді. Сондықтан бұл балалардың елеулі бөлігі техникалық мамандықтарды таңдайды», – дейді ҚР БҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің басқарма басшысы Жанна Есинбаева.
Аталған мамандыққа сұраныс та, қойылатын талап та жоғары. Компьютерлік технологияны жетік меңгерген жастар шетелде қалып қойып жатыр. Себебі ондай мамандар дамыған елдерге де қажет. Дамудың даңғыл жолына түскен біздің ел де дәл сондай мамандарға зәру. Яғни, бұл – Жаңа Қазақстанның жаңа мамандары жұмыссыз қалмайды деген сөз. Тіпті олар алатын жалақы басқа мамандармен салыстырғанда әлдеқайда жоғары.
Сала мамандарының сөзінше, 2025 жылы елге блокчейн технологтар, жасанды нейрондық желілерді жобалаушылар, әмбебап жасанды интеллект жасаушылар, интеллектуалды технологтар және өзге де мамандар қажет болады. Тағы 9 жылдан кейін сандық заңгер, кибер заңгер, кибер зерттеуші, интеллектуалды киберфизикалық инфрақұрылым операторы, кванттық есептеу технологы, кванттық криптолог сияқты мамандықтар пайда болады деген болжам бар. Сарапшылар 2040 жылға қарай киборг инженер мен киборг нұсқаушысы маманы пайда болады деп топшылайды.
Бажайлап қарасақ, мұның бәрі – бізге беймәлім мамандықтар. Дей тұрғанмен, ХХІ ғасыр заманы сол беймәлім әлемге бастап барады. Ақпараттық технологияның аяқалысы солай дейді. Цифрландырудың қарқыны да қатты.
– Дүние жүзіндегі кейінгі жағдайлар біздің елдегі IT-саласының дамуына ықпал етті. Бүгінге дейін халықаралық компанияның көбі Орталық Азия елдеріне өз қызметтерін Мәскеу, Киев арқылы ұсынатын. Украинадағы жағдай, Ресейге салынып жатқан санкцияларға байланысты бұл ірі компаниялар енді Орталық Азиямен байланысудың басқа амалдарын қарастыратыны анық, штаб-пәтерлері үшін саяси ахуалы тұрақты мемлекетті іздейді. Меніңше, Қазақстан – потенциалы жоғары кандидат елдің бірі. Елімізде ІТ-саласын дамытуға үлкен акцент қойылып отыр. Оған қоса, Қазақстанның саяси позициясы тұрақты, халықаралық конфликтіге түспейді, басқа елдермен дипломатиялық байланысы өте жоғары. Мұны батыс елдері де, компаниялары да байқап отыр. Сондықтан дәл қазір ІТ-ді мейлінше тезірек дамытсақ, елдегі басқа салаларға да үлкен мүмкіндіктер ашылады, – дейді шетелдік компаниялармен жұмыс істеп, тәжірибе жинаған Назерке Имранова.
Еліміз ІТ-саласы бойынша оқытуды енді ғана қолға алған жоқ. Бұл бұрынғыдан бар. Қол жеткізген табыс­тары да жоқ емес. Атап айтар болсақ, қазіргі кезде ІТ-саласы бойынша оқытатын мектептер де, жоғары оқу орындары да бар. Қызылорда облысында қоғам игілігі үшін жасанды интеллект, мобильді қолданба және робот жасап шығарған жас жеткіншектер де жоқ емес. Жыл сайын өткізілетін Хакатон сайыстары мен Роболенд жарыстары жастарды жаңашылдыққа бейімдеп, техникаға деген қызығушылықты оятады. Жаңаша ойлайтын бүгінгі жас ұрпақ қазір техниканың құлағында ойнайды. Оған таңғалуға болмайды. Десе де, бұл сала мамандарының саны саусақпен санарлық. Сол үшін алдағы уақытта жастардың цифрлық үдеріске қызығушылығы артып, еліміздегі мамандар саны молая түседі деген сенім бар.

Сұлушаш МАДИЯРОВА
07 сәуір 2023 ж. 176 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930