Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Пластик қалдығын кәдеге жаратсақ

Пластик қалдығын кәдеге жаратсақ

Қазір қоршаған ортаны пластик қалдықтардан тазарту – күн тәртібінен түспей келе жатқан мәселе. Өйткені жүздеген жыл бойы шірімейтін пластмасса өнімдердің табиғатқа тигізер зияны орасан. Бұл ретте пластик қалдықтарын тиімді пайдалану, қайта өңдеп кәдеге жарату өзекті мәселені шешудің бір жолы ретінде аталып жүр.



Мамандардың айтуынша, қазір елі­мізде пластик қалдықтарды қайта өң­дейтін 103 кәсіпорын жұмыс істейді. Пластмасса құтыларды өзге қоқыстарға ара­­ластырмау маңызды болып отыр. Себебі  оларды қайта өңдеп, кәдеге жаратуға болады.
– Пластик – негізі өте бірегей өнім. Себе­бі оны 6-7 рет өңдеп, қайтадан пай­да­лануға болады. Алайда пластиктерді үй­де­гі тамақ қалдықтарымен бірге жинасақ, был­ғанған пластик өнімдері қайта өңдеуге жа­татын 2-сортты, 3-сортты материал болып­ қалады. Ал егер таза күйінде жинап берсек, одан таза өнім шығаруға болады. Екіншіден, бұл ғаламдық экологияның бүлінбеуіне зор септігін тигізер еді, дейді плас­тик қалдықтарды жинау және қайта өңдеу компанияларын біріктіретін жоба жетекшісі Әсем Бодауова.
Статистикалық деректерге жүгінсек, елімізде 2018 жылы 483 755,5 тонна пластик қалдықтары шыққан. Дәл осы жылы 90 079 тонна пластмасса, плас­тик,­ полиэтилен және полиэтилентереф­талат қаптамасының қалдықтары сұрыпталған. Бұл ретте қайта өңдеуге бағытталған плас­­тик қалдықтарының көлемі 17 199­ тонна болса, қалдықтардың пайда­ болу­ көлемімен салыстырғанда 3%, сұрып­талған пластиктің көлемі 19%-ға жеткен.
Пластикалық қаптама ретіндегі өнім­дерді өндірушілер Қазақстандағы өн­ді­ру­­шілердің кеңейтілген міндеттемелері (ӨКМ) жүйесін реформалау қажет еке­нін­ ал­ға тартады. Мұны шешу үшін мүд­делі та­раптардың – мемлекеттік орган­дар­дың,­ бизнес-қоғамдастықтардың және ха­­лықтың тығыз өзара іс-қимылы қажет. Бі­рін­ші кезекте мемлекеттік орган немесе­ өн­­дірушілер мен импорттаушылар құрған өзін­­-өзі реттейтін ұйым оператор бола ала­­­тын аралас жүйеге ауысуға мүмкіндік бар.
– Өндірушілер мен импорттаушылар ғана емес, барлық мүдделі тараптың жауапкершілігін ұмытпауымыз керек. Мемлекет тиісті заңнаманы және ӨКМ-ге түсетін қалдықтардың әрбір түрі үшін жинау және қайта өңдеу жөніндегі нысаналы индикаторларды белгілеуді қамтамасыз етуге тиіс. Жергілікті атқарушы органдар аймақтарда инфрақұрылымды дамы­тып, ең бастысы қалдықтарды бөлек жинау жүйесінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуі керек. Сондай-ақ қалдықтарды жинау және қайта өңдеу кәсіпорындары жиналған қалдықтарды сапалы әрі экологиялық қауіпсіз қайта өңдеуді қамтамасыз етуі керек, – дейді «KazWaste» қазақстандық қалдықтарды басқару қауымдастығы директорының орынбасары Айжан Рысқұлова.
Өз кезегінде Экология және табиғи ресурстар министрлігінің өкілі ӨКМ жүйесін реформалау қажеттілігін қолдап, бұл мәселе ӨКМ бойынша түзетулер енгізу жобасы және «Бәрін басынан бастау» жобасы аясында белсенді талқыланып жатқанын жеткізді.
– Министрліктің бастамасы бо­йын­ша биыл ӨКМ жүйесін реформалау­ды талқылау үшін арнайы жұмыс тобы құрылып жатыр, оған барлық мүдделі тарап тартылды, – деді Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Қалдықтарды басқарудағы мемлекеттік сая­сат­ департаменті директорының орынбасары Динара Әжіғалиева.
Осы ретте 2030 жылға қарай нарыққа Coca-Cola компаниясы шығаратын тұ­ты­­ну­шылық қаптаманың 100%-ын жи­нау­ға және өңдеуге талпыныс жасалып жат­қа­нын атап өту керек. Бұл «Қалдықсыз әлем» қалдықтарды азайту жөніндегі ком­панияның жаңа стратегиясы­ болып отыр.
– Қазір әлемде қаптамалардың 56%-ы жиналып, өңделеді. Мысалы, Еуропада және Жапония, ОАР, Мексика сынды елдерде. Мұны даму дәрежесі, әдетте экономикалық әл-ауқат деңгейі жоғары мемлекеттер өндірістік негізде жүзеге асырады, – деді Coca-Cola компаниясының Орталық Азия мен Кавказ елдеріндегі корпоративтік бай­ланыстар жөніндегі менеджері Александра Аккирман.
Жалпы, елімізде қалдықтарды бөлек жинау туралы көптен бері айтылып келеді. Алайда жұртшылық әлі де экомәдениетті қалыптастыра алмай келеді. Сонымен қатар тиісті инфрақұрылымның болмауы да проблеманы күрделендіріп отыр.
31 наурыз 2023 ж. 420 0