Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » КІТАП – «BUSINESS»

КІТАП – «BUSINESS»

Кітап шығару – қазір бинес. Оны – баспаханалардың көптігінен-ақ аңғаруға болады. Бұл жаһандық мәселе. Несін жасырамыз? Соңғы он жылдықта кітаптың қадір-қасиеті жоғалып, көп адамның кітап шығаруға деген ұмтылысы көбейіп кетті. Көкірек көзіңді ашып, көкжиегіңді кеңейтетін кітапты дүкендер мен баспалардан кезіктіру де қиындап барады. Мұқабасы әдемі, әр парағының өзі қымбат екенінен хабар беріп тұратын, көздің жауын алатын кітаптар көп-ақ. Бұл – таразының бір жағы ғана. Ал таразының екінші жағына кітаптың мазмұнын салатын болсақ, онда рухани өміріміздің қаншама жұтаң тартқанын көріп, көңіл құлазып сала беретіні де ащы шындық.
Бүгінде сапасы сын көтермейтін кітаптар мен баспаханалар көбейді. Сапасыз деуімізге де себеп жоқ емес. Бірақ бұл көпке топырақ шашқандығымыз емес. Иә, дәуірдің дамып, технолгияның озықтануына да байланысты жыл сайын еліміздің әр өңірінен түрлі баспаханалар салынып, бой көтеріп жатыр. Олардың жартысынан көбі жеке екені айдан анық. Мемлекеттің меншігіне өткендері саусақпен санарлық. Содан болар қалтасында қаражаты барлардың бәрі авторлық кітап шығаруға әбден әуестенді. Бұрынғыдай, жазушының жазғанын ешкім мұқият тексермейді де. Осыдан кейін кітаптың ішіндегі қателер туралы айтпай-ақ қоюға да болады. Расында, қазір заманға сай безендірілген кітаптар көбейгенімен, көңілден шығатыны азайды. Жазушысы да, жазушы емесі де өзінің жеке өмірін кітапқа жазып, соны сатылымға шығарып, бизнестің жаңа түріне машықтанды.
Қазақта «тауық сойса да қасапшы сойсын» деген керемет сөз бар емес пе? Бүгінгіге дәл айтылған. Бірақ майталман қасапшыны табу қиын. Бір құмалақтың бір қарын майды шірітетіні белгілі. Берері жоқ кітаптың бүгінде біреуі ғана болса, көндігеміз-ау... Бірақ бұл біреумен ғана шектелмей тұрған жоқ па? Сөзімнің дәлелі ретінде тағы бір мысал келтірейін. Жуырда ғана өз өмірін кітап етіп жазған отандық жұлдыздардың біреуі сын астына қалып үлгерді. Неге екенін айтып отырмай-ақ қоялық. Себебі, кітаптан бірде бір көңілге қонымды дүние таппадық. Тек жеке өмірі жайлы жазылған. Ал біреудің жеке өмірі – «Меломан» дүкендерінде бес мың теңгеден сатылып, самсап тұр. Оның орнына неге Абайды, Алаш арыстарын, Мұхтар мен Ахметті оқымасқа? Біреуді нұсқап, оның жеке шекарасынан аттап өту – біздің де адамдығымызға сын. Әркім қандай кітап оқиды, кім қандай кітап жазады оны өзі біледі. Онсыз да оған шектеу салып, тексеріп жатқан ешкім жоқ. Дегенмен, біреудің өмірі өзгеге қаншалықты қызықты? Кітап дүкендеріндегі сапасыз кітаптардың самсап тұрғаны көңіліңді қынжылтатыны осыдан. Қаламның құдіретін түсінбейтіндер де кітап шығара беретін болса, көркем әдебиетіміздің құлдырамауына кім кепіл?
Статистикалық деректерге сүйенсек, былтырдың өзінде мыңға жуық отандасымыз өзінің авторлық кітабын шығарып үлгерген екен. Солардың бес жүзден астамы бизнеске арналған кітаптарды сатылымға шығарса, жүзге жуығы мотивациялық, ал қалған кітаптарды блогерлер мен әншілер нарыққа шығарған. Хош. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айталық. Кітап жарыққа шығып, қалам ұстаған қауымның көбейгеніне қуанамыз, әрине. Бірақ кітап шығару үшін қандай да бір талаптар енгізіліп, заңдық нормасын бекітсек тіпті нұр-үстіне нұр емес пе? Кім көрінген кітап шығара беретін болса, оның қадірі қашып кетпесіне кім кепіл? Онсыз да халық қазір қандай кітап оқырын білмейтін күйге жетіп отыр. Мұқабасына қарап, баға беретін болған. Бұл нәрсе қазір өткір де өзекті тақырыптардың біріне айналып отырғандықтан, қаламымызға арқау еттік. Арғы жағын өздеріңіз бағамдап аларсыздар. Ең бастысы кітап таңдағанда да асқан шеберлік танытыңыздар. Өйткені ол адам баласына өмір бойы азық болатын рухани құндылық.

Сымбат СҰЛТАН

20 ақпан 2023 ж. 182 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (9258)

26 қараша 2024 ж.

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930