Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚАДІРІМНІҢ ҚАШҚАНЫНА ЖЫЛАЙМЫН...

ҚАДІРІМНІҢ ҚАШҚАНЫНА ЖЫЛАЙМЫН...

Кітап – адамзат баласының баға жетпес асыл құндылығы. Ғылымның қайнар бұлағы. Білім мен мәдениеттің биік белестеріне жетелейтін тәрбиелік құрал. Әлішер Науаи «Кітап – ақылына ақы сұрамайтын алтын қазына» десе, Денри Дидроның «Адамдар кітап оқуын қойса, ойлауын да қояды» деген сөзі бар. ­Толстой өз кезегінде «Жақсы кітап оқу – ақылды адаммен сырласқанмен бірдей» деп пікір білдірсе, Абай атамыз «Артық ғылым кітапта, ерінбе оқып көруге» деп шегелейді. Әрине, мұндай керемет теңеулерді келтіре беруге болар, бірақ соңғы уақытта кітаптың қадірі қашып кеткен бе деп қаласың? Бұл жаһандық мәселе. Жасыратыны жоқ, соңғы он жылдықта кітаптың қадір-қасиеті жоғалып, көп адамның кітап шығаруға деген құлқы көбейіп кетті. Көкірек көзіңді ашып, көкжиегіңді кеңейтетін кітапты дүкендер мен баспалардан кезіктіру қиын қазір. Керемет мұқабамен тысталған, әр парағының өзі қымбат екенінен хабар беріп тұратын, көздің жауын алатын кітаптар көп-ақ. Бұл – таразының бір жағы ғана. Ал таразының екінші жағына кітаптың мазмұнын салатын болсақ, онда рухани өміріміздің қаншама жұтаң тартқанын көріп, көңіл құлазып сала беретіні де шындық.
Есімде. Бала күнімде нағашы көкем үнемі-газет журналдарды үзбей оқып, тәлім-тәрбие беретін тағылымды кітаптар жинап, бөлмесін кішігірім кітапхана етіп қоятын. Біз де көкемнің үйіне барған сайын соларға көз жүгіртпей қайтпайтынбыз. Ол үнемі өлең жазып, қолынан қағаз бен қаламын тастамайтын. Бір күні жазушылар одағы оның авторлық кітабын шығармаққа бекініпті. Бірақ сол кітапты шығарудың өзі үлкен қиындықтармен келгені, көкемнің құжат жинап жанталасқаны есімде қалыпты. Сол кезде бала болсам да, кітап шығарудың соншама қиын шаруа екенін ұғынғандай болдым. Иә, өз туындыңды жарыққа шығару үшін бұрын мықтылардың, ел алдында жүрген майталман ақын- жазушылардың алдынан өтетінсің. Жарыққа шығатын дүние партия мүшелеріне ұнаса ғана, кітап шығаруға өз рұқсаттарын беріп, қол қоятын. Содан соң ғана оны баспаға жіберетін. Үлкендердің айтуы бойынша, сол кездерде баспалардың саны көп болмаған көрінеді. Дерек көздерінде де солай жазылған. Саны болмаса да сапасы сын көтеретін. Себебі шығатын кітап пен газет-журналдардың әрбір деталына мән берілетін. Ал қазір қалай?
Қазіргі ахуал «Қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына жылаймын» дегеннің кейпінде. Себебі бүгінде сапасы сын көтермейтін кітаптар мен баспаханалар көбейді. Сапасыз деуімізге де себеп бар. Бірақ бұл көпке топырақ шашқандығымыз емес. Иә, технологияның түрленіп, дамуына да байланысты жыл сайын еліміздің әр өңірінен түрлі баспаханалар салынып, бой көтеріп жатыр. Олардың жартысынан көбі жеке. Мемлекеттің меншігіне өткендері саусақпен санарлық. Содан болар қалтасында қаражаты барлардың бәрі авторлық кітап шығаруға әбден әуестенді. Бұрынғыдай, жазушының жазғанын ешкім мұқият тексермейді де. Осыдан кейін кітаптың ішіндегі қателер туралы айтпай-ақ қоюға да болады. Расында, қазір заманға сай кітаптар көбейгенімен, көңілден шығатыны азайды. Жазушысы да, жазушы емесі де өзінің жеке өмірін кітапқа жазып, соны сатылымға шығарып, бизнесстің жаңа түріне машықтанды.
Қазақта «тауық сойса да қасапшы сойсын» деген керемет сөз бар емес пе? Бүгінгіге дәл айтылған. Бірақ майталман қасапшыны табу қиын. Оны қоя беріңіз. Қызықты айтайын. Өткенде инстаграм желісін ақтарып отырып, «Қалаулым» жобасындағы қатысушылардың бірін көзім шалды. Жақында ғана баспадан шыққан 5 мың дана кітабын сатып әлекетеніп жүр екен. Жарнамасы жер жарған бұл кітаптың таралымы да, сатылымы да жаман емес. Себебі, тікелей эфирде төрт сағат отырып, өзіне жар іздеген қыздың рейтінгі жоғары. Оқырманы да баршылық. Кітаптың дизайны мен сыртқы мұқабасы көздің жауын алады. Сырты бүтіні бүтін ғой. Ал іші ше? Құр сөзбен талдағанша, көзбен көріп, сол кітапты оқып көрмекке бекіндік. Құны 5 мың теңге тұрады екен. Құдіреттілігін білу үшін оқуға асықтық. Күткеніміз де көп ұзамай келді. Сырты керемет көрнекі көрінеді. Суретін көрген адамның өзі сатып алып оқығысы келетіндей-ақ. Бірақ бізге сыртқы дизайны мүлде маңызды емес. Маңыздысы ішінде. Сол үшін кітапты ашып, мазмұнынан бастап мұқият қарап шықтық. Алайда бар-жоғы он бес беттен артық оқуға шыдамымыз жетпеді. Ішіне үңілсек, қате көп. Іліп аларлық дүние таппадық. Сол баяғы тікелей эфирдің жыры мен жанжалдары жайында жазылған. Жақсы. Бір құмалақтың бір қарын майды шірітетіні белгілі. Берері жоқ кітаптың бүгінде біреуі ғана болса, көндігеміз-ау... Бірақ бұл біреумен ғана шектелмей тұрған жоқ па? Сөзімнің дәлелі ретінде тағы бір мысал келтірейін. Отандық Шоу-бизнестің патшайымы атанып үлгерген белгілі продюсердің де жуырда өз өмірі, көрген қиындықтары жайында авторлық кітап жазғаны есте. Күйеуінен жәбір көріп, мұндай ­ситуациядан тез шығып үлгерген ол кітабының тұсаукесеріне өнердегі достарының бірін қалдырмай шақырды. Тұсаукесер емес, гала концерт екен деп қаласың. Естеріңізде болса, бұл ­туралы кезінде талай ақпарат көздері жарыса жазған болатын. Біреуді нұсқап, оның жеке шекерасынан аттап өту – біздің де адамдығымызға сын. Әркім қандай кітап оқиды, кім қандай кітап жазады оны өзі біледі. Онсыз да оған шектеу салып, тексеріп жатқан ешкім жоқ. Дегенмен, біреудің өмірі өзгеге қаншалықты қызықты? Кітап дүкендеріндегі сапасыз кітаптардың самсап тұрғаны аздап көңіліңді қынжылтатыны рас. Қаламның құдіретін түсінбейтіндер де кітап шығара беретін болса, көркем әдебиетіміздің құлдырамауына кім кепіл? Статистикалық деректерге сүйенсек, былтырдың өзінде мыңға жуық отандасымыз өзінің авторлық кітабын шығарып үлгерген екен. Солардың бес жүзден астамы бизнеске арналған кітаптарды сатылымға шығарса, жүзге жуығы мотивациялық, ал қалған кітаптарды блогерлер мен әншілер нарыққа шығарған. Олардың арасында құмар ойынына тәуелді болған танымал өнердегі сері жігіттің де кітабы бар. Хош. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айталық. Кітап жарыққа шығып, қалам ұстаған қауымның көбейгеніне қуанамыз, әрине. Бірақ кітап шығару үшін қандай да бір талаптар енгізіліп, заңдық нормасын бекітсек тіпті нұр-үстіне нұр емес пе? Сіз қалай ойлайсыз оқырман?

Сымбат Сұлтан
05 желтоқсан 2022 ж. 384 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (9258)

26 қараша 2024 ж.

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930