Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » КЕЗЕК ҚАЙТСЕК АЗАЯДЫ?

КЕЗЕК ҚАЙТСЕК АЗАЯДЫ?

Жасыруға келмес, отандық медицина қанша цифрландырылды дегенмен, әлі күнге дейін емханалардағы ұзын-сонар кезек сейілер емес. Ауруы жанына батып тұрған кезде кезекке тұрудың өзі ауыр. Басы ауырып, балтыры сыздағандар қаралудың орнына уақытының көп бөлігін кезек күтумен өткізеді. Соның салдарынан амалдың жоғынан ақылы емханаларға жүгінуге тура келеді. Өйткені ақылы қызмет мәселені көпке созбай бірден шешеді.
Кезекке тұрмас үшін бүгінде алдын ала дәрігерге онлайн жазылуға болады. Электронды қызмет түрінің енгізілгеніне бірнеше жыл болғанымен, әлі күнге дейін кезек күтумен әлекпіз. Діңкең құрып жеттім-ау дегеннің өзінде дәрігерлер дәрі-дәрмек жазып берумен ғана шектелетіні тағы бар.
«Сау адамның басында алтын тәж бар. Оны тек науқас адам көре алады». Осы бір тәмсілден саулықтың қадірін түсінуге қанаттандырары сөзсіз. Денсаулық сыр беріп, денеге дерттің суығы дендей кіргенде дәрігерден дәрмен күтіп, ақ халаттылардың алдына асығатынымыз анық. Бірақ бәрі біз ойлағандай бола бермейді.
Жүйке жұқартатын кезекке шүйкесі шымырлағандардың бірі – қызылордалық Әйгерім Аяпованың емханалардағы қызметке көңілі толмай жүр.
– Тек ауырғанда емес, ай сайын толық тексеруден өтіп тұрған дұрыс. Сол үшін емхана науқастарын медициналық қызметтермен қажетті уақытта қамтамасыз ете білуі қажет. Егер қажетті қызметті уақтылы көрсете алмаса, ем қабылдаушы шарт бойынша басқа клиникаға баруға құқылы. Мұндай жағдайда қайтадан аймақтық дәрігердің қабылдауына жазылу қажет. Яғни, дәрігерден емханада бірлесіп орындау шарты жасалған басқа медициналық ұйымға жаңа жолдама сұрау қажет. Осылай кезектен қашып жүргенде дертіңді асқындырып алуың бек мүмкін. Емханаларға медициналық сақтандыру ақысы қаражаты төленеді. Ал «ауырғанда жан тәтті» дегендей, дер кезінде ем ала алмаймыз. Сондықтан көп жағдайда кезек күттірмейтін ақылы емханаларға жүгінуге мәжбүрміз, – деді ол.
Мемлекеттегі медициналық мекемелерге түрлі қосымша орнатылып жатыр. Соның бірі – «Damumed» электронды медициналық сервистерінің мобильді қосымшасы. Аталған қосымшаны пайдаланушылар қабылдауға жазыла алады немесе дәрігерді үйге шақыруға мүмкіндігі бар. Сондай-ақ жазылған рецептілер мен зертханалық зерттеулердің нәтижелерін көруге, ауруханалық парақтарды көшіріп алуға болады. «Дабыл түймесі» қосымшасы 5 жасқа дейінгі балалардың ата-аналарына, жүкті әйелдерге және диспансерлік бақылаудың жекелеген топтары ­бойынша пациенттерге шұғыл, бір рет басу арқылы дәрігерді үйге шақыруға болады. Қазіргі уақытта қосымша меншік нысанына қарамастан мемлекеттік тапсырыс шеңберінде халыққа қызмет көрсететін барлық медициналық ұйымда қолданысқа енгізілген. Сала мамандарының басым көпшілігі «DamuMed» бағдарламасы арқылы қазіргі жұмыстың жеңілдегенін айтады. Дегенмен, таяқтың екі ұшы барын естен шығармау керек.
– Android немесе AppStore-дан «Damumed» қосымшасын жүктеуге болады. Қосымша арқылы «әркім өзіне қолайлы уақытта учаскелік дәрігердің қабылдауына жазылу және дәрігерді үйге шақыру мүмкіндігіне ие болады. Кейбір телефон тілін білмейтіндер тіркеу бөлімі арқылы жазылады. Кейде кейбір үлкен кісілер өз уақытымен келмей бағдарлама арқылы жазылған пациенттердің орнына кіріп, кезекті көбейтіп жатады. Біз оларға аталған бағдарламаны үйретеміз. Көбісі қуанып, алғысын айтады. Ал ауырып тұрған адамдар бізде емхананың сыртында фильтр кабинетіне қарала алады. Ал басқа да мәселемен келгендер кезекші дәрігер арқылы арасында бос уақытта дәрігерге кіре алады, – дейді сала мамандары.
Халықтың уақытын үнемдеп, қолұшын береді деген қосымшаның олқылық тұстары да жоқ емес. Кінә кімде, кінәрат неде?
Мәселен, кейіпкеріміз Әйгерім қосымшадағы олқылықтардың кесірінен қаншама уақытын жоғалтқанын жеткізді.
– Көпбалалы анамын. Кенжемді толықтай медициналық тексеруден өткізу керек болды. Мамандарға жазылу үшін (офтальмолог, неврапото-лог, эндокринолог) алдымен учаскелік дәрігерге жазыласың. Тәртібі солай. Емхананың телефоны арқылы жазылу мүмкін болмады, көтермейді. Бір күнім соған кетті. Содан соң «Damumed» қосымшасы арқылы жазылдым. Тура 1 аптадан соң бос орын барын білдім. Сол бос орынға тіркелдім. Белгіленген уақытқа дәрігердің кабинетіне келдік. Офтальмолог +5 күн, эндокринологке жазылу жабық, енді келесі айға жазылу үшін тағы 20 күннен кейін қайтадан бізге жазылып, содан кейін жолдама аласыз. Невропатолог балалардікі жоқ, офтальмологке келгенде бір хабары болатынын айтты, – дейді Ә.Аяпова.
Мұндағы мәселе айналып келгенде екіұшты. Мүмкін бізде әлі халықтың медициналық көмекке деген қажеттілігін толық өтеу үшін қаражат жетіспейтін шығар. Бірақ МӘМС жүйесі енгізілгелі денсаулық сақтау саласын қаржыландыру айтарлықтай өсіп келеді. Мәселен, 2019 жылғы 1 трлн теңгеден 2021 жылы 2,2 трлн теңгеге дейін өссе, өткен жылы халыққа медициналық көмекті қаржыландыруға 2,049 трлн теңге жұмсалған. Оның ішінде ТМККК бойынша – 1,2 трлн, МӘМС бойынша – 838 млрд теңге. МӘМС-ден қомақты қаржы қаралып жатса да кезек – әлі күнге дейін кезек күттірмейтін мәселе күйінде қалып отыр. Тіпті электронды кезек жүйесі «Жасыл дәліз» іске қосылса да, дәрігерге апарар жол бағдаршамының түсі бәріне бірдей жасыл жана бермейді дейді жұрт. Ал ақылы емханаларда адам аз болатыны түсінікті. Қарапайым халық қалтасы бүгінгідей қымбатшылықта оны да көтере бермейді. Дәрігерге көріну, анализ тапсыру және емделуге жеке-жеке ақша төлеу кім-кімге де оңай соқпасы анық.
Түйіндесек, ел игілігі үшін жасалған осындай қосымшалар халықтың уақытын үнемдеуге, медициналық мекемелерді қағазбастылықтан арылтуға мүмкіндік ­тудыратыны рас. Бірақ орын алып жатқан олқылықтар баянды бағдарламалардың тамырына балта шабумен бірдей екені түсінікті. Жаңа Қазақстанды қалыптастыру үшін әр салада олқылықтардың орын алмауына зер салған дұрыс. Көпшілік көкейіндегі ой да осы болса керек-ті.

С.БАХТИЯРҚЫЗЫ

26 қаңтар 2023 ж. 217 0