ОЛ – ОНЫҢ БОЛАШАҒЫ
Жақында таксиде келе жатып, қос мұғалімнің екеуара әңгімесін құлағым шалып қалды. Айтуларынша, балалардың үйренсем, білсем деген құлшынысы бәсеңдеуде. Оқушылар таңертең мектепке көбіне ұйқылы-ояу күйде келеді екен. Жаңа сабақты түсіндіре қояйын десе, қалғып отырады-мыс. Ата-анасынан сұраса, түнімен телефонға телміретін көрінеді.
– Иә, «Заманына қарай адамы» деген бар. Бүгінгі балалардың ойыны да – виртуалды. XXI ғасырда бұл баланың болашағына керек болар. Бірақ кейбір гаджет ойынының ішіне үңілгенде, түңілесің. Соның салдарынан балалар ұмытшақ болып бара жатыр. Не нәрсеге болсын, селсоқ қарайды. Ертеңі қандай болады?, – деді Жанна Асанова. Құрбымның осы сұрағы ұрпақ тәрбиесіне алаңдаған кез келген жанның көкейінде жүрген шығар.
– Иә, «Заманына қарай адамы» деген бар. Бүгінгі балалардың ойыны да – виртуалды. XXI ғасырда бұл баланың болашағына керек болар. Бірақ кейбір гаджет ойынының ішіне үңілгенде, түңілесің. Соның салдарынан балалар ұмытшақ болып бара жатыр. Не нәрсеге болсын, селсоқ қарайды. Ертеңі қандай болады?, – деді Жанна Асанова. Құрбымның осы сұрағы ұрпақ тәрбиесіне алаңдаған кез келген жанның көкейінде жүрген шығар.
Әңгімені әріден бастайық. Ойын – ол алдымен баланы ойландырады, дамытады және жетілдіреді. Ал қазіргі балалар қалай ойлап, қай жолмен жетіліп барады?
Қазіргі балаларға «Ұлттық ойын түрлерін білесің бе?» десең, «Алтыбақан», «Асық», «Көкпар», «Қыз қуу» деп бес-алты саусағын бүгіп қана тоқтайтын ұрпақ қалыптасып келе жатқаны өкінішті-ақ. Көпке топырақ шашудан аулақпыз, алайда біліп қана қою бір бөлек, «Ойнап көрдің бе?» деген сауалға мардымды жауап аларымыз тағы күмәнді. Осындай насихаты кемшін тартып бара жатқан ұлттық ойындардың орнын, «даңқ қаласы» деген мағына беретін «Fame city» бейне ойындарын басып бара жатқаны көңіл қынжылтады. Бейне ойындардың бала дамуы мен психологиясына қалай әсер ететіні әйгілі инженер һәм долларлық миллиардер Илон Масктың өмірінен белгілі болып тұр. Ол осындай ойыннан кейінгі жеңісі арқылы өзінің алғашқы өнертабысын жасапты.
Дефектолог Перизат Уәлишерова қазіргі балалар тілінің таза еместі-гіне алаңдайды. «Тәжірибеде ең жиі кезіктіретін мәселе – шұбар тіл. Балалардың тілі ғана емес, ойы да шұбарланып кеткен. Сөйлемнің жартысын қазақша, жартысын орысша, қалғанын ағылшынша айтады.
Өзге тілдегі ойындар әлі ана тілі толық бойға сіңірілмеген баланың психологиясына әсер етеді. Мәселен, ойынның негізгі мақсатын түсінбей, жай уақыт өткізу үшін ойнап кететіндер кезігеді. Қатты қынжылтатыны – кей балаларда өзге тілді ана тілі деп қабылдау бар», – дейді. Оның айтуынша, «Спайдермэн», «Тобот», «Пони», «Маша мен аюды» көріп, соған сүйсініп өскен бала былай шыққанда достарымен аталған кейіпкерлерді сомдайды. Ал біз «Балалар неге қазақша ойнамайды?» деп ойды сан-саққа жүгіртіп жүрміз. Олардың ойыны – орысша, қаһарманы – өзге тілді. Енді осыдан туатын мәселе күрделі: қазақша ойнамайтын бала қазақша ойламайды да.
Батыс елдерінің мамандары ойын баланың денсаулығын жақсартуға ықпал етуі керек деп есептейді. Сондықтан да болар балалармен жұмыс істейтін мамандары оқырмандардан сұраныс болатын, көп оқылатын «Балаларды аулада ойнатудың сегіз себебі» тақырыбы төңірегінде жиі жазады. www.health.harvard.edu сайтында жарияланған Клэр Маккартидің (Claire McCarthy) мақаласында ауладағы ойын: 1. Баланың түнгі ұйқысына тыныштық, ағзасына А, Д дәруменін, бойына күш-қуат сыйлайтын күн көзі; 2.Нағыз жаттығу; 3.Достарымен сөйлесуге, жол табуға, өз уақытын реттеуге үйрететін атқарушы фактор; 4.Тәуекелге бел бууды үйретеді; 5.Әлеуметтендіреді, яғни ортада өмір сүруге, дос табуға, әріптестік құруға дағдыланады; 6.Табиғатта болу және оның байлығын, берерін бағалау.
Ал «Play England» сайты жариялаған «Неліктен ойнау маңызды?» атты мақаласында «Балалар ойынындағы құқық, ол – адам құқығы» деген тұжырым айтылады. Британдықтар балалар ойынындағы ережелер мен өз құқығын қорғауды үйретуге мән берсе, Германияда туып, адамзатқа ортақ тұлғаға айналған әйгілі Альберт Эйнштейн: «Ойын – зерттеудің ең күшті (жоғары) формасы», – дейді.
БҰҰ жанындағы «Unicef» балалар қоры өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында «Егер біз ересектер балалардың бір жетістікке жеткенін қаласақ, оны солармен бірге жасауымыз керек» деп жазыпты. Көңіл қойып оқымаса, қарапайым мораль секілді қабылдануы мүмкін. Шындығында, жаны бар сөз. Салмағын сезінбесеңіз, тағы бір қайталап алуға болады. Демек, біздегі «баланың ойыны» деген сөз – салғырт көзқарас. Өйткені ойын – бала үшін нағыз өмір. Ойын да жеңген, өскен, дамыған бала өмірде де биіктерді бағындырады. Ендеше оның өміріне жауапты адам мейлі ата-ана, мейлі мұғалім баламен бірге ойнауы қажет емес пе? Ал бізде «баланың ойынына араласпаған абзал» деген көзқарас бар.
Көрнекті жазушы Мұхтар Әуезов бір сөзінде: «Ойын деген, менің түсінуімше, көңіл көтеру, жұрттың көзін қуантып, шаттандыру ғана емес, оның өзінше бір ерекше мағыналары болған» деп жазады. Қазақтың фольклорына тереңдесек, әрбір шығарма баланың тілін байытуға бағытталғанын байқауға болады. Ал ұлттық ойындардың дені, тіпті спорттық ойындардың өзі баланы ептілікке, дәлдікке, ойлауға, қарсыласты ойсыратуға, амал-айламен, ақылмен алуға үйретеді. Алайда осы құндылықтардың ойын балаларының тәрбиесі – мектептегі білім беру жүйесіне енгізілгенін көзіміз шалмапты. Шетелдік тәжірибені зерттеп, өзімізге алып келу де – орынды іс, әрине. Бірақ бүйте берсек, бала тәрбиесі мен білім беруде отандық өнім қашан қалыптасады? Балалар қашан қазақша ойнайды?
P.S.: Бала өз тарапынан жақсыны да, жаманды да сүзгіден өткізбей қабылдай береді. 5 анықтағыштың көмегімен (құлақ, көз, ауыз, мұрын, қол) қабылдағанның барлығы күндердің күнінде жүзеге асырылатынын ескерсек, баланың бастапқы қалыптасу кезеңінде талғамын өсіру ата-анаға байланысты.
Сұлушаш МАДИЯРОВА