Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ТӨРКІНДЕП КЕЛГЕН ҚЫЗДАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

ТӨРКІНДЕП КЕЛГЕН ҚЫЗДАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Бауыржан Момышұлы атамыздан бір кісі сұрапты:
– Бауке айтыңызшы, өзі жер бетіндегі ең батыр адам кім? – деп.
Сонда батыр атамыз ойланбастан:
– Жер бетіндегі ең батыр адам – ол қыз, – депті. Оның мәнісін сұрағандарға:
– Мен қанша батыр болсам да, бөтен, танымайтын елге бір сағат та тұрғым келмей қашамын. Ал, қыз болса, барған жерінде жалғыз өзі өмірінде көрмеген, танымайтын адамдармен тіл табысып, сол елді біріктіріп ел де қыла алады, сыйлата да алады, алыса да алады, қаймықпастан ұрпағын да көбейтіп, сол елді жеңіп, мәңгі билейді, – деген екен...

Иә, батыр Бауыржанның бұл сөзінде терең мағына жатыр. Расында, қыз бала қонақ. Жат жұрттыққа жаралған нәзікжандарды батыр демей кім дерсіз? Ақ босағасын аттаған соң олар өзге үйдің шырағын жағып, сол әулетті бақытты етеді. Тұрмысқа шыққаннан кейін олар туған өлкесіне, ауылына тек төркіндеп қана келе алады. Сондықтан «төркіндеу» сөзінің астарында терең мағына жатыр. Себебі қыз баласы туған өлкеден жырақ жүрсе де, әрдайым кіндік қаны тамған жерін, ауылын, елін сағынады. Ал қазақта төркіндеп келген қыздың ата жұртына келіп тағзым етуі парыз саналады.
Жуырда салт-дәстүрлерді қайта жаңғырту, отбасылық құндылықтарды насихаттау, гендерлік саясатты іске асыру мақсатында Алғабас ауылындағы мәдениет үйінің және Жуантөбе ауылдық округі әкімінің қолдауымен «Төркіндеп келдім төрге шығар» атты мерекелік кеш өтті. Аталған мерекелік шараға Жиделіарық ауылынан, сондай-ақ Жаңақорған ауданынан төркіндеп келген қыздар, ауыл тұрғындары мен қонақтары қатысты. Шараның алғы сөзі ауданның құрметті азаматы, айтыскер ақын, сатирик, Алғабас ауылдық мәдениет үйінің басшысы ­Кенжебай Сыздықұлының құттықтауымен ашылды. Ең әуелі мерекесі мен берекесі жарасқан кеш Алғабас ауылына төркіндеп келген қыздардың ән-шашуларымен бастау алды. Сондай-ақ салт-дәстүр бойынша төркіндеп келген қыздардан туған жиендер сахнаға шығып, ата-баба жолымен нағашыларына шапан жапты. Бұдан соң сөз кезегін төрден орын алған апалар алып, өз ыстық ықыластарын жеткізді. Кеш барысында ауылдық мәдениет үйінің қызметкерлері көрермендерге әнмен шашу шашып, кештің ажарын ашты. Мерекелік кеш барысында қонақ болып келген қыздардан тараған ұрпақтар қызметте, өзге қалаларда жүрсе де, аналарын «лэд» экран арқылы құттықтады. Кеш соңында Жуантөбе ауылдық окургінің әкімі Азамат Есімов келген қонақтарға ыстық лебізін білдіріп, арнайы сый-сияпат табыстады. Шара соңы мерекелік кешке ұласты.

Сымбат СҰЛТАН
18 қаңтар 2023 ж. 396 0