ҚАРЖЫ МӘДЕНИЕТІ ҚАЛЫС ҚАЛМАСЫН
Қазіргі бізде қаржыны алдын ала жинамақ түгілі, «ақша керек кезде несие ала саламыз» деген түсінік санамызға сіңіп кеткен. Соған орай бүгінде несие беруші екінші деңгейлі банктердің дәурені жүріп-ақ тұр.
Олардың тұтынушыларға көрсететін қызмет түрлері күн сайын жаңарып, дамып отырады. Пайыздық мөлшері мен қойылатын талаптары да сан қилы. Бірі жалақыны өзінен алатын қызметкерлерге ғана несие беретін болса, кей банктер табысы барына көзі жетсе болды кез келген жанға ақша беруге дайын. Ал шағын несие беретін ұйымдарға табысыңды дәлелдеп әуре болмайсың. Ауданның өзінде «жалақыға дейін 5 минутта ақша» беретін мұндай орталықтың көптігінен көз сүрінеді. Оңай ақшаның пайызы да шарықтап тұратыны айдан анық. Адам жаны қысылғанда оны ойлаушы ма еді? Сәл қиналсақ қарызға жүгіру әдет болған көпшілігімізге.
Олардың тұтынушыларға көрсететін қызмет түрлері күн сайын жаңарып, дамып отырады. Пайыздық мөлшері мен қойылатын талаптары да сан қилы. Бірі жалақыны өзінен алатын қызметкерлерге ғана несие беретін болса, кей банктер табысы барына көзі жетсе болды кез келген жанға ақша беруге дайын. Ал шағын несие беретін ұйымдарға табысыңды дәлелдеп әуре болмайсың. Ауданның өзінде «жалақыға дейін 5 минутта ақша» беретін мұндай орталықтың көптігінен көз сүрінеді. Оңай ақшаның пайызы да шарықтап тұратыны айдан анық. Адам жаны қысылғанда оны ойлаушы ма еді? Сәл қиналсақ қарызға жүгіру әдет болған көпшілігімізге.
Рас, кезінде елге пайызға ақша беріп жүргендер қазір заңға өзгертулер енгізілгеннен кейін жеке ЖШС ашып, шағын несие беретін ұйым болып алған. Басым бөлігі көбірек ақша табу үшін заңсыздықтарға да барып жатады. Олар ешкімнің несие тарихына, төлем қабілетіне қарамай қаржы таратумен айналысады. Және пайыздары да Ұлттық банк белгілеп берген мөлшерден әлдеқайда жоғары болып жатады. Соның салдарынан халық көп зардап шегіп жүр.
Бір қуанарлығы қазір елдегі шағын несие беретін ұйымдарға тосқауыл қою мәселесі қаралып жатыр. Жақында онлайн несие рәсімдеу де заңмен шектелуі бек мүмкін. Иә, адамдар қаржысын өзі басқарып, реттей алмаса оны Заңмен жүйелеу керек-ақ. Әйтпесе көрпесіне қарап көсілуді білмейтін кейбіреулердің бір басында 5-6 несиеден бар. Тіпті уақытында қарызын қайтара алмай күйзеліске түскендердің соңы суицидке дейін барып жатқанын құлағымыз естіп жатады. Қалай болғанда да қазақтардың қаржылық сауатын арттыру кезек күттірмейтін күрделі мәселеге айналып отыр.
Жалпы, қаржы жинау, оны үнемдеу мәдениеті – қазақта бұрын болған қасиет. Оның бір ғана мысалы қызының қалың малын жинау үшін қазақ отбасы баланың кішкентай кезінен қамдана бастаған. Мәселен, Ж.Аймауытовтың «Күнікейдің жазығы» романында «Бір тамса да соған тамсын деп, Тұяқ бір шеге қақса да «Илаһи ниет қылдым Күнекейдің қалың малын өтемекке» деп қағып, тапқан-таянғанын тамызықтай төлей берді, төлей берді. Әйтеуір, бере берген соң еңбек қой, малынан құтылуға таяп еді...» деп суреттеледі. Бұрынғылар баласын молдаға оқуға бергенде де оған төлер ақысын алдын ала дайындап қойған. Ал қазір қазақтың бұл қасиеті қайда қалды?
Мәселен, Еуропа елдері мен АҚШ-та қаржыны үнемдеп жұмсауды баланың ес білген сәтінен бастап үйретеді. Арнайы бір мақсатты белгілеп, соған қаржы жинауға баулиды. Ата-аналары бала дүниеге келген сәттен оның балабақшасы, мектебі, қандай оқу орнына түсетіндігін жоспарлап, соған орай қаржы жинай бастайды. Тіпті, баланың туған күнінде туыстары банктен депозит ашып, кішігірім ақша салып, ары қарай сол шотта жинақтауға бағыт береді екен. Сондай-ақ Америкада бала 10 жасынан бастап банк карточкасына ие бола алады. Студенттер үшін қаржы орталығы қызметі жұмыс істейді. Ақшаға қатысты сұрақтарға жауап беретін телефон желілері бар. Яғни, әр адам бала кезінен-ақ ақшамен жұмыс істеуге үйреніп өседі.
Әр күн мен ай сайынғы кіріс-шығысты есептеп, үнемдеп жұмсау – сараңдық емес, қаржылық сауаттылық болып есептеледі. Есесіне бала есейген соң ақшаны жинауды, не мақсатта қалай пайдалануды білетін болады. Қолына көптеу көк қағаз түссе есіріп, автомат ойындарына барып, ұтылып қалмайды.
Бұдан шығатын қорытынды, біздің елде де қаржы сауаттылығына айрықша мән беретін уақыт жетті. Қаржылық қауіпсіздігін қамтамасыз еткен адам кез келген дағдарысқа қарсы тұра алады, жөнсіз несиеге ұрынбай, көрпесіне қарай көсілуге дағдыланады. Еліміз тұрақты дамуы үшін болашаққа деген жоспармен әр адам өз қаржы қорын толықтырып отырғаны дұрыс. Мемлекетімізде қаржы мәдениетін қалыптастыру дамыған елдердің қатарына қосылудың бір алғышарты емес пе? Олай болса, ежелден қанымызда бар осы бір қасиетті қайта жаңғыртатын кез келгендей. Әйтпесе, банктердің табалдырығын тоздырып, бір несиесін жабу үшін екінші несиені алып жүрген дәл қазіргі жағдаймыз қайыршының күйі емей немене?
Г.СӘБИТҚЫЗЫ