ҰЛТТЫҚ ҚАСИЕТТІ ҚАЙТА ЖАҢҒЫРТАТЫН КЕЗ КЕЛДІ
Қарыз, өсімақы дегенге үрейлене қарайтын қазақ уақыт өте өзі де атауынан ат үркетін ұғымдардың тұтқынына айналып бара жатқан секілді. Бүгінде айналамыздағы адамдардың көбі – банкке борышкер.
Қазір қаржыдан қысылған жан ағайыннан қарыз сұрап әбігерге түспейді. Несиенің жалғыз пайдасы осыда болса керек. Әйтеуір тіршіліктің тезі айналып келіп несиеге тіреліп тұрған мына заманда банксіз еңбек өнбейтін болды. Бір адамның басында үш-төрт кредиті бар ағайынды да кездестіру қиын емес. Қолға жалақы тиген бойда банкке жүгіреді. Той жасап, үй салсақ та, тіпті үйге жиһаз жисақ, киім алсақ та несиеге рәсімдеп жатамыз. Бұл тиімді болғанымен, «алмақтың салмағын» айтыңыз.
Қазір қаржыдан қысылған жан ағайыннан қарыз сұрап әбігерге түспейді. Несиенің жалғыз пайдасы осыда болса керек. Әйтеуір тіршіліктің тезі айналып келіп несиеге тіреліп тұрған мына заманда банксіз еңбек өнбейтін болды. Бір адамның басында үш-төрт кредиті бар ағайынды да кездестіру қиын емес. Қолға жалақы тиген бойда банкке жүгіреді. Той жасап, үй салсақ та, тіпті үйге жиһаз жисақ, киім алсақ та несиеге рәсімдеп жатамыз. Бұл тиімді болғанымен, «алмақтың салмағын» айтыңыз.
Біздің қазіргі жағдайымызда қаржыны алдын ала жинамақ түгілі, «ақша керек кезде несие ала саламыз» деген түсінік әбден қалыптасып қалған. Соған орай бүгінде несие беруші екінші деңгейлі банктердің дәурені жүріп-ақ тұр. Олардың тұтынушыларға көрсететін қызмет түрлері күн сайын жаңарып, дамып отырады. Пайыздық мөлшері мен қойылатын талаптары да сан қилы. Бірі жалақыны өзінен алатын қызметкерлерге ғана несие беретін болса, кей банктер табысы барына көзі жетсе болды белгілі бір мөлшерді кез келген жанға ақша беруге дайын. Тіпті ешқайда бармай-ақ телефоннан 1 минутта онлайн несиені ала салатын хәлге жеттік. Алған қаржыны орнымен жұмсап, тұрмысың реттеліп жатса құба-құп. Мәселе тап осы несиенің мақсатсыз болуында.
Жалпы қаржы жинау, оны үнемдеу мәдениеті – қазақта бұрыннан бар қасиет. Оның бір ғана мысалы қызының қалың малын жинау үшін қазақ отбасы баланың кішкентай кезінен қамдана бастаған. Мәселен, Ж.Аймауытовтың «Күнікейдің жазығы» романында «Бір тамса да соған тамсын деп, Тұяқ бір шеге қақса да «Илаһи ниет қылдым Күнекейдің қалың малын өтемекке» деп қағып, тапқан-таянғанын тамызықтай төлей берді, төлей берді. Әйтеуір, бере берген соң еңбек қой, малынан құтылуға таяп еді...» деп суретеледі. Бұрынғылар баласын молдаға оқуға бергенде де оған төлер ақысын алдын ала дайындап қойған.
«Қаржылық сауат» терминін білмесе де бұрынғылардың осындай даналығына қарап таңқалмасқа шара жоқ. Ежелден қанымызда бар осы бір ұлттық қасиетімізді қайта жаңғыртатын кез келгендей. Әйтпесе банктердің табалдырығын тоздырып, бір несиесін жабу үшін екінші несиені алып жүрген дәл қазіргі жағдайымызда қайыршының күйін кешуге аз қалғандаймыз.
Қаржылық қауіпсіздігін қамтамасыз еткен адам кез келген дағдарысқа қарсы тұра алады, жөнсіз несиеге ұрынбай, көрпесіне қарай көсілуге дағдыланады. Еліміз тұрақты дамуы үшін де болашаққа деген жоспармен әр адам өз қаржы қорын толықтырып отырғаны дұрыс. Мемлекетімізде қаржы мәдениетін қалыптастыру дамыған елдердің қатарына қосылудың бір алғышарты емес пе еді?
Гүлхан ЯХИЯЕВА